АҚШ қазақтары Наурызды қалай тойлайды?

22 Наурыз 2021, 19:42 5208

Мұхиттың арғы бетіндегі қазақтардың ұлттық мерекеге деген құрметі қандай?

Алыс-жақын шет мемлекеттерде тұратын қазақтар да бүгін наурыз мерекесін тойлауда. Ұлыстың ұлы күніне арналған шараның бірі АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтіп жатыр. Мұндағы қазақ диаспорасы ашық аспан астында жиналып, жеті түрлі тағамнан әзірленетін наурыз көжеден дәм татты. Мұхиттың ар жағында Америка құрлығында қоныстанған отандастарымыз әз наурыз мейрамын қалай қарсы алатындығы туралы сөз қозғамақпыз.


Шырайлы Шымкент қаласының тумасы Жұлдыз Исмаилова соңғы екі жылдан бері АҚШ-тың Филадельфия қаласында тұрып жатыр. Мұнда ол ел көріп, жер тану мақсатында саяхаттап келген. Әлем елдеріне саяхаттағанды ұнататын отандасымыз 2 ай ішінде АҚШ-ты толық аралау мүмкін еместігін айтады. Жергілікті халықтың мәдениетін зерделеп, өмір салтымен жақынырақ танысу үшін осы қалаға тұрақтапты.

– Мінеки, биыл мамыр айында Америкаға келгеніме екі жыл болады. Елімізден жырақта жүргенде Отанға деген сағыныш сезімі кернейді. Мұндай жайт шетте тұратын кез келген адамның бойында болатыны рас. Былтыр күллі әлемге таралған індетке байланысты әз наурыз мейрамын тойлаған жоқпыз. Осы жылы мұнда 150 адамға дейін жиналып, ашық аспан астында мерекені атап өтуге рұқсат берді.


Жұлдыз мерекені ұйымдастырушылардың бірі. Диаспора құрамындағы қазақтардың басын қосып, ұлыстың ұлы күніне арналған шараға ұйытқы болды.

– Биыл алғаш рет мерекені АҚШ-та атап өтіп жатырмын. Мерекелік шараны осы қаладағы саябақтардың бірінде ұйымдастырдық. Мұнда қазақтың бас тағамы бешбармақ әзірлеп, шелпек, бауырсақ дайындадық. Сондай-ақ ұлыстың ұлы күні қазақтың дастарханы наурыз көже, жент, тарысыз болмайды ғой. Бір ерекше атап өтерлігі, осы жерге келгенде қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, әнін естіп, биін көріп, өзімізді үйдегідей сезінгендей болдық.


Бұдан кейін қазақ диаспорасы өзге ұлт өкілдеріне тұсаукесер, асық ату, арқан тарту сынды қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінен көрініс қойып, мерекенін сәнін келтірген.

Отандасымыздың айтуынша қазіргі кезде коронавирусқа қатысты жағдай сәл тұрақталған. Десе де, қоғамдық орындарда, көшелерде екі метр ара қашықтықты сақтап жүруге болады.


– Бұл жақтың өмірі – өте қызық. Мұнда тұратындардың басым көпшілігі иммигранттар ғой. Олар жұмыстан тыс уақыттарын барынша қызықты әрі пайдалы өткізуге тырысады. Бізде осы наурыз мейрамында барлығына көтеріңкі көңіл-күй мен жақсы демалыс сыйладық деген ойдамыз. Алдағы уақытта осында келем деушілерге ағылшын тілін үйреніп келуге кеңес берер едім. Адамдармен тілдескенде, жұмысқа орналасқанда көп пайдасын тигізеді, - деп сөзін түйіндеді Жұлдыз Исмаилова.

Ал Тараз қаласының тумасы Анар Абдыманап Америкада соңғы сегіз жылдан бері тұрып жатыр. Ол да өзгелер сынды турист болып келгенін айтады.

– Әрине, барлық иммигранттар сияқты мен де «диірменнің» түрлі этаптарынан өттім. Алғашында бала тәрбиешісі болып жұмыс істедім. Кейін адвокаттық мекемеде көмекші қызметін атқардым. Наурызды алғаш рет 2014-2015 жылдары өзіміздің Орта Азиядан шыққан таныс-тамырларымызбен ортақ ұйымдастырған мерекеде атап өтетінбіз. Олар арнайы Өзбекстаннан болмаса Тәжікстаннан әнші, бишілер шақыртып, көпке ортақ мереке етіп тойлайтын. Ал 2016 жылы дәл наурызда емес, сәуір айында осы Нью-Йорктің елшілігінің және осындағы жас белсенділердің ұйымдастыруымен тамаша наурыз мерекесі өткен болатын. Бұған арнайы Қыдырәлі мен Қарақат, «Ұлытау» тобы келген. Осындағы үлкен-кіші қазақтардың басы бірігіп, әдемі бір той болып өтті, - дейді Анар Абдыманап.


Иә, расымен де әз наурыз жергілікті халықтардың басын қосатын бірегей шара. Ырыс пен ынтымақ әкелетін, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлық мейрамға орай түрлі шаралар өтіп тұрады.

– Одан бөлек, әр штаттың өз белсенділері кішігірім кеш сияқты ұйымдастырып жүргендерін түрлі қазақтардың чаттарында, фейсбуктегі топтарда жарнамаларын көріп тұрамын. Мысалы, биыл 23 наурыз күні «Kaz Community USA» деген жастар ұйымы жастарға арналған заманауи Наурыз ұйымдастырып жатыр.

Мұндағы қазақ жастары ерекше ауызбірлік танытып, мейрамға жан-жақты дайындалады.

– Мен әжесінің тәрбиесінде өскен қазақ қызы болғандықтан ұлттық салт-дәстүрімізді, тағамдарымызды, тілімізді барынша сақтауға және оны балаларыма сіңіруге шамам келгенше тырысамын. Жыл сайын Наурызға міндетті түрде бір кесек сүр етімді асып, түрлі дәнді-дақылымды қосып, Наурыз көжемді әзірлеймін. Бауырсағымды пісіріп, жыл сайын ұжымыма “Өзімше” наурыз жасап беретінмін. Өкінішке орай биыл карантинге байланысты ол ұжымдық наурызым болмайын деп тұр. Әйтсе де наурыз көжемді дайындап, осындағы көршілеріме дәм татырмақшымын.


Қазіргі кезде отандасымыз Анар Абдыманап Пенсильвания штатында тұрады. Коронавирус індетіне байланысты көшелерде бетперде тағып, барлық сақтық шараларын сақтанып жүретіндігін айтады.

– Кафе-мейрамханалардың барлығы жұмыс істеп тұр. Әлбетте оған келетін адам саны шектеулі. Біраз уақытқа дейін Нью-Йорк штатының айналасында өте қиын локдаун болды. Ал бізде оған қарағанда жағдай жақсы деп айтуға болады. Дегенмен жоғары оқу орындары мен мектептер, мемлекеттік мекемелер әлі де онлайн түрде қызметтерін жалғастырып жатыр.

Отандасымыз елден жырақта жүргенімен барлық салт-дәстүрлерді ұстанатынын тілге тиек етті.

– Ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-жоралғыларды дұрыс ұстануға тырысамын. Америкада дүниеге келген кіші ұлыма азан шақырып ат қойдық. Одан бөлек қырқынан шығару, бесікке салу сынды дәстүрлерді өзіміздің әдет-ғұрпымызға сай етіп жасадық. Кейін бір жасқа толған кезде осындағы 30 шақты адамның басын қосып, тұсаукесер тойын өткізген болатынмыз. Ал балам үшке толғанда елге барып, арнайы сүндетке отырғызып келдім. Байқағаныңыздай, елден жырақта жүрсем де, әжесі тәрбиелеген қыз ретінде барлық салт-дәстүрлерді ұстанғым келеді. Сонымен қоса, үйіміздегі ең бірінші қағида ол міндетті түрде бәріміздің қазақша сөйлеуіміз, - дейді Анар Абдыманап.

(Кей суреттер сұхбат берушілердің жеке мұрағатынан алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: