Ағайын-туыс

20 Тамыз 2014, 05:22

Ағайын-туыс – бірауыл, қауымболып, шаруашылық қарекеттерін бірлесе жүргізетін, бір-біріне қолдау жасайтын, қандастық жағынан жақын туыс, аталас адамдар немесе солардан өрбіген ұрпақтар.

Ағайын-туыс – бірауыл, қауымболып, шаруашылық қарекеттерін бірлесе жүргізетін, бір-біріне қолдау жасайтын, қандастық жағынан жақын туыс, аталас адамдар немесе солардан өрбіген ұрпақтар. Мұны «Сыйласқанға жат жақсы, жылысқанға ағайын артық» деген парема да айғақтайды. Қазақта екі туыстық байланыс бар: бірі «бірге күліп, біргежыласатын» тіршіліктегі қуаныш пен қайғыны бірге көтерісетін әке жағынан туыстық, екіншісі материалдық қарым-қатынаспен байланысқан құдалар мен тамырлар деп бөледі А.М. Балаубаева-Голяховская еңбегінде. А.-т.-тар қиын сәтте бір-біріне қол ұшын береді, сондай-ақ, жиын-тойларды, торқалы той, топырақты өлімді өткізуді бірге ұйымдастырады, ауыртпалығын бірге көтеріседі. Ағайын бір өліде, бір тіріде деген қағида осыны меңзейді. Әсіресе, адамның тіршілік циклына қатысты ғұрыптар мен салттардың атқарылуында бірлік пен ынтамақтастықтың орны ерекше. Туысы бірдің уысы бір, бөлінгенді бөрі жейді деп, арадағы ұсақ-түйек даушар, өкпе-назды елемеуді ескертеді. Қандастық жақындықты сезінуде ел бірлігін, қоғам тұтастығын сақтауда ағайын-туыстық ұғымының орны айрықша болған. А.-т.-тар жеті атаға дейін туыстықты үзбейді және қыз алыспайды. Қазақы ортадағы бұл қағиданың генетикалық жағынан алғанда дұрыстығы анықталып отыр. Жеті атаға толғаннан кейін ру ақсақалдары жиылып, жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық деп боз бие шалып, баталасып, бәтуаласып қыз алысып, қыз беруге рұқсат етеді (толығырақ қ. Жетіата; Ала арқан кесу).

Әдеб.: Балаубаева-Голяховская А.М. Погребальные обряды у казахов Акмолинский губерний // Сборник научного кружка при Вос- точном факультете САГУ. Вып.1. Ташкент. 1928; Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи этнографиялық шолу). Алматы: Ғылым, 1973; Әлімбай Нұрсан. Дәстүрлі қазақ қоғамын зерттеудің ілкімді принциптері жөнінде қысқаша номадологиялық дискурс (не- месе жалпытеориялық проекция) // Евразийский ежегодник. Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2005.

 

Ағалап шығу – ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстарда ойыншының айқын басымдылықпен жеңіске жетуі, қарсыласын жығуы, озық шығуы, жас бәйгеге (жүлдеге) ие болуы. Омбының циркінде өнер көрсеткен Қажымұқанның жұлдызды кезеңін «Омбы циркінде ағалап келген алыптың бірі» деп сипаттаған. Шетелдегі қазақтар арасында той, жарыстарда балуан күресі, сайыстарда бас жүлдеге ие болғандар жігіттерді «ағалаған балуан (жігіт)» атап, оған үлкен сый, құрмет көрсетеді. М.Әуезов «Абай жолы» романында тоғызқұмалақшылардың өзара сайысын сипаттаған тұста үш-төрт ойыншының ағалап шыққанын (озғанын) айтады. Ағалау сөзі туыстық қатынасты білдірмейді. Мысалы: алдын ағалау; алдына шығу, озу. Жақсы киімдерін киіп шықса, бұл кісі көптің алдын ағалайды. Мұнда алға шығу, ерекшелену деген мағынада қолданылып тұр. Ағалау сөзі көбінесе жарыс, сайыста озып шыққандарға көрсететін құрметтің бір түрі ретінде қолданылады (толығырақ қ. Тоғызқұмалақ).

Әдеб.: Жанпейсов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка по материалам произведений М.О. Ауэзова. Алма-Ата: Гылым, 1989.

 

Бөлісу: