26 Тамыз 2014, 03:05
Ақсерек пен көксерек – қазақ балаларының дәстүрлі ұлттық ойынының атауы. Әр кезеңде, әр өлкеде түрліше аталғанымен ойналу реті бірдей (толығырақ қ. Айгөлек). Қазақ өлкесін зерттеу Орынборлық қоғамының еңбектерінің бірінде (1921 ж.) Орал облысы Темір болысының тұрғыны Дәулетияр Имашев «Мылқау тотай» деген ойын туралы айтады. Оны жылдың жылы мезгілінде ауылды жерде, 6-15 жас аралығындағы балалар жиналып ойнайды. Ойыншылар саны 6 адамнан кем болмауы керек және ойыншылар санының жұп болғаны абзал. Ойын мынадай кіріспемен басталады: ойынға қатысушылардың арасынан бойлары сұңғақ екі ойын басшысын таңдап алады. Ортаға шыққан ол екеуі таяқ ұстасып сайысу арқылы қай жеңгені бірінші болып өзіне ойыншы әріптес таңдайды. Осылай екі топ жасақталады да, әр топ бір- бірінен алысырақ (шамамен 10-15 қадам, кейбір деректерде 20 қадам) барып, қатарласып қол ұстасып тұрады. Әлгі ойынды бастайтын топтың басшысы: «Мылқау тотай, бізден сізге кім керек?» деп айтады. Сол кезде қарама-қарсы тұрған топ басшысы өздеріне керекті қарсыластарының арасынан біреуінің атын атайды. Аты аталған ойыншы, бар пәрменімен жүгіріп қол ұстасып қатар тұрған қарсы топтың екі ойыншысының ұстасып тұрған қолын үзіп өте шығуға әрекет етеді. Ал қарсылыстары қолдарын мықты ұстап, үздірмеуге тырысады. Егер жүгіріп келген адам қарсыластарының қолдарын үзіп кетсе сол топтан, бас- шысынан басқа бір ойыншыны өзімен бірге алып кетеді. Қол ұстасып тұрған қатарды үзіп өте алмай қалса, онда сол топта өзі қалып қояды.
Ақсерек пен көксерек ойыны.
Реконструкция. Суретші Ж.Шәйкен
Содан кейін екінші топқа кезек келеді, басшысы (кейбір деректерде әріптестері қосылып топпен) айқайлап: «Мылқау тотай, бізден сізге кім керек?» деп дауыстап сұрайды. Олар қарсы жақтың біреуінің атын атап шақырады. Реті болса, жасы кішкене, әлсіз ойыншыны шақырып, өздерін ұтып алып, тобын көбейтуге тырысады. Осы тәсілмен ойын, бір топтың адамдары бітіп қалғанша жалғастырыла береді. Жеңген топ, жеңілген топты келемеждеп, әр түрлі сөздер айтып мазақтайды. Болмаса жеңілген топ ойыншылары, жеңген топ ойыншыларын арқаларына салып, белгілі бір межеге дейін апару сияқты айыптарды орындайды. Аталған ойын барлық ұлыстарда қолданылады.
Ақсерек-көксерек ойынының жаңартылып, байытылған нұсқалары көп және оның бірі айгөлек, ай керек деп аталатын ойында жарысушы екі тарап ойынға қатысуды шақыруды топтасып тұрған қарсы жақ өлеңмен хормен айқайлап айтып жеткізеді.
Ақ серек пен көк серек!
Тауып алдым бәйтерек!
Жалындаған күн керек!
Жалпы достан кім керек?
Анау тұрған ұл керек!
Оның аты – Еркебек,
Келсін бізге ертерек! – деп, өлеңдетіп қарсы жақтың бір ойыншысының атын атап шақырады (толығырақ қ. Айгөлек).
Әдеб.: Мелков Н. Игры киргизов // ТООИКК. Вып.І. Оренбург, 1921. №167;
Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Рауан, 1991.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»