Ағаш бұйымдар

20 Тамыз 2014, 09:45

Ағаш балға – сабы мен басы ағаштан жасалған ұста құралы. Оның жасалуы мен қолданысына қарай қостоқпақ, ұрытоқпақ, қияңқы деген түрлерге бөлінеді.

Ағаш балға  – сабы мен басы ағаштан жасалған ұста құралы. Оның жасалуы мен қолданысына қарай қостоқпақ, ұрытоқпақ, қияңқы деген түрлерге бөлінеді.

 

Ағаш балға. Суретін салған Ж.Шәйкен

 

Ағаш сырық – жуандығы баланың білегіндей, таяқтан ұзындау, жеңіл ағаш. Оны тал, қайың сияқты берік ағаштан жасайды. Еңбек адамы түрлі шаруашылық қарекетке қолданылған: қия асудан өткенде таянып жүруге, судан өткенде тереңдігін өлшеу, жаңа қатқан мұз үстінен және құй батпақпен жүргенде сақтық үшін ұстайды. Кейде сырықты иыққа ауырлау жүкті көтергенде іліп алып жүруге қолданады. Әулие адамның зиратының басына желкен сияқты ұзын А. с.-тарды шаншып (бойына шүберек, дыбыс шығаратын қаңылтыр т.б. байлап) қояды. Киіз үйдің биіктігінен өте ұзын сырықпен жаңбырлы күндері түндікті тіреуге, қаза болған кезде ұшына мата байлап белгі беру үшін қолданады (толығырақ қ. Бейіт, Бақан).

Ағаш тарақ 1 – қазақ қолөнерінде жүн өңдеу, кендірді өңдеуде қолданылатын құрал түрі. Ағаштан дүздерін қажетіне қарай алыс-жақын етіп, ортасында қолға ұстайтын сап шығарып жасайды, сабы ұзынды-қысқалы болады.

Ағаш тарақ. ҚР МОМ қорынан (КП 10546/2).

Көшірме. Суретші Ж.Шәйкен

Ағаш тарақ 2 – сабаға пісіп алынған майды қыл- қыбырдан тазарту үшін қолданылатын ағаштан жасалған тарақ тәрізді жіңішке дүзді арнаулы бұйым. А. т.-пен май «қылшықтайды», яғни дәстүрлі сарымай дайындау тәсілінде сабадан (күбіден) астауға немесе тегенеге қолмен алып жинаған майдан іркітті қолмен сығып, «шынықтырмай» тұрып, оның арасында кеткен қыл- қыбырдан тазартады (толығырақ қ. Май қылшықтау).

Ағаш тарақ. Реконструкция. Суретші Ж.Шәйкен

А. т.-ты алдымен бір бағытта тарап, дүзіне ілінген қыл- қыбырды алып тастайды да, онан кейін оған көлденең бағытта тарайды. А. т. болмаған жағдайда майды кішілеу пышақтың сыртымен, жетесімен (дүзімен емес) атқарады.

Әдеб.: Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1969; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

Ағаш төсек  – ертеде дәстүрлі ортада таралған ажыратылып құрастырылатын үй жиһазы. Оның басы қайқы, төрт, алты, сегіз аяқты түрлері таралған. Оның кең таралған атауы төсекағаш.

Ағаш шелек – ағаштан ойып жасалған, ақ тағам, сусын, су сақтауға және тасуға қолданылатын ыдыс түрі.

Ағаш аяқ 1 – ағаш түрлерін ойып, жонып жасалған, көлемі шағын, сусын ішетін ыдыс түрі.

 Ағашаяқ 2 – аяққа ұзын ағаш сырық байлап немесе бақанның айырын қолтығына бекітіп алып түрлі өнер көрсететін адам. Жерден көтеріліп жүріп билейтін биші, әнші «ағаш аяқтар» екі аяғына ұзын сырық немесе таяқты таңып алып билеп, неше түрлі қимылдар көрсетіп елді күлкіге қарық қылатын болған.

 

«Ағашаяқты» (сырықты) аяғына байлау тәсілі. Суретші Ж.Шәйкен

 

ХІХ ғ.-да Жетісуда өмір сүрген Рақымберді есімді «ағаш аяқ» қатар шөгіп жатқан тоғыз түйенің үстінен секіру, оған қоса неше түрлі би билеу тәрізді өнер көрсеткен. Ол «Қалды-ау, қалды-ау, қыз қалды-ау» деген әні арқылы ел жадында қалған. 1861-1932 жылдары қазақ жерінің шығысында өмір сүрген ағашаяқ Берікбол Көпенұлы желаяқ жүйрік, шабандоз, күлдіргі-сайқымазақ, түрлі цирк ойындарының шебері болған. Өскемен уезінде өмір сүрген Назаролла Жүндібайұлы атты «ағашаяқ» жастайынан өлең айтып, домбыра тартып серілік құрған, аң-құстың даусын салып, неше түрлі күлдіргі ойындар көрсеткен.

Әдеб.: Қорабай С. Ағашаяқ // ҚҰЭ. 1-том. Алматы: Қазақ энцикло- педиясы, 1998; ОМЭЭ – материалдарынан.

Ағашат – қайтыс болған кісіні (мәйітті) бейіт басына дейін көтеріп апаруға арналған зембілге ұқсас ағаштан жасалған ғұрыптық құрылғы. Ол ұзындығы екі кезге таяу ұзын екі сырықты арасынан қосып, оған төрт немесе алты аяқ орнатып жасалады. Екі ұзын сырықтың ортасын ағаш тақтайшалар шегеленеді. А. үстіне мәйітті жаназа шығарған кезде әкеліп қояды. Сырықтың екі басындағы төрт ұшы көтеруге лайықталып, жұмырлап жонылады. Сирағының биіктігі адам тізесінен жоғары келетіндей болады.

Ағашаттың ерекше бесік деп аталатын түрі. Реконструкция.

Суретші Ж.Шәйкен

Дүниеден озғаннан соң марқұм о дүниеге ат мініп барса жұмаққа тез жетеді деген түсінікпен байланысты (қазақта марқұмның науқанына арнап о дүниеде жаяу жүрмесін деген сеніммен ертеде міндетті түрде жылқы соятын ғұрыпты еске алуға болады. Құрылғының атауы атқа теңеуге байланысты қалыптасқанға ұқсайды. Ол туралы Ағаш атқа [ағаш аттың басына] мінгізді, ағаш аттың басына іліп әкетті деген тұрақты тіркес «қайтыс болды, бақилыққа аттанды» деген мағынада қолданылған.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: