Ағаш шебері

20 Тамыз 2014, 10:46

Ағаш шебері - ағаштан түрлі тұтыну бұйымдары мен үй жиһаздарын жасайтын маман.

Киіз үйдің сүйегін жасаушы шебер. КСРО ҒА-ның 1928 ж.

А.Л.Мелков басқарған экспедиция материалы.

Ағаш шебері - ағаштан түрлі тұтыну бұйымдары мен үй жиһаздарын жасайтын маман. Ағаштан түйін түйетін шеберлерді төрт топқа бөліп қарастыруға болады: балташылар – үй құрау, арба, шана, есік, терезе жақтауларын т.б. жасаушылар; үйшілер – киіз үйдің кереге, уық шаңырақ, сықырлауық, адалбақан, асадал сынды т.б. бұйымдарын жасаушылар; оймашылар – жүкаяқ, кереует, кебеже, абдыра, саз аспаптарын оюлап жасаушылар; тоқушылар – себет, ергенек, қорап т.б. тұрмыстық бұйымдарын тоқушылар.

Ағаш шебері. Туркестанский альбом по распоряжению Туркестанско- го генерал-губернатора, генерал-адьютанта А.П. фон Кауфмана 1-го.

Составил А.Л.Кун. 1871-1872 атты еңбектен

Ағашшы күнделікті тұтынатын ас-су жабдықтарын: тостаған, аяқ, табақ, сапты аяқ, ожау, қалақ, шелек, күбі, астау, ат әбзелдері (ердің қаңқасы, ашамай), үй жиһаздарын: жүкаяқ, кебеже, сандық, асадал, адалбақан, аша, бақан, тіреуіш, төсек, бесік т.б. дүйім дүниені жасап, мәнерлейді.

  

Үскімен ағаш тесу. В.В.Каптерев. ҚР МОМ қорынан (КП17451/2).

Ағаштан жасалған бұйымдар төзімді, әрі жеңіл болғандықтан, қазақ көшпелі тұрмысында қолдануға ыңғайлы болды. Ағаш тасуға ыңғайлы болғандықтан ағашшы үйін орманға жақын жерге салған. Ағашшы кәсібімен айналы- сатындар қайың, арша, қарағай, тораңғы сияқты ағаштарды таңдап алып, көлеңке, әрі құрғақ жерде кептіріп, жонып сүргілейді.

Ағаштан ыдыс шабу. 1928 ж. КСРО ҒА-ның 1928 ж.

А.Л.Мелков басқарған экспедиция материалы.

Ағашты кесу, тесу, ою, ыңғырулау, өңдеу, дайын болған соң, бояу, оюлау, бедер салу сияқты істерге кіріседі. Ағаш үйдің уығын морлап ию, керегені қырып көктеу, шаңырақ ию, есік үйлестіру сияқты тәсілдер де кең қолданылды (толығырақ қ. Үйші).

А. ш. өздері өмір сүрген табиғи ортадан керегін тауып, таңдап, қажетті бұйымдар жасай білген. Ағаш желімін де қолдан қайнатып дайындаған. Сөйтіп, ағашшылар өздері жасаған бұйымдарды сатып немесе малға, тағамға айырбастап, кәсіпшілігімен күн көрген.

Ағаш шеберлік аспаптары – ағаш ұқсату, өңдеу жұмыстарына қажетті саймандар. Кез келген жұмысты бастар алдында А. ш. құрал-саймандарын сайлап алады.

 

Қазақ шеберлерінің дәстүрлі саймандары:

1       - моғал ыңғыру;

2       - балта;

3       - балға;

4       - шаппа шот;

5       - үскі;

6       - пышақ;

7       - аталғы шот;

8       - тік қашау;

9       - имек қашау;

10     - имек ыңғыру;

11     - моғал ыңғыру;

12    - құстұмсық ыңғыру;

13    - бұрғы;

14    - құсқұлақ;

15    - ойыс жүзді қашау;

16    - тістеуік;

17    - самиян ыңғыру. Суретші Ж.Шәйкен

Ағаш ұсталары құрал-саймандарын кесу, шабу, қию, жону, керту, ою, оймыштау, қырнау, қыру, тесу, сүргілеу, тілу, қару, бояу, жылтырату, сырлау, шегелеу, желімдеу және т.б. жұмыстарда қолданды. А. ш.-нің негізгі құралдары мыналар: балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, түрпі, тез, қашау, шапқы, қырғыш, ұңғы, ыңғыру, сыдырғы, егеу, тістеуік, үскі, пышақ түрлері және т.б. А. ш. аспаптар қатарына (әр аспап туралы жеке мақаланы қараңыз) ағаш балға, шот, атауыз (қысқы), аталғы, пышақ, пәрмі, қолшығыр, тышуыр, балға, ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), қырғыш, сүмсуір, қаламдықтемір (көзеуіш), ақсақтемір, қайрақ, білеу, қылау, жануыш, сүргі, зімпара, бұлғауыш, қылқалам, қуысқұлақ, белтемір, інкенже, жаңғырық, сына жатады. Бұлардың кейбірі сай- манды ұруға (ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), екіншісі – өлшеуге (ақсақтемір) немесе құрал-сайманды қайрау немесе астына тосып салу (жаңғырық, сына) сияқты жұмыстарға пайдаланылады.

Әдеб.: Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы: Қазақстан, 1977; Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. Алматы: Дайк-пресс, 2004; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: