Ағайынды Абдуллиндер

29 Мамыр 2014, 09:46

Ағайынды Абдуллиндер

Ағайынды Ришат және Муслим Абдуллиндер 1916 жылдың 14 наурызында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында татар отбасында дүние есігін ашқан. Екеуінің де музыкаға деген сүйіспеншіліктері ерте оянған. Табиғат оларға ерекше әдемі дауыс сыйлаған. Ең алдымен, Муслим 15 жасында Алматы қаласында ашылған музыкалық-драмалық техникумға түседі. Кейін Ришат та сол оқу орнында білім алады. Ең талантты және болашағынан зор үміт күттіретін музыканттар ретінде ағайынды Абдуллиндер Москва консерваториясының жанындағы музыка студиясына, профессор А.И.Вишневскийдің қол астына оқуға жіберіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін Мәскеуде олардың әртістік қызметтері басталады. Олар Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында жеке орындаушы болып қызмет атқарады. 

 

Муслим Абдуллин тенорлы партияларды ойнаса (оның ішінде атақтылары – Ленский («Евгений Онегин»), Ришат Абдуллин баритонды партияларда ойнаған (Жермон («Травиата»), Эскамильо («Кармен»), Киазо («Даиси») және т.б. Сонымен бірге, ағайынды Абдуллиндер қазақстандық композиторлардың опералық қойылымдарының қатысушылары болған. Муслим – Төлегенді («Қыз Жібек»), Қайрақбайды («Жалбыр»), Әзімді («Абай»), ал Ришат – Абайды, Ер Тарғынды, Қожағұлды («Біржан сал») сомдаған. Ришат Абдуллин Қазақстан музыка мәдениетінің тарихында Абай партиясын орындаған бірден-бір орындаушы ретінде қалды. Тура осы опера арқылы, 1948 жылы Қазақ өнері онкүндігінде Қазақстан өнерін мәскеуліктердің алдында танытқан ағайынды Абдуллиндер болатын.

Үкімет ағайынды Абдуллиндердің шығармашылығын өте жоғары бағалап, 1947 жылы Муслимге ҚазКСР-ның халық әртісі, ал Ришатқа 1967 жылы КСРО-ның халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты атағын берді. Ағайынды Абдуллиндер туралы сөз болғанда, ең алдымен қазақстандықтар олардың орындауындағы вокалды дуэтті еске алады. Себебі, ағайынды Ришат пен Муслим тек қана шығармалардың орындаушылары ғана емес, олар үлкен бір мәдени топтың жетекшілері болған.

Ришат және Муслим Абдуллиндер өздерінің камералы концерттерін жиі бермеген. Олардың әр сахнаға шығуы республиканың мәдени өмірінде үлкен орын алған. Себебі, ағайындылардың концерттері өтетін зал адамдарға лық толы болады екен.  

Ришат Абдуллин көбіне ұлттық шығармалар – қазақ және татар тілдеріндегі әндерді орындаған. Оның орындауында татар композиторы Рустем Яхиннің әндері мен романстары орын алған.

Муслим Абдуллин тыңдармандарына орыс композиторларының шығармаларын орындаушысы ретінде танымал. Соның ішінде М.Глинканың, П.Чайковскийдің туындыларының орындаушысы болған. Олардың қазақ тіліндегі туындылары да өз тыңдармандарын тапқан.

Ағайынды Абдуллиндердің репертуарлары өте кең және әртүрлі болған. Олардың ішінде Қазақстан аумағында тұратын көптеген ұлттардың әндері кірген. Өз шығармашылығы арқылы татар ұлтынан шыққан музыканттарды бүкіл қазақстандықтар арасында үлкен құрмет пен махаббатқа ие болған. 

Ағайынды Ришат және Муслим Абдуллиндер – қазақ ұлттық өнері тарихының қалыптасуына зор үлесін қосқан тұлғалар. Бұған отыз жыл өмірлерін арнаған. Абдуллиндер қазақ тыңдармандарына орыс және шетел классиктерінің туындыларын орыс және қазақ тілдерінде жеткізген музыканттардың бірі. Ағайындылар Қазақстан үшін жаңа жанр -  қазақ әндерін орындаудың вокалды дуэтін ұсынды.  

Абдуллиндердің бойына біткен өнер ұрпақтарына да берілді. Ришат Абдуллиннің ұлы Заур Абдуллин – әнші, операда жеке орындаушы болып қызмет істеген. Ал Заурдың қызы «Мюзикола» тобының әншісі Карина Абдуллинаны бәріміз білеміз. Абдуллиндер отбасының өнері өшпегеніне, өшпейтініне де осы дәлел боларлық. 

 

Әсем Жарымбекова

 

Бөлісу: