25 Тамыз 2014, 12:52
Ақсақал – байырғы қазақ қоғамындағы ел тағдырын шешу мәселесіне белсене араласқан аса тәжірибелі, жасы үлкен, беделді де ықпалды адам. А. рубасы, тіпті, би де болған. Бірақ беделімен де біліктілігімен де халықтың шынайы құрметіне ие болған ақсақалдар ресми лауазымды (би және рубасы) иеленбесе де, қоғамдық өмірдегі орны мен рөлі ресми биліктің өкілдерінен кем болған жоқ. Осы тұлғаның А. деп аталуы оның биологиялық ерекшелігін ғана емес, ең алдымен өмір тәжірибесінің тезінен өткен ақылгөй қасиетін әлеуметтік ортаның мойындағаны, һәм бағалағаны.
Ежелден қалыптасқан адам жасын жіктеу дәстүріне сәйкес А.-дар қатарына адамның бесінші мүшелге аяқ басқаннан кейінгі, яғни қырық тоғыз жасқа толғандардан бастап кейінгі жастағылар жатқызылады. Алайда, этнографиялық, фольклорлық және жазба деректерге қарағанда алпыс және одан да жоғарғы жастағы адамдар ғана ауыл, ру, тайпа, тіпті, этнос деңгейіндегі сыйлы ақсақал атану құрметіне ие болған. Көне деректерге сүйенсек, ақсақалдарелдіңсаясиөміріндекөбінемаңызды рөл атқарған, олар араз ағайындар арасын дәнекерлеуші, аталы сөзімен бітім айтушы ретінде құрметке бөленіп, ел-жұртқа қызмет еткен. В.В. Бартольдтың айтуынша, А. – қолында өкілетті билігі жоқ, бірақ, бұрыннан сіңген еңбегі бар, мол тәжірибе, парасатымен үлкен-кішіні ау- зына қаратқан құрметті адам.
Қауымдар шаруашылығына рубасылармен қатар ақсақалдар да басшылық етті. Қазақы ортадағы ақсақалдың беделінің жоғарылығы соншалықты ауыл аты да ауыл ақсақалы немесе ру ақсақалы атымен аталған. Ақсақал барша ауылдың шаруашылығына басшылық жасап, көш жолдарына бастап, жайылымдық жерді таңдауда да шешім қабылдап отырды. Дәстүрлі қазақ қоғамында ру ақсақалдардың кеңесі және тайпа ақсақалдарының кеңесі сияқты дәстүрлі билік жүйесінің болғандығы белгілі. Бұл билік жүйесінің ру, әулет, ағайын, туыс арасындағы тұрмыстық мәселелердің ауыл арасындағы қарым-қатынастың, жер дауының тиімді шешімін табудағы маңызы ерекше жоғары болды. А.- дардың шешімі билер сотында, әдет-ғұрыптық құқықта маңызды орын алды. Билердің өзі маңызды шешімді ру ақсақалдарының қатысуынсыз шешпеді.А.-дар жайлаулар мен жайылымдарға байланысты қалыптасқан әлеуметтік қатынастарды реттеп отыратын беделді тұлға болды.
«Сұлтан Мендәлі Пірәлиев» деп қол қойған «Из Зауральской степи» атты мақалада А. қызметін өз руына қарасты жайлаулар мен жайылымдардың қожайынына теңеуі олардың көшпелі ортадағы айырықша ықпалына байланысты айтылса керек. Тіпті, қазақ социумының әбден әлсіреген уақыты болып табылатын 1928 жылға жататын деректің өзі «мұрагерлік мәселесі қауымның беделді мүшесі молда, ақсақал немесе рубасының қатысуымен шешіліп» отырғандығын айғақтайды. А.-дар ауыл арасындағы күрделі тұрмыстық мәселелерді, этикалық қатынастарды реттеп отырды. Қауым мүшелері үшін А.- дар кесіп айтқан шешім міндетті болып саналды. Қазақ А.-ында ақсақалға құрмет көрсету «кеңес» жүргізгенде, дау шешкенде, олжа бөлгенде, киіз үйдегі төрдегі орындарда отыруда, табақпен ас тартқанда этикеттік норма ретінде қатаң сақталды.
Ауыл ақсақалы
Рубасы болған А.-ға сол рудың өкілдері би ретінде де жүгінген, оның билігіне этикалық мәнді мойынұсынумен қатар ол қабылдаған шешімді міндетті түрде орын- дап отырған. Сондай-ақ ру А.-дары билер мен қатар қылмыстық істерді қарауға, құн, айып мөлшерін анықтауға араласып отырған. Яғни билер сотында да А.-дардың беделі маңызды рөл атқарды (толығырақ қ. Құн; Жаза; Айып). Рубасшылығы, яғни ақсақал қызметіне өз руынан лайықты, билікке қолайлы адам болмаса, онда басқа рудың адамы сайланды. Сонымен А. адам жасы мөлшерінің ерекше категориясы ғана емес, қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру және реттеу институттарының көрнектілерінің бірі болды.
Әдеб.: Пиралиев С. М. Из Зауральской степи. Письма к редактору «Дня» // День. 1862. №28; Студ. Войтеховский. Киргизы Кустанайскаго уезда Тургайской области // ИОАИЭКУ. Том ХХVІ. Вып.4. Казань, 1910; Лыкошин Б.А. Метод и техника ройонирования // Материалы по районированию Туркестана. Ташкент, 1924; Балаубаева-Голяховская А.М. Погребальные обряды у казахов Акмолинский губерний // Сборник научного кружка при Восточном факультете САГУ. Вып.1. Таш- кент, 1928; Россия полное географическое описание нашего отечества. Том. ХVІІІ. Киргизский край. СПб., 1903; Ибрагимов И. Заметки о кир- гизском суде // Народные юридические обычай инородцев; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»