Аңсаған Мұстафа: «Анам сияқты болғым келді»

15 Қазан 2014, 05:57

Көптеген өнерсүйер қауымның сұранысымен 15 қазан күні Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Әйел адамның ішкі дүниесін, жан айқайын сурет арқылы жеткізе білу – үлкен өнер. Нәзік жандылардың ішкі толғанысын әйел ғана түсіне алады. Ұзақ жылдар бойы «Ақ босаға» газетінде суретші-иллюстратор болып еңбек еткен Аңсаған Мұстафа әлеуметтік мәселені өз туындыларында көтеріп жүрген жандардың бірі әрі бірегейі. Бәлкім қазіргі жастар арасындағы оның кең танымалдыққа ие болуының себебі осы шығар.

Көптеген өнерсүйер қауымның сұранысымен 15 қазан күні Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің тұсау кесу рәсіміне аталмыш оқу ордасының ректоры Ерлан Сыдықов, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, Аңсаған Мұстафаның анасы, «Ақ босаға» газетінің бас редакторы Шолпан Ұғыбайқызы қатысып, құттықтау сөздер айтты.

Көрмеге суретшінің елуден астам жұмыстары қойылған. Негізгі тақырыбы: қадірі кете бастаған қазақ қыздары және қарттар үйіндегі қараусыз қалған ата-ана.

«Бұл көрме менің емес, достарымның ұсынымен ұйымдастырылған болатын. Соларға алғысымды айтқым келеді. Егер мен қандай да бір жетістікке жеткен болсам, ол менің анамның арқасы. Менің анам саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған адам. Ол кісі «Ақ босаға» газетінің редакторы ғой. «Ақ босаға» газеті қыздарды тазалыққа, тәрбиеге шақырады. Анам маған соны кішкентайымнан құлағыма құйып өсірді. Шынын айтқанда, мен сол кісінің айтқандарын сурет қылып салған шығармын», - дейді суретші.

Көрмеде белігі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай ағамен сұхбаттасқан болатынмын:

-         Сәлеметсіз бе, аға. Қателеспесем, Аңсаған Мұстафа сіздің келініңіз ғой. Келін баланың шығармашылықпен айналысқанына қалай қарайсыз?

-         Әркім қандай жағдайда өмір сүрмесін, өзінің өнерін, жан сырын сыртқа шығаруға ұмтылуы керек. Аңсаған да күндіз де, түнде де, кейде түн ортасында тұрып, осы балалардан, шыны-аяқтан, үй сыпырудан қолы босай қалған кезде осы суреттерді салады. Демек, ол өзінің көкейін тескен тақырыпқа бей-жай қарай алмайтынын, балалы адамдардың қоғамға деген белсенді көзқарасын, бала-шағасын ойлағандығын танытады.

-         Сіз Аңсаған ханымның шығармашылығына бағыт-бағдар бересіз бе?

-         Жоқ. Мен сізге айтайын, шығармашылық ешқашан да ақылға көнбейді. Ол өзінің ойына түседі, сол ой оның кәсібилігін көрсетеді. Кейбір суреттерін мен осы жерден көріп, таң қалып отырмын.

-         Соңғы сұрақ, Аңсаған қандай келін?

-         Мен келін деп айтпаймын, балам деймін. Ол менің бесінші балам. Басқа ешқандай пікір жоқ.

Қалың жұрттың назарын тартқан, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғаған Аңсаған Мұстафа өз суреттерін 100 мың теңгеге бағалап отыр. Айта кетерлік жайт, әрбір суреттің сатылуынан түскен қаржы қайырымдылық қорына беріледі.

Барлық суреттерді көру үшін мына сілтемемен жүріңіз.

Бөлісу: