Ақтөбе металлургтері президент жолдауын қолдайды

30 Маусым 2016, 12:14

Елбасы жолдауы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында дағдарысқа қарамастан, ешқандай қысқарту жоқ. Жалақы да тұрақты. Бұл жөнінде зауыт жұмысшыларымен өткен кездесу барысында айтылды.

Төртінші желтоқсан күні облыстың ақпараттық насихаттық топ мүшелері металлургтермен кездесті. Мақсат - Ел президентінің “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру. Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, жоғарғы оқу орнының ғалымдары қатысты. Кездесу барысында ақпараттық топ мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндірді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақ-орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов жолдауда еңбек адамына ерекше көңіл бөлінгендігін атап өтті. Болашақта ел экономикасының өркендеуінде жұмысшы мамандықтардың ерекше роль атқаратындығын айтты.
-Елбасы әр жылғы жолдауында “Төртеу түгел болса, төбедегіні алады. Алтау ала болса, ауыздағыдан айырылады” деген қазақ мақалын келтіреді. Қазір Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар. Соның бәрі-Елбасының арқасы. Өйткені, халықтың арасында ауызбіршілік болмаса, ешқандай мемлекет өзінің алға қойған мақсатына жете алмайды. Елде бірлік болмағандықтан, бұрынғы Кеңес өкіметінің аумағында, Таяу Азияда, Еуропада, Африка мен Араб елдерінде қақтығыс болып жатыр,-деді ол.
Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева экономикалық дағдарысқа қарамастан, Ақтөбеде халыққа барынша жағдай жасалып отырғандығын атап өтті.

Нәйлә Бөртебаева:
— Бұл Елбасының дағдарыстан шығудың жолын көрсеткен бірден-бір стратегиялық құжаты. Онда әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға, әлеуметтік сала мамандарының еңбекақысы 40 пайызға, мемлекеттік қызметкерлердікі 30 пайызға көбеймек. Президент өз жолдауында 2017 жылдан бастап кәсіби-техникалық білім берудің тегін болатындығын айтты. Қазір экономикалық және заңгерлік мамандықты бітіргендердің көпшілігі біздің мекемеге жұмыс іздеп келеді. Алайда, бұл мамандарға еңбек нарығында сұраныс аз. Сол себепті алдағы уақытта жолдаудың негізінде еңбек адамына деген сұраныстың артатындығына сенімдімін. 

Өз кезегінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары да Елбасы жолдауының маңызы туралы өз пікірлерін де ортаға салды.
— Елбасының биылғы халыққа Жолдауында жаһандық экономикалық қаржы дағдарысына баса назар аударды. Біздер, қарапайым еңбек адамдары бұл дағдарысты өз еңбегіміздің арқасында еңсере алатынымыз анық. Тұрақты жұмысымыз бар, жалақымызды үзбей алып отырмыз. Жұмыс жоспарымыз бұрынғысынша, металл балқытып жатқан жайымыз бар. Тұрақты жұмысымыз болғандықтан, тұрмыстық жағдайымыз да жақсы. Біз металлургтер Президенттің халыққа жолдауын ерекше ықыласпен тыңдап, оның жүзеге асырылуына өзіміздің еңселі еңбегіміз бен үлесімізді қосамыз. Елбасының Жолдауы халықтың игілігі үшін. Сондықтан да Жолдауда айтылған маңызды шараларды жүзеге асыруға міндеттіміз. 

Ал зауытта 34 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан балқытушы Болатбек Еламанов Жолдауда еңбек адамына ерекше көңіл бөлінетіндігін қуанышпен атап өтті.
Қазір балқыту цехының 7 разрядты балқытушысы болып жұмыс істеймін. Қарапайым қатардағы жұмысшыдан бригадир қызметіне дейін көтерілдім. Жыл сайынғы Елбасы жолдауын тыңдап, еңбек адамына ерекше екпін берілгенін қуана қабылдадым. Онда 2017 жылдан бастап мектеп бітіруші түлектерге кәсіби-техникалық білім беру тегін болатындығы айтылған. Бұл зауыттың дарынды жас мамандармен толығуына жағдай жасалады деген сөз.Елде дағдарыс болғанына қарамастан, зауытта жұмыс орны қысқартылған жоқ,-дейді ол.

Ел президентің Жолдауын қуанышпен қабылдағандардың арасында 23-жастағы зауыт қызметкері Ардақ Сәттібаева да бар.

— Елбасы жолдауын ұжым болып тыңдадық. Онда жастарға қолдау болатындығы, дағдарысқа қарамастан қиындықты еңсеретіндігімізді жеткізді. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жас-тары атынан Елбасы жолдауын қолдаймыз. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындасақ, әлемдік экономикалық дағдарыстан еш қиналмай өтетіндігімізге сенімдімін. Соның арқасында дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылатындығымыз анық. Ақтөбе қаласының жастарын Президент жолдауын бірауыздан қолдауға шақырамын,-дейді жас маман.

Зауыт басшылығының айтуынша, бүгінде кәсіпорында 4 200 металлург жұмыс істейді. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, өндіріс көлемі еш азайған жоқ. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жыл сайын қызметкерлерге әр түрлі әлеуметтік көмек көрсету үшін 60 миллион теңге қаржы бөлінеді.

Бөлісу: