А.Г.Сафронович және А.Н.Акимович

3 Қыркүйек 2014, 11:26

Асеев Григорий Сафронович 1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданындағы Петропавл селосында туған.

Асеев Григорий Сафронович 1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданындағы Петропавл селосында туған. 1939 жылы Әскери­теңіз флотына қызметке шақырылған. Кейін Тынық мұхит флотының әскери­әуе күштерінің кіші авиа мамандарын дайындайтын біріккен мектебіне оқуға жіберілген. 1942 жылдың қаңтарынан Ұлы Отан соғысының шайқастарына қатысты.

Гвардиялық аға сержант Г.С.Асеев 81 рет әуе шабуылына қатысып, жаудың 4 көлігін, 2 күзет кораблін және 7 мотоботын су түбіне жібереді. Бірнеше жау самолетін атып түсіреді. 1944 жылдың 16 қазанында Хибергкесет мүйісі (Норвегия) аумағында Асеевтің самолетіне оқ тиеді. Соған қарамастан жанып бара жатқан машинаның экипажы торпеданы жіберіп үлгерді, сөйтіп жаудың кораблін суға батырды. Бірақ ұшқыш қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 5 қарашадағы Жарлығымен Григорий Сафронович Асеевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар ол Ленин, Қызыл Ту, 2­-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Солтүстік флот мұражайының алдына батырдың мүсіні қойылған. Оның есімі Иркутск қаласындағы Отан Батырларына арналған ескерткіш тақтаға жазылған. Улан­Удэ қаласында оның атындағы көшеге ескерткіш тақта қойылған. Чита облысында қалалық типтегі Корымское елді мекенінде бір көшеге Г.С. Асеевтің аты берілген.

 Ахременко Никифор Акимович 1914 жылы Петропавл қаласынан 35 километр жердегі Новоникольск (Татарка) селосында туған. Петропавл локомотив депосында жұмыс істеген. 1942 жылдың желтоқсан айында Н.Ахременконы Петропавл қалалық әскери комиссариаты Кеңес Әскерінің қатарына шақырады.

116­Харьков атқыштар дивизиясының 441­атқыштар полкінің құрамында Украинаны азат етуге қатысты.

1944 жылғы қаңтардың алғашқы жартысында ІІ Украин майданының әскерлері Кировоград операциясын өткізді. Соның нәтижесінде Кеңес әскерлері 40­50 километр алға жылжыды, жаудың өте күшті қарсыласу торабын басып алып, олардың Корсунь­Шевченко тобының қанатына шықты. Сөйтіп неміс әскерлерін кейіннен қоршаудың алғышарттары жасалды.

1944 жылғы 12 қаңтардың түнінде 441­атқыштар полкінің бірінші атқыштар ротасы Каниж деревнясының маңындағы 221,15 метр биіктіктегі жау траншеяларын шабуылмен басып алды, немістер тым­тырақай қашты. Шайқасқа қолайлы биіктікті қайтарып алуды ойлаған немістер қарсы шабуылға танктері мен жаяу әскерін шығарды. Біздің артиллерия мен жаяу әскерлер жаудың шабуылына тойтарыс берді. Көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жау бірнеше рет қарсы шабуылға шықты.

Жаудың жетінші қарсы шабуылын тойтару кезінде фашистердің бір танкісі рота орналасқан жерге өтіп кетті. Жағдай өте­мөте шиеленісе түсті: танк біздің жауынгерлерді пулеметпен атқыштап, оларды шынжыр табанымен жаныштап жатты. Кіші сержант Ахременко танкіге қарсы қолданылатын гранаталарды беліне байлап алып, танкінің астына құлады. Танк от құшағына оранды, сөйтіп осы күнгі жаудың соңғы қарсы шабуылына тойтарыс берілді, ол біздің әскерлерге басып алған шепте нығыз орналасуға мүмкіндік берді. Біздің жерлесіміз 1944 жылғы 12 қаңтарда ерлікпен қаза тапты.

Сол жылғы 17 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Н.А. Ахременкоға Кеңес Одағының Батыры (қаза тапқаннан кейін) атағы берілді.

Батырдың есімі Петропавл қаласындағы көшелердің біріне берілуімен біздің зердемізде сақталуда.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: