Ақмола полицейлері ұрланған көлікті елордадан тапты

14 Қазан 2022, 12:00 887

Осы факті бойынша бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды 

Ақмола полицейлері ұрланған көлікті елордадан тапты, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Целиноград полиция бөліміне ұрлық туралы өтініш 11 қазанда келіп түсті. Ұрланған ВАЗ-2109 көлігінің иесі кешкі уақытта үйінің ауласына шығып, темір тұлпарының жоқ екенін көрген. 

Тұтану кілті автокөліктің салонында қалғандықтан, ұрыға қылмыс жасау қиын болған жоқ. Автокөлік иесінен егжей-тегжейлі сұхбат алып, жеңіл көліктің сыртқы сипаттамаларын жазып алғаннан кейін, жедел уәкілдер көршілес полиция департаментінің аумақтық бөлімшелеріне бағдар таратты. 

Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрланған автокөлік Астанадан табылды. 27 жастағы күдікті Нұрлы ауылының тұрғыны болып шықты. Ұсталғанның тонау жасағаны үшін соттылығы бар.

 Осы факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы (Айдап әкету) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Тергеу шеңберінде полицейлер қылмыс жасау себебін және өзге де мән-жайларды белгілейді.

Бөлісу: