1 Наурыз 2014, 10:44
Біздер Бауыржан Момышұлын көбіне халқымыздың дара туған тұлғасы, кешегі Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы ретінде білеміз. Ал нағыз қуатты ағысы тереңде жатқан дария-дарын иесі, рухани ұстаз ретінде Баукеңді әлі толық танып-білгеніміз жоқ. Асылы, қазақтың арқалы ақындарының бірі Хамит Ерғалиевтың «Баукеңнің телегей‑теңіз тағылымы болашақтың, таяу мыңжылдықтың әңгімесі» деуі тегіннен-тегін болмаса керек.
Бауыржан Момышұлы жалпы адам баласының, абзал қасиеттері бар азамат тәрбиесін отыз ойланып, тоқсан толғанған, парасатты ойшыл. Ол, әсіресе ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Баукеңнің «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қанғыбас» деуі жайдан-жай емес. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын – ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлары арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл ойлар арысы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», берісі Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қағидаларымен сабақтасып жатыр.
Бауыржан Момышұлы - ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе ұлттық рухты қалыптастырудың қажеттігін қылышынан хан тамған кеңестік кезеңде ешкімнен тартынбай айта алған адам. Оның «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді» деген өсиеттері бүгінгі күні де атойлап тұр.
Кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет ұсынылғанымен Мәскеудің генералитетіндегі «аса қырағыларға» Бауыржан Момышұлының биік ұлттық рухы, өз ұлтын жанындай жақсы көргені, оның мүддесі үшін жан қиярлық іске дайын екендігі, яғни «ұлтшылдығы» ұнамады. Баукең бастаған сарбаздар сан мәрте теңдесі жоқ ерлік көрсетсе де, оның ержүрек басшысына кеңес кезеңінде батырлық бұйырмады.
Осындай шынайы мағынасындағы ұлтшылды орысша айтсаң ұқпайтындар, қазақша айтсаң да түсінбейтіндер, бойында не қазаққа, не орысқа тән қасиеттердің жоқтығы қинаған. Сондықтан ол кімде кім өз ұлтын сыйласа және оны мақтан тұтса, ол сөзсіз өзгені де сыйлай алады, белгілі бір ұлттың толық азаматы болып әрі өз ұлтын мақтан ете отырып, басқа халыққа да лайықты қарай алады деген тұжырым жасаған. Бұл ойын ары қарай тарқата түсіп,
«Әрбір адам өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтын терең сүю мен оны мақтан ету арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп және оларды да сүюге тиіс» дейді.
Бауыржан Момышұлы қазақ тілінің болашағын ойлап, ана тілдік кеңістіктегі келеңсіз көріністердің алда неге алып келетінін болжап, біліп, ол туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазған. Енді осыны арнайы әңгіме өзегі етіп, бірер ойымызды ортаға сала кетсек. Бұл хаттың мән-мағынасын кешегі кеңестік кезеңде ұлтымыздың басшылары түсінгенімен, оны жүзеге асыру үшін еш шара қолдана алмады. Қайта жағдай тереңдей түсті. Оған елімізде 700 қазақ мектептерінің жабылып, жаппай аралас мектептер қаптағанын айта кетсек те жетер. Олардың, шындығына келгенде, орыс мектептерінен айырмасы шамалы болатын.
Ия, хат жазылған кез 1944 жылдың наурызы еді. Жаудың беті кеңестік кеңістіктен толық түріліп, Ұлы Отан соғысының бағыты айқындалғанымен кескілескен ұрыстар әлі жүріп жатқан-ды. Осындай кезеңде қысқа демалысқа елге келген, сезімі сергек, ойы ұшқыр Бауыржан Момышұлының көңілге түйгендері көп еді. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты газеттерді оқып, кейбір, кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе‑жортып қарап шығып, күннен күнге ұлғайып, шым‑шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен естігендері бір төбе болатын. Баукең қазақ қоғамындағы, әлеуметтік орталарда орыс тілінің үстемдік ете бастағанын байқаған, келешегін таныған. Бұл мәселенің тұтас халықтың бүкіл тағдырындағы аса күрделі екенін, терең тамырлы келеңсіз көріністің алда ушығып, кері әсер етіп, қазақ халқын өзі сан ғасыр жинаған рухани байлығынан айыратынын ойлап күйзелген. Ол соғыстағы жеңілістен рухани жеңілісті жоғары қойған. Бір соғыста жеңілген келесі бір шайқаста жеңіске жетуі мүмкін. Ал рухани жеңілісте әсте жеңіс бола қоймайды деп санаған.
Бауыржан Момышұлы бүйте берсе, күндердің күнінде қазақ елінің де тағдыры қыл үстінде болатынын жақсы түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, онымен күресті өзінің қазақ ұлтының өкілі ретінде азаматтық борышы санады. Сол үшін хат жазды. «Мен әскери адаммын, - дейді ол - тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез‑құлқын тәрбиелеу, салт‑сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра‑дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын». Этикетті қатты сақтайтын автор өзінің көзқарасының, түсініктерінің бәрі бірдей дұрыс бола бермеуі мүмкін екенін де ескертеді.
Хат ана тілі туралы терең толғаныстарға толы. Оны ерекше сезім құшағында болмай, бейжай оқу мүмкін емес. Соның бірін, ұзақ та болса, келтіре кетейік: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам» дегендейін - қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышыңды қандырып, ұғымыңа қонымды, жүрегіңе тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып - туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді». Осы тебіренісін ары қарай жалғастыра келіп, Баукең қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып көрмегенін, өз сыбағасын ешкімге жегізбегенін, тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, оның салт‑санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі екендігін атап көрсетеді.
Расында да, таза шешендік, шеберлікпен ойындағысын айта, ұғындыра білген, ел басқарған көсемдер мен шешендерге қазақ тарихы кенде болған жоқ. Төле, Қазбек, Әйтеке билер алмас қылыштай өткір тілдерімен бүкіл қазақ елін бірлікке ұйыстырып, алысқанын жеңіп, тартысқанын табанға салғанына кәрі тарих куә.
«Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, адам баласының байлығында тілден артық ештеңенің жоқтығын жақсы ұғынған, оған бас иген Баукең мәдениетіміздің өзегі, қазақтың басты ұлттық белгісі – тілі, қазақ тілі деп бағалай отырып, «Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады» дейді. Ол қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл... Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді, еркін айта алмайсың» дегендерді қатты сынға алып, өз сөзіне толып жатқан мысалдар келтіреді. Мұндай ойлардың егесі «өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай – құр қалғандардың, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалғандардың надандықтарының сылтауы дегенге мегзейді. Осы арада хат иесінің егер қазақ тілі кедей тіл болса, онда сонау заманда-ақ Абай, Сұлтанмахмұт сияқты ақындарымыз Еуропаның атақты данышпан ақын-жазушыларын өз нұсқасынан артық етпесе, кем аударған жоқ еді ғой деген пікірін келтіре кеткен артық болмақ.
Бауыржан Момышұлы тілдің тазалығын сақтаудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше көңіл бөлген. Баукең «елге жақын, барлық жаңалықтарды елге түр‑түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы үлгі‑насихат құралдары» саналатын сол кездегі қазақ газеттері пен радиосын оқып, тыңдағанда «сөйлем құрылыстарына тіл күрмеленетінін», «тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін» , қазақ журналистерінің «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» кеткен жан аярлығы молын, жауапсыздығын, ана тілін қадірлемей, қазақша ойлап, үйлестіре сөйлеп, жазуға тырыспағандықтарын қатты сынайды.
Хаттағы тіл саласының аса маңызды буыны – термин жасау туралы ойлар да кемел. Ана тілді дамытудың, оны шеттен тіл ауысу арқылы термин жасаудың әлемдік жолын Бауыржан Момышұлы жақсы білген. Ол «тілді байытам деген ақ адал ниеттің негізі, ана тілін толығынан сақтап, жаңалықтарды оның үстіне қосып, дамыту, таныту әбден айқын, әр халықтың тарихында бар арналы жол – нұсқа» деп атап көрсетеді. Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, «өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек» дейді. Сондай-ақ қазақ тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына, жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу көбіне әдет болғанын батыл сынай отырып, хатта өзі ұсынған көптеген сөздердің аударма нұсқалары келтірілген. Олар қазір тілімізде солай қалыптасты. Сонымен қатар хатта Ресейдегідей терминологиялық, түсіндірмелік, орфографиялық сөздіктер жасаудың қажеттігі атап көрсетіледі. Бұл ойлар сол кез үшін өте өзекті болатын.
Бүгінгі таңда да термин жасау мәселесі әлі өткірлігін жойған жоқ. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін әлі де мемлекеттік тұрғыдан жете бағалай алмаушылық ана тілі төңірегіндегі көптеген мәселелердің батыл шешілуіне мүмкіндік бермей отыр. Соның бірі - термин жасау мәселесі. Аса күрделі мәселемен арнайы мемлекеттік құрылымдар айналыспай, бұл бағыттағы жұмысымыз жемісті бола қоймайды.
Бауыржан Момышұлы хатта қазақ тілінің тағдырына қатысты нақты бірнеше ұсыныстар жасайды. Солардың екі-үшеуіне арнайы тоқтай кетейік. Алдымен 30-жылдардың басынан қазақ тілінің бұрмалануына, бүлдіріле, бұзыла бастағанына әділ баға беріліп, «қазақыландыру мәселелесін алдымен қазақтардың өздерінен, тіл жөнін тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында бұл мәселені қайтадан әділдікпен көтеріп, қолға алынылуын ұсынды. Алайда, бұл принципті мәселе әлі толық шешілмей, осы күнге дейін күн тәртібінде тұр. Сонан соң қазақ тілінің беделін түсіру, бұрмалау, бүлдіру халықтың халық, ұлттың ұлт болуына өте қауіпті, зиянды болғандықтан, тіл білмейтіндер, шүршіт болып кеткендердің орнына «салмақты, саналы, жауапты, қазақ тілінің мүддесін қабырғасы қайыса ойлайтын адамдар тағайындалсын» дейді. Бұл арада әңгіме өз ұлтымыздың өкілдері туралы болып отыр. Осыларды және басқаларды айтып келеді де, Қазақстанда қазақ тілі Заңның әділдігі бойынша мемлекеттік тіл болып саналып, төрге шығарылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтірудің шараларын тездетіп қолға алынып, іс жүзінде қатал төңкеріс жүзеге асырылуы тиіс деген қорытындыға келеді. Бірақ бұған сол кездегі ұлттық мұраттарды мойындай бермейтін ұлы державалық шовинистік ауруға шалдыққан Орталыққа қатаң бағынған жағдайда мүмкіндік жоқ болатын.
Бауыржан Момышұлының хатынан бері 60 жылдан артық уақыт өтті. Құдайға шүкір, еліміз егемендікке жетіп, мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Баукең армандаған қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл турасында Заң да, конституциялық шешім де бар. Тілдерді қолдану мен дамытудың кезең-кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары жасалып келеді. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңи түсті. Рас, сең қозғалды. Бірақ осыны айтсам, көз алдыма сонау балалық шақ еске түседі. Ол кездері Сырдариядағы сеңнің кеткенін қызықтап өзен жағасына жиі баратынбыз. Сонда әуелгі кезде су ортасындағы үлкен мұздар бірін-бірі ұстап, сеңнің қозғалысына қарқын бермей тұратын. Бұл сонымен қатар өзеннің айналмалары мен қолтықтарындағы мұздың ыдырауын тежейтін. Сондықтан біздер осы аумақтарда біразға дейін коньки тебе беретінбіз. Біздегі ана тілінің жағдайы осыған ұқсас.
Ең негізгісі - қоғамда мемлекеттік тіл өз мәртебесіне лайықты орын ала алмай отыр. Көптеген әлеуметтік орталарда қазақ тілі босағадан сығалап қарап тұр. Қалаларда қазақша тілі шыққан жас балаларды кездестіру бүгін де таңсық. Қазақ тілін кедей тіл, онымен айтайын деген ойыңды еркін айта алмайсың дегендер мен ұлттық мақтаныш сезімі мен ұлт намысынан ада, өзінің рухани кедейлігін мойындағысы келмейтіндерді қазіргі басшы қызметкерлер мен кез келген мамандық иелері арасынан табу қиын емес. Өзінің ұлтын сыйлай, мақтаныш ете алмай, өзінің ана тіліне көңіл бөлмей, оны менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, сонан соң бүгін азын-аулақ ағылшынша білгеніне мәз болып, өз ана тілінен жеріп, мәдениеттің көзін тек өзге тілден іздеп жүргендерді кездестіру осы күндері де қиындыққа түспейді. Баукең айтқан «қазақ тілін ана тілім деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып, өсуді міндетім деп білмейтін» «немере‑шөберелерді» қазіргі қазақтың кез келген отбасынан табуға болады. Бұл арада принципшілдікті таныта алмай отырған ата да, әке де кінәлі, дегенмен салмақтың басы анада жатыр. Өйткені ана өз тілінде сөйлемей, баласы анасының тілінде сөйлемейді. Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сөйтіп қазір де қазақ тілі - ұлттың өзегі екенін түсінбеушілік жетіп артылады. Ағаштың өзегіне құрт түссе, ол ағаш тез шіриді, пайдаға аспайды. Ұлтымызды талай қырғыннан сақтап келе жатқан осы ана тіліміз деген ұлттық мақтаныштың әрбір қазақ баласының бойын билей алмауы қоғамда көп қиыншылықтарға әкелуде. Мұның бәрі мемлекеттік тілдің болашағы шешілетін мектеп алды мекемелер мен жалпы білім, орталық, аймақтық билік жүйелерінде қазақ тіліне қажеттілікті туғыза алмай отырғанымызда. Барлық қазақ ұл-қыздары қазақ мектептерінде оқып, өз ана тілінде білім, ғылым алулары қажет деген рухани ұстаз пікірін ескеретін де ешкімнің болмауында. Расында да, орысша оқып, орысша тәрбиеленген қазақ баласын ата дәстүрінде тәрбиелеу де, оның ұлттық сана–сезімін қалыптастыру да қиынның қиыны. Бұл, «Өз перзентін тек орысша оқытса ата‑анасы, Ана тілін ардақтауға жетпегені шамасы», - деп нағыз ұлтшыл ақынымыз Мұхтар Шаханов айтқандай, аса күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
Сонымен өткен ғасырдың 40-жылдары көтерілген принципті мәселелер түгел шешілді деуге әлі ерте. Оның толып жатқан әлеуметтік, саяси-құқықтық себептері бар. Оны тарқатып айтуға уақыт тар болып отыр. Дегенмен мына бір мәселені ескерте кеткен артық болмас. Ол әлемдік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыздан асса, онда сол мемлекетте мемлекеттік саясат мемлекет құраушы ұлттың мүддесі мен мұратына жұмыс істеуі қажет. Бұл шындықты біздер ғана мойындай алмай отырмыз.
Қоғамымыздағы, Баукең сөзімен айтқанда, «не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмау», «шөре-шөре» болу ұрпақтарымыздың ұлттық ойлау жүйесін бұзып отыр. Бұл болашағымыз үшін аса қауіпті. Күндердің күнінде өзінің төл тарихын білмейтін, ұлттық құндылықтарды мойындамайтын мәңгүрттер осылардың қатарынан шығады.
Қазір посткеңестік кеңістіктегі елдер түгел дерлік мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдады. Біздер артта қалдық. Рас, мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдаудың аса күрделі екенін түсінеміз. Алайда, ғасырлар қордаланған жағдайдан тек мемлекеттік «Тіл туралы» арнайы Заң ғана алып шыға алады. Оны қабылдаудың қажеттілігі туралы құқықтық норма Негізгі заңымыздың 93-бабында айқын жазылған. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық күй де орнықты. Демографиялық жағдай сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Елімізде өзге этнос өкілдерінің көзқарасында жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасты. Мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қазақ халқына ғана емес, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін басқа этнос өкілдеріне де қажеттілікке айналды. Оны кейінгі кездегі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер анық байқатып отыр.
Сонымен Бауыржан Момышұлының хатын қайта-қайта оқығандағы түйген ойымыз - мемлекеттік «Тіл туралы» Заң болмай, қазақ тілінің мәселесі толық шешімін таба алмайды.
/ «Ана тілі», №49 (1042), 9-15 желтоқсан, 2010 жыл.
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.