АҢСАУ

27 Тамыз 2014, 03:13

АҢСАУ

1929-1933 жылдары Совет одағының Сталиндік саясаты ауыл шаруашылығын ұжымдастыру керек деген сылтаумен қазақтардың қолдарында бар төрт түлік малын күштеп тартып алды. Жалғыз мал шаруашылығына арқа сүйеп тіршілік етіп жүрген қазақтарды осы əдейі жасалған дөрекі əдіспен аштыққа ұшыратты. Соның кесірінен қазақ даласында үш миллионға жуық адам аштықтан қаза тапты, миллионға жуық қазақ шет елдерге қоныс аударуға мəжбүр болды. Сол зұлмат саясаттың сойқанды ізі, зардабы əлі күнге сезіліп келеді. Қазіргі тəуелсіз Қазақстан Республикасында жергілікті ұлт өкілдерінің саны 40-50 миллион адам орнына бар-жоғы он миллионнан əзер асты. Сол жылдары бір топ қазақтар Түрікменстан арқылы Каспий жағалауларынан өтіп, иран жеріне алғаш қадам басқан аймағы «мазандаран» провинциясы деп аталатын. Жылдар өткен соң қазақтар негізінен аталған провинцияның Горган, Бəндəр Түрікмен жəне Гомбəд-е Кауыс атты үш қаласының шеткері жағынан жергілікті тұрғындардан оқшау өздері тұратын «қазақ маһалле» аталатын ауылдарда тұра бастады. Ол ауылдар да уақыт өте аталған қалалармен біте қайнасып, шаһар аумағына қосылып кетті. Үш қаланың өзіндік сыр-сипаты бар.

...Сол ауылдардағы қариялар мен үлкен ағалар, аналар мен апалар Ұлбике əжені ерекше сыйлайтын. Сондықтан, жасы кішілер мен сəбилер де соларға қарап, Ұлбике əжені сыйлап өсті. Қазақта кішілер үлкен кісілерден көргендерін өнеге тұтатын бұлжымас заң бар. Мен де сол балалардың қатарында əжені сыйлап ер жеттім. Содан болар, ер жете келе, кітап оқып, өмір мен адамды ұға білгендей болғанда Ұлбике əженің түріне қадала қарап, жүріс-тұрысына ойлана көз салып, сөзіне мұқият құлақ асып жүруге тырысатын болдым. Қай күндері екенін еске түсіре алмағаным өкінішті. Бірақ, Алланың бір сəтті күндерінің бірінде Ұлбике əже қаланың теріскей жағын бетке алып, зарлы үнімен жоғалтқан бір нəрсені іздеген болып, алға жылжып алыстап кете беретін. Біздің тұратын қала иранның солтүстігінде, Мазандаран провинциясы Горган қаласы. Кейінгі жылдары Горган қаласы орталығы болып Гүлістан провинциясы құрылды. Бұл аймақ кейде табиғаттың тосын мінез көрсеткені болмаса, ауа райы жұмсақ, қысы онша суық бола бермейді. Біздер жастық шағымызда қаламызда қар жауғанын көруді армандайтын едік, есесіне жауын-шашын көп болғандықтан, жаздың аптабында ылғалды ауадан əбден мезі болатынбыз. Өйткені ауасы ылғалды болғандықтан жаз бойы киім киіп жүру азап болатын, көктем мен күзі ең тамаша маусымдары болып адамды сарғайта сағындырады, қаланың оңтүстігінде Əлборз таулары он төрт шақырым қашықтықта көз жауын алып тұрса, солтүстігі түрікмен сахарасына қарай созылған жасыл кілем сияқты жазық дала, батысы жасыл түске қанық дастарқандай отыз алты шақырым Каспий теңізіне дейін созылып жатыр. Қаланың шығысы Əлборз тауларының шыңынан жазық далаға қарай орман мен жасыл егістік қосарлана төселіп созылып жатыр. Шынында қала əсем табиғат аясында орналасқан. Сол қаланың бір шетінде қазақтар шоғырланып қазақ ауылын құрып алғанды. Қазіргі кезде қазақтар тұратын екі маһалле бар. Бірі – алқашғы құрылған маһалле, екіншісі – төрт шақырым солтүстік шығысында кейінгі жылдары салынған «һеммəтабад» маһаллесі. Қаланың басқа маһаллелерінде де жекеленген қазақ шаңырақтары пайда болған. Олар оқыған-тоқыған, қалталы болып өсіп келе жатқан жаңа буын.

Ересек жасқа келгенімде əженің қаладан далаға қарай бет алған кездерін көретінмін, сосын қызығып білгім келіп оның артынан ұзақ жерге дейін жүріп отыратын едім. Соңында қала төңірегіндегі тікенді бұталар мен қалың шалғын жерлерден ары қарай алыстай беруге батылым жетпей тоқтап тұрып оның алыстауын көзіммен қуалай қарайтынмын. Əйтеуір, қарасы біртіндеп кішірейіп көзден ғайып болғанша қарап, түсініксіз ойдың тұңғыйығына шомылатын сəттерім аз болған жоқ. Ол кездері əженің қызық та жұмбақ бұл жүрісін ес жиып, ақыл тоқтатқанша түсіне алмай əуре едік. Біз үшін əженің бұл жұмбақ мінезі, құпия сыры пəни өмірден бақи дүниеге аттанғанша жалғасты.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: