Ажар Ғиният: КВИ-мен сырқаттанғандардың 90%-дан астамы амбулаториялық деңгейде ем алып жатыр

4 Тамыз 2022, 15:37 854

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта тұр

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ОКҚ алаңында өткен брифингте коронавирустық инфекция бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдай және КВИ-мен күрес шаралары туралы баяндады, – деп хабарлайды El.kz.

«Соңғы 2 аптада сырқаттанушылық 3,2 есеге өсті (10 714-тен 34 550 жағдайға дейін), өсім барлық өңірлерде байқалады. Тәулігіне КВИ+ -тің 3000-ға жуық және КВИ- -тің 20 - ға жуық жағдайлары тіркеліп жатыр», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінде сары аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, қалған өңірлер мен Қазақстан Республикасы жасыл аймақта орналасқан. Сырқаттанудың өсуіне қарамастан, ауру жеңіл түрде өтеді. 

Бірақ қауіпті топқа жүкті әйелдер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы қоса жүретін аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы егілмегендер жатады. Бүгінгі күні республикада КВИ бойынша стационарлық көмекті 5 062 төсек қуаттылығымен 191 инфекциялық аурухана көрсетеді, төсек-орынмен қамту 28%-ды (1 434 төсек) құрайды. 

Министр атап өткендей, КВИ-мен сырқаттанудың қазіргі сипаты науқастарда аурудың жеңіл түрде өтуімен ерекшелінеді. Осылайша, науқастардың 94% - дан астамы амбулаториялық жағдайда ем алады. Реанимациялық төсек-орынмен қамту 7%-ды, яғни, 627 төсектің 43 төсегін құрайды. 

Инфекциялық төсек-орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында 55% және Солтүстік Қазақстан облысында 59% екені байқалады. Реанимациялық төсек-орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 28% және Түркістан облысында-20%. Еліміздің реанимация бөлімшелерінде КВИ диагнозымен 43 пациент бар. 

КВИ-мен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты министр дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жеткілікті көлемі бар екенін атап өтті. Мәселен, өңірлерде COVID-19 емдеу үшін қолданылатын 16 атау бойынша дәрілік заттардың екі айлық қоры қамтамасыз етілді. МСАК ұйымдарында 1,3 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар қоры бар. 

Жыл басынан бері медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар жөнелтілді, бұл жылдық көлемнің 70% - ын құрайды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі күні КВИ-ға қарсы вакцинациямен ересек халықтың 80% - дан астамы немесе елдің барлық халқының 56% - дан астамы қамтылған. Республикада халықтың ревакцинациясы жалғасуда, бүгінгі күні ревакцинацияны 5,0 млн.астам адам алды. Бұл тиісті контингенттің 68,0% - ын құрайды.

 Тәулігіне 14 мыңнан астам адам егіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакцинациялау және ревакцинациялау үшін вакцинаның 3 түрі: QazVac, Sinofarm және Pfizer қолжетімді. Егу пункттерінде Sinofarm вакцинасының 1,1 млн дозасы, QazVac вакцинасының 85 мың дозасы және Pfizer вакцинасының 29 мың дозасы бар. Вакцинаны тұтыну қарқынын ескере отырып, иммундық-профилактиканы қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың соңына дейін 500 мың доза көлемінде QazVac вакцинасын және 300 мың доза көлемінде Pfizer вакцинасын қосымша сатып алу жоспарлануда.

«КВИ - ға қарсы вакцинация және ревакцинация әлі күнге дейін инфекциядан жалғыз қорғаныс болып табылады. Ауырғандардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екені анықталды, бұл тағы да КВИ-ға қарсы вакцинацияның қажет екенін растайды» –, деп түйіндеді министр.

Бөлісу: