20 Тамыз 2014, 06:23
Ағаш – адамның күнкөріс қарекеті мен рухани өмірде ерекше орын алатын табиғат нысаны. Анимистік дүниетанымға байланысты туындаған наным-сенімдер бойынша ағаштарда жаны бар «тіршілік иесі».
Киелі ағаш. А.И.Бортников. ҚР МОМ қорынан (КП 2612).
Саян-Алтайдағы түрік халықтары А.-қа құрбандық шалып, сан түрлі жора-жосындар атқарады. Олардың А.-ты ерекше қастерлеуі орманды өлкенің тұрғындары болғандығымен байланысты болса керек. Мысалы, иркит руы өздерінің «әкесі ырғай, анасы қайың» деп санайды. Ал қазақта қыпшақ руының арғы тегі А.-пен байланысты айтылатыны белгілі.
Иенде өскен жалғыз А.-ты қасиетті ағаш, шығыс қазақтары сетер ағаш немесе көбіне тал кездесетіндіктен сетер тал деп атайды.
Қазақ наным-сенімі бойынша әулие адамның табаны тиген жерде өскен немесе әулиенің көлеңкесі түскен А. қасиетті ағашқа айналады екен. Қазақ жапан далада жалғыз өскен А.-ты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санап, оны кеспейді, зақым келтірмейді, тіптен саясына барып, ұйықтамайды. Әйтпесе сол А.-тай сопиып жалғыз қаласың, ал дүниеде жалғыздықтан өткен жамандық жоқ, жанның құлазуынан асқан қорлық жоқ деседі. Жалғыз А.-ты жалғыз қалудың нышаны деп қарайды. Топырақ үйілген төбешіктер, құла түздегі жалғыз А., шөл мекен далада бұтақтары тарбиып өскен бұталар да қасиетті делінеді. Сол жерлерде түнейді, шүберек байлайды. Әулие жатқан жер деп танып, мал сойып, тілеу тілейді.
Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсаң көктей соласың деп ырымдалады. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде қосарланып өскен, қатар біткен А.-ты кеспейді. Себебі қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың деп тыйым еткен. Яғни, дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді деп қатты ырымдайды.
Ағашқа қатысты тағы бір тыйым далада жатқан, шала жанған А.-ты үйге кіргізбейді. Өйткені, «күйелі ағаштай» адамға пәле жұққыш үйірсек болып кетеді деп ырымдаған. Яғни көңіл шаладай бықсып, үй ішінде алауыздық туады, тіптен қорадағы қой, өрістегі жылқы, қотандағы сиыр, даладағы түйе шала туып, шығын көбейеді деп ырымдайды. Береке кетіп, бақыт сөнеді, адам өледі деп қорқады. Малды қу шыбықпен немесе қабықсыз А.-пен, әсіресе жыңғылмен айдатқызбайды. Қазақ ырымында жыңғыл қатты жынысты болғандықтан онымен мал айдау жамандық нышаны делінеді. Бұл тыйым «Кендірменен байлама, жыңғылменен айдама, Жыңғылменен айдасаң, мал бітер деп ойлама» деген сөз орамында көрініс береді.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»