Ақмола облыстық ҚХА мүшелері қан обырын жеңген сегіз жасар Жанель Бейсенованың отбасында болып қайтты

10 Қаңтар 2019, 05:30 2546

Көкшетау қаласында «Қайырымдылық керуені» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы шеңберінде «Сарқыт» айлығы бастау алды.

«Қайырымдылық керуені» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын қолдау мақсатында 2019 жылғы қаңтар айының алғашқы күндері Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы, Аналар кеңесі, «Қоғамдық келісім» КММ-сі Бейсеновтар отбасына барып, осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі операциядан өткен кішкентай Жанелдің қал-жағдайын сұрап, тәтті сарқыт салынған жаңажылдық қапшықтарды табыс етті.  

Айта кетсек, ақмолалықтар 2017 жылдың қаңтар айында БАҚ арқылы ауыр науқасқа – қан обырына ұшыраған Жанель Бейсенова есімді қыз туралы кеңінен естіген болатын. Сол сәттен бастап оның өмірі үшін күрес басталды. Жас бүлдіршінді шетелде жасалатын ми сүйегін ауыстыру отасы ғана құтқару мүмкін еді. Дәл осы тұста қыздарына аса қажет қаражатқа мұқтаж болған ата-ана Жомарт және Айнагүл Бейсеновтерге ота жасауға, шетелдегі емханада тұруларына Ақмола облысы Қазақстан халқы ассамблеясы көмек қолын созған болатын.

Облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырған қайырымдылық акциясы арқасында Жанелге қажет қаражат толық жиналды.  Ол кезде кішкентай қыздың басына түскен қиындыққа бейжай қарамай, «Шын жүректен» акциясына облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың және жеке ұйымдардың басшылары, этномәдени бірлестіктердің басшылары, қала тұрғындары қатысты.  

2016 жылдың 22 желтоқсанында «Medical Park» түрік емханасында бүлдіршінге ауыр ота жасалды.

Бүгіндері Жанель – өмірге құштар, өзгелермен әрдайым қарым-қатынас жасауға дайын екінші сынып оқушысы.

Отбасына келген  ассамблея  мүшелері Жанель және оның жетінші сынып оқитын ағасы Темірлан мен екі жасар сіңлісі Нарғызды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, тәттілерден әзірленген шашуын тарту етті.  

Балалардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Сарқытқа» кірген жемістер, тәттілер, балаларға арналған киім-кешек пен ойыншықтар – бәрі балалардың көңілінен шықты.

 «Жанель үйде білім алу арқылы екінші сыныптың бағдарламасын меңгеруде. Үш айда бір рет Астанадағы Ана мен бала орталығының онкология бөліміне анализдер тапсырамыз. Негізгі қиындықтар артта қалды. Осыншама сынақтан өткенімізге кейде тіпті сену қиын. Ақмола ассамблеясына, біздерге көмек қолын созған және әлі де қолдау білдіріп келе жатқан жандардың баршасына айтар алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз мүмкін емес дүние жасадық. Ауыр науқасты жеңдік!», – деді Айнагүл Олжабайқызы.

Бір ерекшелігі, Бейсеновтер отбасы – бұл рак ауруын жеңе білген Қазақстандағы 2017 жылдың дерегі бойынша жалғыз жанұя.

«Ең бастысы, біздің барлық балаларымыз аман-сау болып, Қазақстан жерінде бейбітшілік, достық, тұрақтылық салтанат құрса болғаны. Ассамблеяның игі істері барлық көмекке мұқтаж жандарға септігін тигізе берсін!», - деген жарқын тілегін білдірді отбасы басшысы.

Бөлісу: