19 Мамыр 2015, 06:36
Америка Құрама штаттары үшін ғылым негізгі мемлекеттік салалардың бірі. Бүгінгі таңда бұл мемлекет Нобель сыйлығының иегерлері саны жөнінен әлем бойынша бірінші орынға ие. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, АҚШ азаматтарына 331 Нобель сыйлығы берілген. 2007 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға әлем бойынша 962 млрд. АҚШ доллары жұмсалса, соның 1/3 бөлігі Америка Құрама Штаттарына тиесілі. Аталмыш тізімде екінші орында тұратын Жапония мемлекеті мен АҚШ-ты қоса алсақ, ғылымға жұмсалған әлемдік қаржының 50% осы екі елдің үлесіне тиеді. 2011 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ ҒЗТКЖ-ға 405,3 млрд. доллар жұмсаған. Бұл ЖІӨ-нің 2,7%-на тең.
1960-1970 жылдардан кейін АҚШ-тағы инновациялық үдеріс бірнеше кезеңдерден өтті. 1970-жылдардың ортасында инновациялық білім алуға деген қызығушылық өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл «ғарыш және қарусыздану дәуірімен» байланысты болды. Бір жағынан «Қырғи-қабақ» соғыстың қарқыны бәсеңдеп, үшінші дүниежүзілік соғыстың болу қаупі азайып жатса, екінші жағынан адамзат тарихы шексіз ғылыми-техникалық прогресс ретінде қарастырыла бастады. АҚШ-тың Вьетнам соғысында жеңілуі де ғылыми-техникалық үдерістің жылдамтаса түсуіне өз ықпалын тигізді. Өйткені инновациялық дамуды көп жағдайда либералды ғылыми қауымдастық қолдады және бұлар соғыс жүргізуге қарсы болды. 1970 жылдардан кейін ықпалы Вьетнам соғысынан кейін күшейіп, инновациялық даму мемлекеттік басым салаларының біріне айналды.
1980 жылдардың соңында жағдай мүлдем өзгерді. Бұл «оңшылдар» мен «неоконсерваторлардың» дәуірі болып, либералдар мен университеттік интеллектуалдар «оңшыл саясаткерлер» мен «ірі бизнестің» қысымының астында қалды. Осылайша, егер де 1970 жылдар Американың «демократиялық социализм» бағытында дамуына үміт артқан жылдар болса, 1980 жылдар сол үміттердің сөну жылдары атанды. Дәл осы уақытта америкалық экономиканың әскерилену үдерісі жүрді. Пентагон ҒЗТКЖ саласын өзінің қарамағына алып, «инновациялық ойлаудың гүлденуі» АҚШ қорғаныс ұйымының құпия зертханаларымен және бірден көбейіп кеткен әскери корпорациялармен шектелді.
1990 жылдары билікке Клинтон-Гор әкімшілігінің келуімен инновациялық білімге байланысты көзқарас қайта жанданып, ғылыми-техникалық зерттеулердің оң нәтижелерін пайдаланып отырған американдық экономика жаңа қарқынмен дами бастады.
1990 жылдардың соңы Клинтон әкімшілігінің саяси тоқырауы мен билікке екінші Джордж Буш жетекшілігіндегі «мұнай олигархтарының» келуіне байланысты ғылым саласының жағдайы тағы да төмендей бастады. Осы себепті ХХІ ғасырдың басында академия мен индустрияның екіге бөліну үдерісі күшейе түсті. Алайда нано және биотехнологияға деген аса жоғары қызығушылық осы бөліністің орнын басқандай болды.
Осылайша, АҚШ-тағы инновациялық үдеріс күрделі және циклдық үдеріс сипатында жүзеге асты. Инновацияға деген қызығушылық қоғамдағы «инновациялық климатпен» тікелей байланысқа түсті, яғни ғылыми-инновациялық даму елдегі екіпартиялық жүйенің негізінде жүзеге асатын саяси өзгерістерге тәуелді болды. Билікке «солшыл» және либералдық бағыттағы демократиялық әкімшіліктің келуі интеллектуалдық және академиялық ортада жақсы қабылданып, жанама түрде «ірі бизнес» пен академияның әріптестігін дамытып, инновациялық үдерістерді ынталандырды.
Жалпы алғанда, инновациялық дүмпуге елдегі саяси өзгерістер тұрақты түрде әсер етіп отырғанымен, АҚШ-тағы ғылым жүйесі тұрақты дамып отырды. ҒЗТКЖ саласына бөлінетін қаржы азайып жатқанның өзінде, бұл көрсеткіш бойынша аталмыш мемлекет әлем бойынша ғылымға ең көп қаржы жұмсайтын мемлекет болып қала берді.
АҚШ-тың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты экономикасының үш секторын бөліп көрсетуге болады: академиялық ғылым (АҚШ-та университет қабырғасында жүргізілетін зерттеулер осылай аталады), мемлекеттік ғылыми-зерттеу зертханалары және жеке бизнес.
Жаратылыс ғылымдары мен гуманитарлық зерттеулерден тұратын іргелі зерттеулер басым жағдайларда университет қабырғаларында (зерттеулердің 55%) және мемлекеттік зертханаларда (40%) жүзеге асырылса, қолданбалы зерттеулер мен конструкторлық әзірлемелер негізінен жеке бизнес зертханаларында іске асты.
Ғылымға жұмсалатын қаржының 30% федералды бюджеттен бөлінсе, 1% – штаттар мен жергілікті билік органдары бюджетінен, 6% – университеттің өз қаржысы есебінен және 63% өндіріс пен бизнестің инвестициясы.
Қаржының жұмсалуын сараптайтын болсақ, келесідей көріністі байқауға болады: ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын қаржының 68% жеке секторда игерілсе, 14% – университетте, 13% – мемлекеттік ғылыми зертханаларда, 5% – пайдаға негізделмеген түрлі ғылым ұйымдарында үлестіріледі.
Қаржы көзінің құрылымы мен оның жұмсалу құрылымы арасындағы сәйкессіздікті федералды бюджеттің ҒЗТКЖ мақсаттарына бөлген қаражаттарының бір бөлігі академиялық секторға, соның ішінде мемлекеттік емес университеттер мен пайда табуға негізделмеген ғылыми ұйымдар мен жеке бизнес зертханаларына бағытталуымен түсіндіруге болады.
2000-2003 жылдары аралығында ҒЗТКЖ-ға федералдық бюджеттен бөлінетін қаражат 66 млрд. доллардан 85 млрд. долларға дейін өсіп, федералды үкіметтің үлесі 25%-тен 30%-ға көтерілді. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын федералды бюджеттің негізгі бөлігі алдыңғы қатарлы министрліктер мен мекемелер арасында бөлініске түседі: қорғаныс министрлігі (бөлінетін қаржының 45%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі (31,5%), НАСА (10,6%), энергетика министрлігі (9,4%), Ұлттық ғылым қоры (3,5%). Бұл мекемелер өз кезегінде ҒЗТКЖ-ға тапсырысты мемлекеттер институттар мен зертханаларға да, университеттерге де бере алады. Атап өтетін жайт, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жылдам коммерциялық табыс әкелмейтін және қоғамдық мүддеге қызмет атқаратын бағытын тек федералды бюджет өз мойнына алады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру және жүзеге асыруда жеке бизнестің рөлі маңызды болса да, елдегі іргелі ғылымдарды қамтамасыз ету мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың орындалуына федералды үкімет жауапты. Ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы мемлекеттік анықтаушы шешуші рөлі заң шығарушы және атқарушы биліктің бірқатар құжаттарында нақты жазылған. Мәселен, 2006 жылы АҚШ-тың федералдық бюджетіне арналған сараптамалық жазбада: «Зерттеулер мен әзірлемелер ұлттың экономикалық бәсекеге қабілеттілігін қолдауда өте маңызды болып табылады, олар денсаулық сақтау, қорғаныс, энергетика және қоршаған орта салаларындағы қауіптер мен проблемаларды шешуге мүмкіндік береді» делінген.
АҚШ-тағы мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың негізгі қағидаттары 1976 жылғы «Ғылыми-техникалық саясат, ұйымдар және басымдықтар туралы» Федералды заңында және осы заңға қосымша болып саналатын «Ұлттық технологиялық жаңалықтар туралы» 1996 жылғы Стивенсон-Вайдлер заңында, сондай-ақ ҒЗТКЖ жүзеге асыруын реттейтін өзге де заңнамалық актілерде анықталған. Олардың ішіндегі ең негізгілері:
– ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыруды қажет ететін мемлекеттік маңызды мәселелерді анықтау;
– мемлекеттік маңызды бағдарламаларды іске асыру үшін ғылыми-техникалық және қаржылық ресурстарды жұмылдыру;
– ғылыми-техникалық зерттеулерді ұйымдастыру және басқару бойынша мемлекеттік стратегияны әзірлеу;
– ғылым саласындағы саясат пен мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын ғылыми-техникалық бағдарламаларды міндетті және жүйелік бағалау.
Федералды деңгейде мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты құру және оны жүзеге асыруға АҚШ Конгресі екі палатасының да ғылым және техника жөніндегі комитеті, Президент әкімшілігінің ғылыми-техникалық саясат жөніндегі басқармасы, АҚШ Конгресі Кітапханасының құрамасындағы Конгресстің зерттеу қызметі жауапты. Университеттердегі, пайдаға негізделмеген зерттеу орталықтарындағы және шағын бизнестегі іргелі ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыратын мемлекеттік Ұлттық ғылым қоры да маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік ғылым саясатын әзірлеуде үкіметтік емес ұйымдардың өз орны бар. Мұндай ұйымдарға Ұлттық ғылым Академиясы (ғалымдар қауымдастығы), Ұлттық зерттеу кеңесі, Америкалық ғылымды дамыту ассоциациясы, пайда табуды көздемейтін бірқатар корпорациялар (мысалы, Брукинг институты, «Мұра» қоры және т.б.) жатады.
Мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асырудың негізгі құралы – мемлекеттік бюджет. 2009 жылы АҚШ федералды бюджетінен ҒЗТКЖ-ға бөлінген қаржы 165 млрд. долларға жетті, соның ішінде 41,3 млрд. доллар – іргелі зерттеулерге; 30,7 млрд. доллар – қолданбалы зерттеулерге; 85,3 млрд. доллар – тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға. Б.Обама әкімшілігі федералдық ғылыми мекемелерді бюджеттік қаржыландыруды екі еселеп, зерттеулер мен тәжірибелерге жаңа салықтық жеңілдіктер жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Обама DARPA (Қорғаныс министрлігінің перспективалық зерттеулер мен әзірлемелер басқармасы) үлгісінде энергетика саласындағы перспективалық зерттеулер басқармасын (APRA-E) құратынын жариялады. Азаматтық ғылымға бөлінетін қосымша бюджеттік қаражат 43 млрд. долларды құраса, салықтық жеңілдіктер 75 млрд. долларға тең.
АҚШ-та ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлі тек қаржы бөлумен шектелмейді. Мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың өзге де аспектілері мемлекеттің назарында.
Ғылыми-техникалық кадрларды даярлау да өте өзекті болып табылады. 2000-2010 жылдары АҚШ-тағы ғылым және инженерлік кәсіп саласындағы жұмыс істейтіндердің саны күрт артып, оның негізгі бөлігін информатика және компьютерлік технология мамандары құрады. Алайда ғылыми-техникалық кадрларды даярлаудағы кейбір тенденциялар АҚШ сарапшыларының алаңдатып отыр. Конгресс зерттеу қызметінің мәлімдеуінше, техникалық жоғары оқу орындарының түлектері өте жоғары болғанына (барлық бітірушілердің 33%) қарамастан, физика, математика, компьютерлік және инженерлік ғылымдар саласындағы бітірушілердің саны өзгеріссіз қалып отыр. Тек медикобиологиялық салада бітіруші санының тұрақты өсуі байқалады.
Назар аударатын өзге бір нәрсе – ғылыми-техникалық кадрлардың демографиялық және этникалық құрамы. Америкадағы әйелдер мен этникалық аз топтардың (афроамерикалықтар, испантілді америкалықтар және америкалық үндістер) жалпы халық санындағы үлесі үлкен болғанымен, ғылыми-техникалық саладағы үлесі өте төмен болып отыр.
Аталмыш мәселелер бірнеше рет АҚШ Конгресі назарында болды. Нақтырақ айтқанда, 2005 жылға арналған Бюджетте ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды болып саналатын ғылыми-техникалық салалардағы бакалаврларды қаржылық қолдау бағдарламасы құрылып, этникалық аз топтардың жоғары білім алуы үшін қаржылық қолдау шаралары бекітілді.
Келесі бір өзекті мәселе – америкалық жоғары оқу орындарындағы күннен-күнге ұлғайып келе жатқан шетел студенттері, аспиранттары және ғалымдары. Бірқатар университеттерде ғылыми-техникалық жұмыстармен айналысатын шетелдік аспиранттардың жалпы аспиранттардан үлесі 40-50% жетеді. Жалпы алғанда, мұндай жағдай америкалық сарапшылар тарапынан оң бағаланып, оның елдегі білім, ғылым және экономикаға пайдасы мойындалған.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін химия және биология саласындағы шетелдік студенттер мен ғалымдарға деген үрей күшейді. 2004-2005 жылдардағы Конгресс отырысында заң шығарушылар шетелдік студенттерге визалық тәртіп мәселесін қайта-қайта көтерді. Алайда студенттерге қатысты визалық тәртіп керісінше оңайлатылды. Мәселен, 2005 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті шетелдік студенттерге визалық тәртіпті жеңілдетті.
АҚШ-тағы зерттеулердің басым бөлігі жоғары оқу орындарына келеді. Университетте жүзеге асырылатын зерттеулердің барлығы екіге бөлінеді: демеушілер көмегімен жасалатын (sponsored) және университеттің өз күшімен жасайтын (university and departamental) зерттеулері.
Егер де зерттеулерді жүргізуге қажетті қаржы федералды мекеме, штаттардың басқару органдары, жеке бизнес, қорлар секілді сыртқы ұйымдардан бөлінетін болса мұндай зерттеулер демеушілік болып саналады. Мұндай жағдайда бөлінген қаражат зерттеу үдерісінің кез келген элементіне жұмсалуы мүмкін: зерттеушілер еңбекақысы, құрал-жабдықтар базасы мен инфрақұрылым, кітапхана және мәліметтер базасын жасау, ғылыми кітаптар мен журналдарды даярлау мен жариялау және т.б.
Университеттік зерттеулерге университет басқаратын қаржы көздерінен жүзеге асырылатын зерттеулер жатады. Аталмыш қаржы көздеріне университеттің қарамағындағы эндаументтерден, бағалы қағаздардан, роялти бойынша лицензиялардан, жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табыстар, университетке сый ретінде берілетін қаражаттар жатады. Зерттеу жобаларының бағыты мен сипаты университеттің өзімен, сондай-ақ, түрлі департаменттер арасындағы және зерттеушілер тобының арасындағы бәсеке негізінде анықталады.
Эндаумент – университетке инвестиция ретінде берілетін қаржылық және мүліктік қаражаттар. Университет бұл инвестициядан түскен табысты ғана өз қажеттіліктеріне жұмсай алады. Ал эндаументтің негізгі бөлігі өзгеріссіз сақталуы тиіс. Қайырымдылық қорының синонимі.
2006 жылы АҚШ-тың барлық университетттері 48 млрд. долларға зерттеу жұмыстарын жүргізсе, соның 9,1 млрд. доллары «университеттің өз күшімен жасаған» зерттеулеріне тиесілі болып, зерттеулердің басым бөлігі демеушілік категорияға (80%) жатты. Қаражаттың негізгі бөлігі іргелі зерттеулерге (75%) 22% қолданбалы зерттеулерге және тек 4% тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге жұмсалды.
Зерттеу келісімдерін қарастыратын болсақ, АҚШ заңнамасы зерттеу саласындағы тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы келісімнің 3 түрін қарастырады: грант, келісім-шарт, кооперативтік келісім.
Грант – федералды үкімет, штаттар немесе муниципалитет бюджетінен, қайырымдылық ұйымдар мен қорлардан қаражаттардың университетке қайтарымсыз түрде берілуі. Грант келісімдерін жүзеге асыруға пайда табуды көздемейтін ұйымдар ғана үміттене алады. Зерттеулерді жүргізу барысында мемлекетке, штатқа және жалпы қоғамға құнды болып табылатын нәтижелерге қол жеткізілу қажет.
Келісім-шарт – жүзеге асырылған еңбектен түсетін табыс тапсырыс берушіге тиесілі болатын, қаржыландырушы тарап пен жұмысты орындаушы жақ арасындағы келісім. Келісім-шарттар қолданбалы және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру кезінде қолданылып, алынған өнім патентпен немесе интеллектуалдық меншікті қорғаудың өзге де амал-тәсілдерімен қорғалады.
Кооперативтік келісімдер қаржыландырудың бірнеше тараптары бір мақсатты көздегенде, яғни қоғамдық маңызды нәтижеге қол жеткізу, грант ретінде қолданылады.
АҚШ-тағы ғылым жүйесінің тағы бір ерекшелігі инженер мамандарды даярлауда. 1980 жылдардың соңында бұл елде инженерлік мамандықтардың мәртебесі төмендеп, экономика үшін қажетті техникалық маман иелерінің саны азайды, орта мектеп бітірушілерінің арасынан инженерлік бағдарламаларды таңдайтындардың саны күрт қысқарды. Мектептердегі жас буын бизнес пен құқықтануды көбірек таңдады. Мемлекеттегі ғылыми-техникалық кешеннің үлкен қарқынмен дамуына қауіп төнді, өйткені нақ осы инженерлік сала жаңа техника, қызметтер, технологиялар секілді инновациялық өнімдердің шығарылуымен байланысты еді. Дәл осы мәселе Қазақстанның бүгінгі жағдайындағы басты мәселесі болып отыр. Біздің де еліміздегі мектеп бітірушілер техникалық, соның ішінде инженерлік мамандықтарға барғысы келмей, дипломат, заңгер, қаржыгер болғылары келеді.
Билікке кіші Буш әкімшілігі келген кезде инженерлік саладағы жағдай салыстырмалы түрде нашар болды. Жапония мен Қытай инженер мамандарын даярлау көрсеткіші бойынша АҚШ-қа жете бастады. Ал жаңа техникалық идеялардың өсу қарқыны бойынша АҚШ Оңтүстік Корея, Тайвань секілді елдерде қала бастады. Сол себепті жаңа әкімшілік инженерлік-техникалық мамандарды даярлауды ұлттық басымдық ретінде жариялап, бірте-бірте осы мәселені шеше бастады. 2006 жылға қарай жағдай тураланып, инженерлік мамандықтың бакалавриатын бітірушілер саны 2000 жылмен салыстырғанда 20%-ға артса, ғылым докторы атағы 40%-ға көбірек берілді, алайда магистр бітірушілер саны өзгеріссіз қалды. АҚШ ғылым жүйесіне оң әсерін тигізіп отырған факторлардың бір салықтық жеңілдіктер. Салықтық шығындар деп аталатын бұл жеңілдіктер 5 жылға дейін созылып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізетін корпорацияларға қолданылады. Аталмыш жеңілдік тек АҚШ территориясында жүргізілетін ҒЗТКЖ-ға ғана жүреді. Мұндай салықтық шығындар корпорациялардың ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізулерін ынталандырады.
1. List of Nobel laureates by country // Official website of the free encyclopedia «Wikipedia». www.en.wikipedia.org.
2. Main Science and Technology Indicators / American Association for the Advancement of Science and the OECD. 2008.
3. Исследовательские университеты США: механизм интеграции науки и образонаия. Под ред. проф. В.Б.Супяна. – М.: 2009. – С.74.
4. National Patterns of Research and Developments Resources // Official website of the National Science Foundation. www.nsf.gov.
5. U.S. Budget. Fiscal year 2006. Analytical Perspectives . – Washington, 2005. – P.61.
6. Federal Research and Development Funding: 2010. Congressional Research Service. - Washington, 2009, – Р.10.
7. Рогов С.М. Россия должна стать научной сверхдержавой. Невостребованность науки как угроза национальной безопасности. // Официальный сайт Института США и Канады Российской Академии наук. www.iskran.ru.
8. Statistical Abstract of the United States. - Washington, 2006. – P.141.
9. Science and Technology Policy: Issues for the 109th Congress. –Washington, 2005. – P. 5-8.
10. Gibbons M. Engineering by the Numbers // Official website of American society for Engineering and Education. www.asee.org/colleges.
11. Дежина И. Поддержка фундаментальной науки в США: уроки для России // Tроицкий вариант. – 2011. № 25. – С.6.
Дархан Өмірбек