Қаһарман Рахымжанның досы Балташ Сейітов

6 Мамыр 2015, 04:29

Көкшелік майдангерлер топтамасының кезекті саны Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен атақты Рахымжан Қошқарбаевтың досы, майдангер Балташ Сейітовке арналады.

Көкшелік майдангерлер топтамасының кезекті саны Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен атақты Рахымжан Қошқарбаевтың досы, майдангер Балташ Сейітовке арналады.

Балташ Омарұлы Сейітов 1924 жылы 11 қазанда бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданы амандық ауылында дүниеге келген.  Ауылдағы бас көтеретіндердің бәрі соғысқа кетіп, естияр адам болмағандықтан, Балташ 17 жасында ауылдық кеңестің хатшылығын мойнына алады. Кеңеске  4 ұжымшар қараған, біршама үлкен ауыл болатын.  Балташ тіршіліктің ауырлығына мойымады, ауылды басқарып жоспарлы жұмыстар ды ойдағыдай атқарды. Оның жанын жегідей жеп,  ең ауыр тиген мәселе, майданнан келген қара қағазды, майдангерлердің туыстарына жеткізу болыпты. Бұл қайғыдан құтылу үшін майданға сұранып, 1942 жылы соғысқа аттанады. Ол  Свердловск қаласында аз уақытта соғыс тәсілдерін үйренеді.

Балташ қызмет еткен 105-полк Ленинград қаласын азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етіп тұрған Ладожское көлін қорғауға қатысады. Бұл көл үсті жолы Ленинград қаласын сыртпен байланыстырып, күре тамыр қызметін атқарған еді.  Жолдың маңыздылығы соншалық оны «өмір жолы»  деп те атаған.  Маңызды нысанды жою үшін немістер әуеден күндіз-түні шабуылдағанымен, оқ пен жарылған бомбаның астында жүріп, кеңес жауынгерлері Ленинградты жауға бермей қорғап қалады.  Немістер қаланы алуға шамасы жетпей, шегініеді. Жау әскері  Прибалтикаға шегініп, Латвия мен Беларусия азат болады. 1945 жылы Польшаны азат еткен Балташтың полкі Одер өзені  маңында фашистердің негізгі күшін талқандап Берлинге жетеді.  Балташтың жерлесі, досы Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың 2 мамыр күні, Рейхстаг төбесіне  жеңістің арнайы қызыл туын, алғашқы болып  тіккенін көргенінде, елі, қазағы үшін деген намыс оты бойын кернеп, досына деген мақтанышпен, қуаныштың жасы кеудесіне сорғалағанын, өмірінің соңына дейін, еліне, баларына үлгі-өнеге етіп айтып келгенін ұрпақтары мақтанышпен еске алады.

Рейхстагқа Рахымжан ту тіккен соң,  Берлин тұрғындары балкон терезелеріне ақ ту іліп, бейбіт келісімге келуге ниет білдіреді. Соғыс бітсе де Балташ Омарұлы маршал Г.Жуков және фельдмаршал Кейтел қол қойған келісім бойынша тарихи капитуяция қызметінде қалады.  Содан 5 жылдан соң елге оралады. Соғыстан кейін Рақымжанмен достық ара қатынасы үзілмеген. Араласып, құраласып, бірге жүріп, демалыстарын бірге өткізіп тұрған. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл ту», «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені және бірнеше медальдар мен сыйлықтарға ие болды.

Бакең құралайды көзге атқан мерген болыпты.  КСРО-ның шекера әскерінде талай жарыстарға қатысып, алдынғы орыннан түспепті.  Ол әскери қызметтен соң жоғарғы партия мектебін бітіреді. Зейнетке шыққанша жауапты қызметтер атқарады.  Бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», үш мәрте «Құрмет белгісі» ордені және медальдармен марапатталды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағы берілген.  Майдангер Балташ Сейітов 2014 жылы Жеңістің 70 жылдығына сәл жетпей өмірден озды. Менің әріптесім, ауған соғысының ардагері, белгілі журналист  Төлеген әкесі Балташ жайлы естеліктер көп айтып жүретін.  Біздің жазғанымыз майдангердің өмірінен қысқаша мағлұмат қана. Ел ерлерін, білсін, танысын, ардақтасын дегендік.


                                     Дайындаған Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу: