26 Наурыз 2014, 08:26
Бұл кітапша мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге арналған. Онда күнделікті қызмет барысында пайдаланылатын құжаттардың үлгілері мен қазақша-орысша сөзігі берілген.
Кітапша негізінен қазақ тілін үйрететін оқытушыларға, іс жүргізушілерге, аудармашыларға, әдіскерлерге арналған.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданылу мәртебесін арттыру міндеті көзделген. Бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру және орнықтыру арқылы қол жеткізіледі. Осы орайда мемлекеттік тілдің қолданылуына қолжетімділікті арттыру және оны орайлы насихаттау жөнінде бірқатар жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асыру қажет. Бұл тарапта ғалымдардың, мамандардың, оқытушылардың әзірлеуімен әртүрлі сөздіктер жарық көргені белгілі. Қ.Бектаевтың, негізінен, сөз тіркестерін қамтыған «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігін», А.Алдашева, Э.Сүлейменова, Д.Х.Аханова, Ж.Б.Алдаштың ресми ісқағаздарда қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін жүйелеп берген «Ресми-іскери тіл: қазақша-орысша тіркесімдер сөздігін»,Ш.Құрманбайұлы құрастырған Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Терминдер сөздігін» және салалық сөздіктерді атап айтуға болады. Бұл екі тілді сөздіктер кезінде жарық көріп, бүгінгі күнге дейін қажеттілігін жоймаған Н. Сауранбаев, Ғ. Мұсабаев, Ш.Сарыбаевтардың редакторлықтарымен жарық көрген «Русско-казахский словарь. Орысша-қазақша сөздігінің», Ғ.Мұсабаевтың жалпы редакциясымен жарық көрген «Русско-казахский словарь. Орысша-қазақша сөздігінің» игі дәстүрлерін жалғастырып, сөздік жасаудың жаңа мүмкіндіктерін байқатты. Сөздіктерге сұраныс көбейіп тұрған қазіргі кезеңде тұтынушының қолданылуына ыңғайлы сөздіктер түзу – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өзекті мәселеге айналуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер, ісқағаздарын жүргізушілер мен аудармашылар мұндай сөздіктерге зәру. Осы қажеттілікті ескере келе «Руханият» орталығы мамандары «Құжат тілінің сөздігін» құрастыруды қолға алған болатын. Сөздіктің басты ерекшелігі – сөздікте берілген сөздер мен сөз тіркестері әдеттегідей әліпби ретімен емес, ресми құжаттардың ретімен берілуінде. Яғни, құжаттардың мазмұнына орай әрбір құжаттың сөздігі жеке ұсынылған. Бұл сөздік құжат үлгілерінің құрылымы мен жүйесіне қарай үш бөлімнен тұрады. Бөлімдерде күнделікті қызмет барысында, азаматтық қарым-қатынастарда жиі қолданылатын ресми құжаттардың үлгілері көрсетілген. Ұсынылып отырған сөздік қолданушының жұмысын едәуір жеңілдетеді деп ойлаймыз.
Авторлар
«Құжаттама», Ж.А. Тұрлыбекова, Ұ.К. Каюпова, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы дайындаған