30 Шілде 2014, 04:30
2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында былай анықтама беріледі: «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi». Яғни, бұл дегеніміз, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі заңмен нақтыланған және еліміз ықтимал қауіп-қатерлерден үнемі қорғаныс үстінде болады. Азаматтардың, қоғамның және мемлекеттік өмірлік мәнді мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының әртүрлі (саяси, экономикалық, әскери, экологиялық, психологиялық, ақпараттық және тағы басқалар) ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғалғандығы – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың басты нышаны.
Бүгінгі заманда әлемде орын алып отырған террорлық және экстремистік жағдайлар мен әртүрлі мемлекеттердің ішкі тұрақсыздығы мемлекетіміздің Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттейді. Жалпы, елбасымыз Н.Назарбаев биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалғанын айтып, әрбір құндылықтарға тоқталып өтеді. Соның ішіндегі, жетінші құндылық – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Бүгінде мемлекетіміздің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері сыртқы саясат, қорғаныс, саяси тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты құбылыстар, экологиялық және техногенді апаттар, мемлекет ішіндегі және жақын шетелдегі әлеуметтік, демографиялық, этникааралық мәселелер, қылмыс деңгейінің өсуі, есірткі саудасының ұлғаюы сияқты жаңаша қауіп қатерлермен қиындай түсті. Сонымен қатар, Қазақстанға жоғары деңгейде қауіп төндіріп жатқан ең басты мәселе – ақпараттық қауіпсіздік.
Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер деңгейі өте жоғары. ХХ ғасырдың соңындағы ақпарат кеңістігіне қарағанда ХХІ ғасырдағы ақпарат кеңістігін айтарлықтай үлкен дәрежеде өсті. Бұрындары «ақпарат ағымы» дейтін болсақ, бүгін «ақпарат тасқыны», «ақпарат мұхиты» деп жиі атайтын болдық. ҚР 1998 жылғы заңында «Ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының жай-күйі» деп аталса, 2012 жылғы заңда «Ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі» деп көрсетіледі.
Мына бір тарихи деректі қараңыз, АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон ұлттық қауіпсіздік кеңесінде бюджет шығындары туралы сөйлеген сөзінде: «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қару жүйесін құруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты, қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын кетірген ақпарат сәт сайын, сағат сайын жұмыс істей береді» - депті. Бүгінде мемлекеттер арасында «ақпарат соғысы» белең алған. Дәл сол себепті, әрбір мемлекет әскери саладан гөрі, ақпараттық қуаттарын, ақпараттық қауіпсіздіктерін барынша нығайтуда. Мәселен, РФ президенті В.Путин осыдан бір жыл бұрын шет елдердегі орыстілді БАҚ-тарды дамытуға Үкіметке тапсырма жүктеп, ресейлік бюджеттен 70,4 млрд. рубль бөліндірді. Шын мәнінде, бұл өте қомақты сома.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгінде кейбір мемлекеттер экспериментті түрде ақпарат арқылы кез келген елді қарусыз санасын жаулап, өлтірмей жанын алуға әбден болатынын дәлелдеді. Адамдар қайда жүрсе де ақпараттың құрсауына оралуда. Қоғам бар жерде, мемлекет бар жерде ақпараттық шабуыл үнемі жасалады. Бір қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен құлаққа кіріп, санаға сіңген ақпарат кішігірім қоғамда, мемлекетте, тіпті тұтастай әлемде қаруы жоқ соғыстың өршуіне себепкер болатынына куә болдық. Бүгінгі Украийнаның тағдыры – соның дәлелі. Әлеуметтік желіде отырған белсенді 100 адам халыққа үгіт-насихат жүргізу арқылы бүкіл бір мемлекетті төңкеріп тастауға болатынын көрсетіп берді.
Ақпараттық соғыстың басты мақсаты – қарсы жақты өз ырқына мәжбүрлеп көндіру арқылы өз мүддесіне сәйкес келетін саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік ұтысқа қол жеткізу. Мұндай соғыс мемлекеттер, одақтар, қоғамдық, экономикалық және әскери құрылымдардың арасында жүргізіледі. Ақпараттық соғысты кейбір ғалымдар «психологиялық соғыспен» де теңестіріп жатады. Ең қызығы, бұл қарусыз майданда «кімнің жау» екенін ажырату өте қиынға түседі. Психологиялық шаралар, электрондық соғыс шаралары, теріс ақпарат тарату мен қарсы үгіт-насихат шаралары, қарсы әрекет ету мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, тікелей ақпараттық шабуылдар мемлекеттер мен ірі державалар арасындағы ақпараттық теке-тірестің өршуіне негізгі себеп болады. Сондай-ақ, алыпқашпа әңгіме, сенімсіз ақпарат, қауесет, өсек мұның барлығы да ақпараттық терроризмнің бөлшегі ретінде танылады.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпеудің зардабы зор. Мәселен, қырық бір жылдан бері елді басқарып келген Муаммар Каддафиді биліктен кетсін деп көтеріліске шыққан ливиялықтар әлем жұртшылығын таңғалдырғаны рас. Шынында, Ливияның экономикалық қуаты, халқының жағдайы кейбір елдерге қарағанда әлдейқайда жоғары еді. Мұндай елде көтеріліс болатынын саясаттанушылар үш ұйықтаса да түсіне кіргізе алмаған. Қақтығыс салдарынан 6 мың адам көз жұмды. Ақырында Ливия Каддафиге бағынатын Батыс пен оппозицияның ықпалындағы Шығысқа бөлініп, екіге жарылды және Каддафидің аяусыз өлімімен аяқталды. Тіпті, Каддафидің өлімін тікелей эфирден көрсетіп, бәзбір алпауыт телеарналар өзіне ұпай жинады. Ливиядағы жағдай дүниежүзінде жасырын ақпараттық соғыстың жүріп жатқанын әшкерелеп берді. Көптеген ақпараттық және әлеуметтік интернет желілер бір-біріне қарама-қайшы мәлімет таратты. Әлем Ливияға қатысты ақпараттық соғыстың «құрбаны», сонымен қатар көрермені болды емес пе?
Импералистік дамыған елдер әлемді билеу мақсатында ақпараттық кеңістігін өте жоғары деңгейге көтерді. Мәселен, бір ғана АҚШ-тың CNN телеарнасы жүздеген елдерде ақпарат таратады. Әрине, бұл ақпарат құралдарының идеологиясы «әлемді біріктіріп, тыныштық сақтау» болып табылғанымен АҚШ-тың жеке мүддесінен әрі аса алмайды. Каддафидің трагедиясынан сабақ алып, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін қаперіне ұстаған Катардағы «Al Jazeera» телеарнасы да мемлекеттің қолдауымен әлемдік телеарналардың біріне айналды. Бүгінгі күні бұл телеарна ақпараттық соғыста ешкімге, тіпті АҚШ-тың өзіне де дес бермей келеді. Ал, АҚШ ақпараттық соғыста «Al Jazeera» араб телеарнасынан бөлек, Қытай мен Ресейден де бәсі төмендеп жатқанын кейбір сарапшы мамандар айтып жүр. Қытайлар әр түрлі тілде таратылатын ғаламдық телевизиялық желі құрып жатса, орыстар ағылшын тілді телеарна ашып алды. Бұл бүгінгі күнде АҚШ-тың ақпараттық кеңістікте беделі мен ықпалы азайып бара жатқанының анық айғағы болса, бір жағынан басқа да елдердің ақпараттық үстемдікке жеткісі келетіндігінің дәлелі.
Соңғы он жыл көлемінде әлемдегі оқиғаларды көрсетуде «ақпарат» теңдессіз күшке айналды. Әлемнің алпауыт мемлекеттерінің ақпараттық салаға миллиондап қаржы құйып жатқандығы соның айғағы. Әсіресе, жергілікті соғыстар мен жанжалдар кезінде бірден көзге көрініп тұратын, сол жерден репортаж жасап, оқиғаны өзінің мүддесіне бұратын БАҚ қазір де әртүрлі мемлекеттердің жеке қолдауымен көбейіп келеді. Ақпараттық майдан үшін тек әскери жанжал ғана негізгі тақырыптың өзегі болып қалмайды, кей жағдайларда жергілікті әскери қақтығыстан гөрі ұлт басшысының денсаулығы немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайдың өзі маңызы зор әлемдік оқиғаға айналып кетіп жатады. Арақашықтық, шекара деген бөгеттерді білмейтін, көпшіліктің қолдануына өте ыңғайлы дүниежүзілік ғаламтор әлемдік мәселелерді шешуде БАҚ-тың рөлін бұрынғыдан да көтеріп жіберді. Мұндай жағдайда, кез-келген мемлекет ақпараттық қауіпсіздікті өзінің шекарасының қауіпсіздігінен кем көрмеуі қажет екенін әлемдік саясаттанушылар қаперге іледі.
Ақпараттық тәуелсіздік - бұл ақпараттық қауіпсіздікке жетудің бірден-бір жолы. Бүгінгі ақпараттық ғасырымыздың талабы осы болып тұр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өркениетті елдерде әр ел өз аумағына сырттан таралатын БАҚ-ты мемлекеттік заң тұрғысынан реттеп отырады. Өзге елдік БАҚ-ты 20 пайыздық шектен асырмайды. Егер, одан асса мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірілген болып саналады. Осындай қағидаларды ескергенімізбен, өзіміздің ақпараттық кеңістікті ресейлік т.б. БАҚ-қа беріп қоюымыз мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің болашағына үлкен қауіп төндіретіні шындық.
Қазақстандық телекөрерменнің 55 пайызы Ресей БАҚ-ың ықпалында. Ал, еліміздегі басылымдарды сарапқа салу тәуелсіздігімізден түңілуге алып келеді. Неге десеңіз, орыстілді басылымдардың қасында қазақтілді басылымдар теңіздің тамшысындай... Қарапайым ғана мысал, еліміздегі БАҚ санының тек қана орыс тілінде шығатын үлесі 35 %, ал тек қана қазақ тілінде таралатын БАҚ үлесі 18%, ал, екі тілдегі көрсеткіш 35 %-ды құрайды. Қалған бөлігі басқа тілді болып келеді. Ал, бұл есепке Ресейден ағылатын 5000-нан астам газет-журналдарды қосы беріңіз... Ресейдің «Труд», «Комсомольская правда», «Московские новости», «Новая газета», «АиФ» сияқты басылымдары қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы өз мүдделерін қорғауға барын салуда. Ол аздай қазақ телекөрермендерінің санасын улап жатқан шетелдік телеөнімдерді эфирлерден үзбей беріліп жатады. Қазақстандық «31-арна» акциясының 20 пайызын «СТС Медианың» қолына өтіп кетті. Одан өзге ұлттық менталитетімізге жат, бұрыс тәрбиеге итермелейтін анайы бағдарламалар мен фильмдер біздің ақапараттық кеңістігімізде жеткілікті.
Қазақстанның ақпараттық кеңістігі бұрыннан Ресейге тәуелді. Еліміздегі орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының санын салыстыратын болсақ, екеуінің айырмасы жер мен көктей. Дегенмен, соңғы жылдары басқа да елдер бізге көз тігіп отыр. Бұл олардың бізге деген ақпараттық басқыншылығының басталайын деп жатқандығын білдіреді. Мәселен, елімізге және Орталық Азияға көз тастап отқан алпауыт мемлекеттердің бірі – Қытай. Бүгінде аспан асты елі Орталық Азияға (ОА) ақпараттық шабуыл жобаларын жасап, оны бастамақшы болып отыр. Қытай өзінше бір әлем және ол АҚШ пен Еуропа өкілдері сияқты, біздің елдің ақпараттық кеңістігіне әсер ету үшін Ресей және біздегі орыстілді БАҚ-тың ықпалына жүгінбейді. Қытайдың өзінде 1,5 миллионға жуық қандастарымыз бар. Сондықтан, бұл ел қандастарымыз арқылы бізге қазақ тілінде ақпараттық шабуыл жасауға мүмкіндігі бар. Ресейдің бүгінгі идеологтары қазақ жұртшылығының қоғамдық пікірі Мәскеудің бақылауынан сытылып шығып, АҚШ-тың және Батыс Еуропаның жетегіне еріп кетеді-ау деп қауіптенбейді. Алайда, еліміздегі ақпараттық кеңістікті басқарып жатқан Ресей Қытайдың бүгінгі қарқынынан сескеніп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазір әлемде саяси өзгерістер күрт көбеюде. Оңтүстікте ислам әлемі, Шығыста жаңа индустриалды мемлекеттерге айналған Азия мемлекеттері, оның ішінде, ешкімге бағынбайтын Қытай күш алып келеді. Бұл екі аймақтың екеуі де Батыстың бәсекелесі ретінде қалыптасуда. Қазақстан және жалпы Орталық Азия олардың өзара және батыстық әлеммен қайшылыққа енетін алаңдарының біріне айналды. Ал, Қазақстан ОА-ғы ең маңызды мемлекет екенін ескерсек, Ресейдің, Батыс елдерінің және Қытайдың ақпараттық соғыс алаңы біздің ел болатыны күмәнсіз. Неге десеңіз, біздің оларға қарсы тұрардай ақпараттықа армиямыз жоқ. Ресей тактикалық тұрғыдан Батыспен бәсекелес болғанымен, страгетиялық тұрғыдан олармен бірігіп, бізге ақпараттық шабуыл ұйымдастырып келеді. Сондықтан, бүгінгі таңда Қазақстанда орыстілді ақпараттық кеңістіктің бұрынғыдан бетер қанат жаюына, ресейлік және жергілікті БАҚ құрылымдарының осындағы ықпалының одан әрі арта түсуіне жалғыз Мәскеу ғана емес, Вашингтон да мейлінше мүдделі. Бұл бағытта американдықтар, британдықтар және т.б. сол сияқтылар ресейліктермен одақтасқан. Мәселен, ұлыбританиялық Би-Би-Си корпорациясының бірнеше жыл бұрын Қазақстанда қазақ тілінде хабар таратуын тоқтатып, есесіне біздің елге тек орысша хабар тарату жүйесін сақтап қалуын айтуға болады. Осы жәйттің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Енді сыртқы күштер қазақтілді ақпараттық кеңістік тынысының тарыла беруіне қуанбаса, қапалана қоймас. Оларға керегі - мәдени мүдде емес, саяси мақсаттар. Және жай мақсаттар емес - геосаяси мақсаттар. Сондықтан кейінгі жылдары Ресейдегі БАҚ құрылымдарын қайта бөліске салып, ондағы ақпараттық кеңістікті өз ыңғайына қарай қайта бөліп алып шыққан күштер қазір Қазақстанда да осыған ұқсас өзгерістер жасауға кірісуде. Батыстағы медиа-бизнес біздің еліміздегі медиа-кеңістік үшін ресейлік әріптесімен тікелей бәсекелестікке түспейтінін танытты. Алайда, Қытай біздің ақпараттық кеңістігімізді қолға түсіру үшін Ресеймен де, басқасымен де бақталасуға бар.
Ақпараттық кеңістігімізді осылайша кім көрінген пайдаланғысы келеді. Ал, кейбіреулері (Ресей) пайдаланып та отыр. Біз ақпараттық армиямызды тез арада тіктеп үлгермесек, қазаққа ортақ тілден де, мәдениеттен де айрыламыз. Өкінішке қарай, біздің осындай жағдайға түскенімізді қалайтын, осыдан өз мүддесін өрбітетін күштер бүгінгі таңда жетерлік. Біздің өз тіліміз бен мәдениетімізге деген немқұрайлылығымыз неғұрлым артса, ондайлар соғұрлым өз мақсаттарына жетпек. Кез келген дамыған ақпараттық топтың саяси партиядан да қатерлі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, қазір көріп жүрміз ақпараттық езгіден кейін кеңестік рухты, құл сипатты, еңсесі езілген әлжуаз адамдар елімізде пайда болуда.
Ғылымдағы жүйелілік тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстан БАҚ-тың бәсекеге қабілетсіздігі жалпы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мүшкіл жағдайынан туындап отыр. Кез келген мемлекет құраушы ұлт тілінің қоғамдағы ахуалы қандай болса, баспасөзінің дәрежесі сондай болады. Еліміздегі шешім шығаратын саяси басшылар негізінен орыстілді БАҚ деректеріне сүйенеді. Орыстілді газет-журналдар қазақ ұлтына қатысты мәселелерді қозғамайтындықтан, қазақтілді халықтың мұң-мұқтажы, мүддесі қабылданған шешімдерде көрініс таппай қалады. Қазақстанның мемлекеттік қызметінде отырған шенеуніктер қазақтілділерді кәсібиліктен жұрдай деп санайды. Мұның өзі шенеуніктеріміздің Ресейдің ақпараттық торына құрсалғанын білдіреді. Дегенмен, қазақ журналистерінің басым бөлігі өткір материалдар жазуға қабілетсіз екендіктерін де ешкім жоққа шығармайды.
ҚБТУ-дың профессоры, лектор Леонид Пухович ақпараттық қауіпсіздікті сақтау туралы мынадай жөні тузу ой айтады: «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік тілдің еліміздің барлық саласында, оның ішінде БАҚ-та қолданылуында жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне оқыту және елімізде қазақ тілді БАҚ-тың үлесін арттырумен бір мезетте жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілді оқып, оны үйреніп жатқан халықтың барлық деңгейін электрондық БАҚ-тар қолдап отырса, онда бұл мақсатқа әбден жетуге болады». Әрине, бұл ғалымның пікірін қазақтілді сарапшылар да айтып жүр. Шынында, Қазақстан тәуелсіз саясат жүргізгісі келсе, оның ішінде ақпараттық армиясын күшейтемін десе, осындай ұсыныстар мен ойларды қолдауы керек. «Ақпараттық қауіпсіздік» кез келген мемлекеттің егемендігінің аса маңызды элементінің бірі болып саналады. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту арқылы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөнінде жоғарыда қаралған шараларды асықпай және абайлап жүзеге асыру керек. Ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтаудың бір ғана жолы, БАҚ-та мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады.
Жалпы, Қырымға басып кірген Ресейдің әрекетінен кейін Президентіміз Н.Назарбаев елімізде таралатын кейбір ресейлік БАҚ-қа тыйым салуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді, ғаламторды қадағалау шараларын мемлекетіміз қолға алуды. Ақпараттық қауіпсіздік – Ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың ең басты мәселесі екенін еліміз түсіне бастады. Мұның өзі жетістік. Кез келген мәселені шешу оны түсінуден басталады емес пе?
Дінмұхаммед Аязбеков