Ағайынға арнау сөз

5 Қыркүйек 2014, 11:08

Шежіре туралы сөз

Шежіре – халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Ру, тайпалардың өрбуін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми шежіре - мәдениетті елдердің бәрінде де кездеседі. Қазақ шежіресінің қайнар көзі көп заман бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып отырған жинақтар. Ол белгілі бір тарихи шығарма іспетті атадан балаға ауызша, жазбаша жеткізіліп отырған.  

Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралған. Ру – арғы тегі бір түптен тараған туыстар тобы. Арғы атасын білу де айып емес. Ру – қазақ маңдайындағы ғажайып ерекшелік, ата-бабаларымыздың қаншама ғасырлар екшеген, електен өткізген мұрасы. Әрбір адам өзінің ата-тегі туралы мақтанышпен айтуға тиісті.  

Қазақ халқында қанша ру болса, соншама рулық шежіре қалыптасуы заңды құбылыс. Үлкен ізденіспен әзірленіп, ұсынылып отырған Кіші жүз Дәулеткелдіден тараған Барақ руының шежіресі де – қазақ шежіресінің бір тармағы. Шежірелерде негізінде тайпа, ру, аталардың таралуымен қатар, оларға байланысты тарихи оқиғалар, елдің қоныс аударуы, бір ел мен екінші елдің қарым-қатынасы, ол елдерден үздік шыққан би, шешендер, батырлар жайындағы ел арасына жыр болып таралған әңгімелер қоса жазылуы тиіс. Ұсынылып отырған шежіреде - біз ол мақсаттарды ұстанған жоқпыз. Ондай мәселелер біздің тарапымыздан зерттеліп, жинақталып, сарапталу үстінде. Әзірге Барақ руынан 2001 жылдың бірінші жартысына дейін қолымызға келіп түскен, жинақталған ер балалардың аты-жөндері ретімен шежіреге енгізілді. Алматы, Жамбыл, Қарағанды (бұрынғы Жезқазған облысын қосқанда), Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Өзбекстан Республикасында тіршілік етіп тұрып жатқан Барақ руының ұрпақтарының есімдерін осы шежіреден таба аласыз.  

Дүниеде Барақ есімділер көп. Хан, би, старшын, болыс, батыр атағын алған Барақ есімділер шүкір баршылық. Олардың тоғызы тарихи тұлғалар қатарында түрлі еңбектерде аталып жүр. Біз де сөз ретінде жас кезінде биікке самғап қыран болған, артындағы ұрпағына ұран болған ру атасы – Барақ бабамыз жайлы қолымызға тиген зерттеу мағлұматтарының бірін ұсынуды жөн көрдік.  

Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік Университеті жанынан ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу институтының Созақ өңіріндегі өкілі, зерттеуші Тәбірізұлы Сүлейменнің «Қарабура әулие» атты танымдық зерттеу еңбегінің 35-бетіндегі /Қарағанды, 1996/ мына сөйлем жолдарын нүкте, үтірін ауыстырмастан келтіре кетуді орынды санадық.

«Тамадан шыққан Барақ теңдесі жоқ батыр, әрі алып күштің иесі болған. Абылай ханның алдына рұқсат сұрамай кірген екен. Мұнысын ерсі көрген хан: «Кімсің, ей?» дегенде қаймықпастан: «Хан барында - Қара Барақпын, Хан жоғында - Хан Барақпын» деген екен. 

Бірақ, Тама Барақ батырдың барлық ісін басқа аттастары иеленіп, қиянат жасауда. Күндей күркіреп, айдай жарқырап Тама Барақ батырдың да аты шығары анық. Барақ батырдан тараған ұрпақ өздерін Барақ Тамамыз дейді».

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: