Ақтөбе облысының әкімі аймақтық ҚХА жұмысымен танысты

28 Сәуір 2019, 00:00 2419

Ақтөбе облысының әкімі Ондасын Оразалин аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысымен танысты.

Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов аймақ басшысына облыста өмір сүретін əр ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын қосып, бір шаңырақтың астына жиған «Қоғамдық келісім» КММ-нің тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарын көрсетті.

Əкімнің Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясын аралаудағы басты мақсаты - облыстағы этномəдени бірлестіктердің, Қоғамдық Кеңес пен ҚХА жанындағы Аналар Кеңесінің жағдайымен танысу болды.

Кездесу барысында Оңдасын Оразалин əр этнос өкілдерінің ұлттық жəдігерлері сақталған мұражайды аралады. ҚХА ғимаратының көрермендер жəне ауқымды мəселелерді талқылайтын мəжіліс залымен танысып, этномəдени бірлестіктердің төрағаларымен жəне ҚХА жанындағы Аналар Кеңесінің мүшелерімен жүздесті.

Сондай-ақ, өңір басшысы ҚХА жанындағы Аналар Кеңесі мен  «Ақжелкен» аула клубының ұйымдастыруымен өткізілген «Ою-өрнек - өмірім» атты шеберлік сағатын тамашалады. Тігіншілердің жетекшісі Айнагүл Қадырғалиқызы аналардың өз қолдарымен дайындаған əдемі оюмен тігілген құрақ көрпелерін облыс əкіміне таныстырып өтті.
Сонымен қатар өңір басшысы «Қоғамдық келісім» КММ-нің барлық қызметкерлері мен ҚХА жанындағы Аналар Кеңесін жəне ЭМБ өкілдерін алда келе жатқан 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.

Бөлісу: