Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің ұрпағы

28 Мамыр 2014, 12:14

Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің ұрпағы

     

      Дәстүрге айналған Елбасының Жолдауын халық үйреншікті қабылдайтындай көрінгенмен, жыл сайын тағатсыздана күтеді. Бұл жолы да Жолдау жариялана салысымен қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылып та үлгерді. Бәзбіреулер жалақы, зейнетақы, жәрдемақы көтерілуі туралы сөз болмағанын айтса, кейбіреулер бұрынғыдан өзгешелеу екенін, экономикалықтан гөрі әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуымен ерекшеленгенін алға тартады. Осы ретте біз де ел үшін аса маңызды саналатын бұл құжатта айтылған мәселелерге байланысты өзіміздің жеке пікірімізбен бөлісуді жөн санадық.

            Күні кеше ғана жарияланған Елбасының Жолдауын біз, жалпы, қалай түсінудеміз? Әлемде болып жатқан құбылыстарды ескере отырып, еліміздің 2050 жылға дейінгі бағытын алдын ала айқындауы ұлтқа не береді? Жалпы, халық Жолдаудан не күтеді және бұл құжатта айтылған сөздер бұқараның үкілеген үмітін қаншалықты ақтады?

              Кез келген ел алыс және жақын болашаққа арналған жоспар құратыны дүниежүзілік тәжірибеден белгілі. Ал Қазақстанның алға қойған мақсаты, күн тәртібіне енгізген мәселелері қандай? Ол туралы біз Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан анық көре аламыз. Әрине, жеке-жеке, тарау-тарауға тоқталып, кеңінен толғау үшін том-том кітап жазуға болатын шығар. Біз тек қоғамның бір бөлшегі ретінде өз ойымызбен бөлісіп, Жолдауда айтылған Мәңгілік Ел идеясына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

          Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі кезеңде кез келген мемлекет болашаққа арналған бағдарламаларын қабылдайтыны белгілі. Бұл үрдіс кешегі Кеңестік дәуірде де сақталып, сол кезде де КСРО-ның өзіндік жоспарлары болған. Біз егемендік алғаннан кейін бірден нарықтық қатынастарға көштік. Сол арқылы экономикамыздың дамуын  нарықтың заңдылығына көшірдік. Жыл сайын қоғамның көптеген салалары мен қатынастарының бір жылға дамуына арналатын Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланатын. Бұл қысқа мерзімге арналған жоспар. Ал  ұзақ мерзімге арналғаны –  «Қазақстан – 2050» болды.

         Жалпы, мемлекеттің міндеті – қоғам ішіндегі алуан түрлі қатынастарды тек реттеп отыру ғана емес, сонымен қатар оны уақыт талаптарына және дүниежүзілік жаңа қатынастарға сай жетілдіру. Осындай жағдайда ғана мемлекет, мемлекетті құраушы қоғам, қоғамды құрушы халық тарих қойнауында қалып қоймай, керісінше әлемдік аренада алдыңғы қатардан орын алады. Мұны кез келген адам жақсы түсінеді деп ойлаймыз.

         Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында 2030 жылға арналған стратегиялық дамудың басым бағыттары мен оның кейбір көрсеткіштері орындалғанын, сол себепті де жаңа мақсаттарды айқындап, жаңа  міндеттерді күн тәртібіне қою қажеттілігін атап өтті. Жалпы алғанда, 2050 жылға арналған бағдарлама – жай ғана саяси құжат емес немесе экономикалық дамудың жоспары ғана емес, ол – Қазақстан Республикасының, қазақ халқының ұзақ мерзімге арналған дамуының бағдары болып табылады.

Өзге қырына тоқталатын болсақ, мәселен, қарапайым халық Жолдаудан көбінесе материалдық көмек, жалақы мен зейнетақы мөлшерінің көбеюін күтетіні жасырын емес. Ал ұлттық мәселеге келгенде көпшілік салғырттық танытып, бей-жай қарайтындай көрінеді. Бұған да түсіністікпен қарауға болатын сияқты. Себебі, айлығы шайлығына жетпей, ертелі-кеш күн көрістің қамымен жүргендер қарасы әлі де көп. Ұлт келешегі мемлекеттің болашағымен байланысты десек, осы жерде қозғалған мәселеге бойкүйездік танытатынымызға кейіп жатамыз. Десек те, «Сананы капитал билеген» (К.Маркс) заманда халыққа кінә артудың өзі артық. Алайда, сонымен қатар, «2050 жылы кім бар, кім жоқ» дейтіндер де табылады. Кезінде 2030 жылға дейінгі бағдарлама жарияланғанда дәл осындай сенімсіздіктер қарапайым халық арасында ғана емес, зиялы қауым ортасында да болған. Бұл бағдарламаға көп уақыт өткен жоқ, ал нәтижесі мен алғашқы жемістерін қазірдің өзінде байқауға болады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз қандай едік, қазір қандаймыз? Осы аралықта халықтың әлеуметтік жағдайы да біршама жақсарғанын қалайша назардан тыс қалдырамыз? Қазіргі таңда оппозиция көзімен қарасақ, бүгінге дейін ешбір мардымды іс тындырылмаған, ылғи ұтылып жатқандай болып көрінеді. Ал шын мәнінде еліміз тәуелсіздік кезеңінде көптеген жетістіктерге қол жеткізгені анық. «Көрмес, түйені де көрмес» демекші, барлық іске көз жұма салатын әдетіміз тағы жоқ емес. Десек те, «қолда бар алтынның қадірін» білген жөн болар. Сол себепті де, жақсы өзгерістерді дұрыс қабылдап, оны мемлекетті басқарудағы жұмыстың жемісі деп қабылдау керек шығар.

Жалпы, ұзақ мерзімді Жолдауда ел дамуының негізгі бағыттары мен ұстанымдары туралы айтылған. Сондай-ақ дамудың басты көрсеткіштерінің бірі – ішкі жалпы өнім құнының жан басына шаққандағы көлемі дүниежүзіндегі алғашқы отыздықта тұрған елдердің көрсеткіштерімен теңестірілетіні кім-кімді де таңғалдырары сөзсіз. Тіпті, бәзбіреулер бұл тек мақтану үшін айтылған сөз деп қабылдауы мүмкін. Алайда бұл құжатты бір адам ғана емес, нағыз кәсіби мамандар даярлағанын, ғылыми мекемелердің мамандарының сынынан өткергенін естен бір сәт те шығармағанымыз жөн.

Жалпы, қоғамда кез келген іске байланысты үш түрлі пікір болады. Бірі – оны қолдайтын, жақтайтын күштер болса, екіншісі – оны ұнатпайтын, қарсылар тобы, ал үшінші топтағылар – не болса ол болсын, маған бәрібір, тек өзім аман болайын, тек өз шаруам дұрыс жүрсе болғаны  деген  пікірді ұстанатындар. Мұндай көзқарастардың болуы заңдылық және ондай пікірлер барлық дәуірлерде, барлық мемлекеттерде болған.

         Бір қуанарлығы бейбітсүйгіш мемлекетпіз. Бұл да аса маңызды фактор болып табылады. Мемлекеттің ыдырауына ешқандай қауіптің жоқтығына мың да бір шүкір дегіміз келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі өткен жиырма үш жылды тұрақты өткіздік. Сыртқы саясатта да жетістіктер жеткілікті. Көпвекторлы сыртқы саясатымыз барлық ірі мемлекеттермен дұрыс қарым-қатынас орната білді.

  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауындағы 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшеміз деген саяси шешімді біздер дұрыс пайдалануымыз керек. Бұл туралы Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдырәлі: «...жаңа қаріп жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, ойды отарсыздандырады, сананы сілкіндіріп, жадыны жаңғыртады, мәдени тұтастықты орнықтырады, ұлттың қуатын арттырып, оның ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Бұл ретте әліппе тек өркениет пен мәдениеттің рәмізі ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздігін де білдіретін айырықша символ. Ол мемлекеттің өз жолы мен таңдауы жүзеге асып отырғанын көрсетеді. Сондықтан ұлт үшін әліппе таңдау ісі өз қалауымен астана ауыстыру сияқты тарихи маңызы зор мәселе деп есептеймін», – дейді. Өте орынды айтылған ой! Біз латын әліпбиіне көше отырып, елдігімізді бекемдеу жолында өзге тәуелсіз бес түрік мемлекетімен мәдени интеграцияны тереңдетуіміз қажет. Ортақ тіл, тарих пен әдебиет қалыптастыру арқылы мәдени тұтастыққа қол жеткізуге болады. Елбасымыздың өзі ешқашанда түрік бірлігі идеясын жоққа шығарған емес: «Егер түркі әлемінің бірігу идеясына қазіргі ағымдағы тарихи кезең тұрғысынан баға беретін болсақ, онда әлгі бірігу идеясының ықпалдастырушы және жұмылдырушы мүмкіндіктері шамалы ғана сияқты болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ уақыттың неғұрлым кеңірек шеңбері тұрғысынан келетін болсақ, оның даму перспективасына көз жүгіртетін болсақ, онда тарих бізге нақты алғанда әрбір түркі халқы түркілердің мәдени әлеміндегі бөлінбейтін құрамдас саласы екеніне барған сайын көз жеткізе дәлелдеп береді», (Тарих толқынында, 121-б.) – дейді. Тағы да: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз», (Тарих толқынында, 121-б.) – деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады. Біз де өз кезегімізді бұл идеяны барынша қолдайтын болсақ қана бүгінгі жаһандану заманында аждаһаның аузында жұтылмай, самұрық құсқа шоқылып, арыстанға таланбай аман қаламыз. Қазақтың болашағы – барлық түрік халықтарының болашағымен бір. Алты түрік мемлекеті бір болсақ, ризығымызға ие боларымыз хақ.

         «Биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі, ол былтырғы «Қазақстан – 2050» стратегиясының нақты шараларын белгілейді», – дейді саясаттанушы С.Борбасов. «Ондағы мақсат – жыл сайын Қазақстандағы ішкі өнім жиынтығын 4 пайызға арттырып отыру қажет. Сонда біз 2050 жылға дейін нақты 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына қосыламыз. Биыл өкіметке берілген тапсырма бойынша ішкі өнім жиынтығын 6,2 пайызға өсіру көзделді. Ал егер жылына төрт емес, 5-7 пайыздан өсіріп отыратын болсақ, онда «2050 – стратегиялық бағдарлама» жоспарын шамамен 2035-2040 жылға таман орындап шығып, индустриялдық елден, постиндустриялдық елге көшеміз. Постиндустриялдық ел дегеніміз өзін-өзі қамтамасыз етуге толық қабілетті, халықтың әл-ауқатын ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелге тауар шығаратын дербес экономикасы бар мемлекет. Жолдаудың негізгі ерекшелігі осында».

         Екінші ерекшелігіне тоқталған ғалым оны – экономикалық, әлеуметтік, саяси модернизация негізінде Мәңгілік Ел құру идеясымен байланыстырған. Ол үшін ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз біздің рухани фундаментімізге айналуы тиіс. Эволюциялық, прагматикалық дамудың негізінде бізде Мәңгілік Ел құрылады.

         Қазір «Ресейдің құрамына қосылып кетпейміз бе?», «біртұтас экономикалық кеңістік дегеніміздің өзі кеңес одағын қалпына келтірудің жолы» деген алып-қашпа сөздер айтылып жүр. Мәңгілік Ел «ешқашан өзге елдің құрамына қосылмаймыз, өзіміз жеке, тәуелсіз мемлекет боламыз» деген қағиданы ерекше маңыздылықпен көрсетеді. Бұл – үшінші ерекшелік екенін атап көрсеткен.

         Тағы бір ерекшелігі, Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы қолданылуы керек. Негізінен жетпістен астам қолданбалық маңызы бар шаралар көрсетілген. Егер осының барлығын орындасақ, шын мәнінде Қазақстан үлкен табыстарға жететіні даусыз. Қолданбалық сипат неден көрінеді? 2014 жылдың басында Қазақстандағы ішкі өнім жиынтығының көлемі 13 мың долларды құраса, 2014 жылдың аяғында 14,5 мың долларға өсуі тиіс. Сонымен қатар, біздегі экономикалық жаңарудың барлығы ғылымға негізделуі керек. Ғылымға байланысты экономика жасап, соны қолдау арқылы ғана табысқа жете аламыз. Келер жылы ішкі өнім жиынтығының 3 пайызы ғылымға бөлінуі көзделіп отыр. Осы уақытқа дейін 0,5 пайыз ғана бөлініп келген. Яғни алдағы уақытта ғылымды қаржыландырудың өзі алты есеге дейін өседі деген сөз.

         Бұдан бөлек жастарға, олардың білім алуы, жұмысқа орналасуына көңіл бөлу керектігі айтылды. Шәкіртақыны 25 пайызға өсіру көзделіп отыр. Халықтың материалдық әл-ауқатын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бізде жалақымен бірге инфляция өсіп кететіні жасырын емес. Енді инфляцияның өсуін 7-8 пайыздан 4 пайызға дейін, яғни екі есе азайту көзделуде. Сондай-ақ, жалақыны білім саласына 29 пайыз, денсаулық сақтауға 28 пайыз, әлеуметтік саладағы мамандарға 40 пайыз үстемелеу көзделген.

         «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы істер қашан да алға жетелейді, дұрыс саясат дамуға жол ашады, қате саясат кері кетіреді. Ал біздің саясатымыздың дұрыстығы көзге анық көрінеді. 1994-95 жылы ішкі өнімнің жиынтығы жан басына шаққанда 1,5 мың доллар болса, қазір 13 мың доллардан асып тұр. Яғни 7-8 есеге дейін өскен.

  Жолдауда, сондай-ақ, Мәңгілік Ел болу үшін орта тапты қалыптастыру қажеттілігі де айтылды. Орта тап неғұрлым қуатты болса, саяси тұрақтылық та, қоғамның дамуы да алға басады. Орта тапта білім де, кәсіптік деңгей де, өнер де, тарих та бар десек, Қазақстандағы халықтың 50 пайызы орта тапта болуы керек. Сонда дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз. Бұның бәрі, әрине, жақсы, бірақ ол үшін еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, біз еңбек қоғамын орнатуымыз қажет. Мәңгілік Елде еңбек ететін адам ғана өмір сүруі тиіс. Ал жалқау, енжар, бір-бірін көре алмайтын адамдар ондай қоғамды орната алмайды. Жалпы, Жолдау – елімізді дамытудың нақты факторы болып қала береді», – дейді өзінің бір сұхбатында С.Борбасов.

  Бұл ресми құжатта «елімізді «Мәңгілік Ел» ету», «Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы және ұлт тұтастығы» аясында бірқатар мәселелер көтеріліп, ұлт тұтастығына, ұлттық тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аударылғаны дүйім жұртты бір серпілтіп тастағаны анық. Десек те, біз осы мәселенің маңызын, қыр-сырын жете түсініп жүрміз бе? Ендігі әңгіменің ауанын осыған бұрсақ.

  «Мәңгілік ел» идеясы бодандықтың құрсауынан енді ғана азат болған ел үшін аса қажетті, өте маңызды идеология. Бұл сөздің астарында Қазақ елі енді бодандықтың бұғауын мойнына ілмесін, өз тағдырын өзі шешіп, өзге дамыған елдер сияқты  өзінің болашағын өзі анықтайтын болсын деген ой жатыр. Ол үшін, ең бастысы, Қазақ еліне ұлттық тұтастық, саяси және экономикалық тұрақтылық, халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақ болуы қажет. «Мәңгілік ел» идеясының астарында осындай ойлар жатыр.

  Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында ұлттық мемлекет құру идеясы жайдан-жай айтылған жоқ. Иә, «Қазақ мемлекеті» идеясының негізгі мәні – Ұлттық мемлекет құру екенінде дау жоқ. Бұл идеяның жүзеге асуы, өз кезегінде, қазақ халқының ұлттық әлеуетіне де байланысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын» да назарда ұстағанымыз абзалырақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында бұл туралы: «...Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деді. Ал қазақ тілі өмірдің барлық саласында қолданылып, күнделікті қатынас тіліне айналуы қазақ халқына тікелей байланысты. Сол себепті де, өз үлесімізді қосуға ұмтылғанымыз жөн болар еді. Себебі қазақ тілінің жаппай қолданыс тіліне айналуы қоғам мүшелеріне тікелей қатысты. Мәселен, ұрпақ тәрбиесінің бесіктен бастау алатынын ескерсек, баланың тілі өзінің ана тілінде шығуы жолында барлық ата-ана жұмыла еңбектенсе, осы жолда аянбай үлгі көрсете алса игі. Ал өз тілін жетік меңгерген бала елі мен жерін қорғауда, отанын сүюде осалдық танытпасы анық. Бұл туралы Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытұлы: «Оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», – дейді. Яғни, баланы алдымен қазақ тілінде оқытып, тарихи санасы мен ұлттық рухын қалыптастыру қажет. Ол үшін қазақ ертегілері мен жыр-дастандарына жететін көмекші жоқ. Ана тілін жетік меңгеріп, ұлттық жол-жоралғылар мен әдет-ғұрыптарды біліп өскен ұрпақ қана өз ұлтының нағыз патриоты бола алады. Сондықтан да өзге тілдерді оқыту үшін алдымен қазақ тілін үйреткен жөн.

Ұлттық мемлекет құру – біздің ұлы мұратымыз! Осы жолда ұлт болып ұйысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз қажет. Ұрпағымыздың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту біздің міндетіміз! Ұлттық мемлекетке айналу үшін ұрпақ тәрбиесіне жете мән беру қажет. Ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеде екенін ұмытпауымыз керек.

  Тарихшы-ғалым С.Шілдебай өзінің бір сұхбатында: «Кеңестер елі атауын иеленген тоталитарлық казарма тұрғындарында қалыптасқан құлдық психологияның зардабын жою, одан арылудың жолы қандай дейсіз?! Осы жолды «Елім!» деген әрбір қазақ азаматы сонау тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың соңынан бері іздеп келеді. Біршама саяси және мәдени бағдарламалар да көрініс берді. Мысалы, 1992 жылы құрылған Қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының төрағасы Дәурен Сатыбалдыұлының «Егеменді қазақ мемлекетін қалыптастырудың стандарт-моделі немесе негізгі идеясы» атты бағдарламалық еңбегін ерекше атап өтуге болады. Кезінде бұл еңбек көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлерінің тарапынан жоғары бағаланып, қолдау тапқан болатын. Мен жақын күндері «Қазақ елі» халықтық бейнелі энциклопедиясы» деп аталатын сайттан Болат Нәукенұлы деген азамат даярлаған «ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУ: ҚАЗАҚ ЕЛІ мемлекеттілігі мен азаматтық қоғамының  үйлесімді  дамуы ЖАЙЛЫ ОЙЛАР» атты кітапшасын оқыдым. Автор: «Бұл кітапша «Алаш үні» Одағы жанындағы  «Ұждан» мәдени-ағарту клубтарының жұмысына белсенді араласқан жігіт ағаларының, ауыл ағаларының, ауыл ақсақалдарының, ел аналары мен ел ағаларының зерделік әлеуеті мен өмірлік тәжірибесіне  сүйеніп жазылды. Кітапша ғасырлар қойнауынан жеткен парасатты Бабалар үні арқылы ұлттық рухы оянған, мемлекетіміздің бар мүмкіндіктерін халық мүддесіне жеге алатын – Қазақ Елі азаматтық қоғамын жаңғыртуға ұмтылған, ізгі ниетті жандарға арналған», – деп атап көрсетіпті. Кітапша Д.Сатыбалдыұлының «Егеменді қазақ мемлекетін қалыптастырудың стандарт-моделі немесе негізгі идеясы» атты еңбегінің логикалық жалғасы немесе жетілдірілген формасы іспеттес екен. Бұл заңды да. Яғни, сонау көне түркі заманынан бері үзілмей келе жатқан алтын арқау – МӘҢГІЛІК ЕЛ идеясының қазақ халқының тарихи есінде сақталғандығын паш етіп тұр», – деген екен. Бұл пікірден де біраз жайларды ұғуға болады. Яғни, идеяның маңыздылығы мен өміршеңдігін дәлелдейтін және бір пікір деп бағалауға болатындай.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы – Мәңгілік Ел ұлттық идеясын көтерген аса маңызды тарихи құжат болғанын айтқымыз келеді.

Бүгінгі Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен рухани және мәдени құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы – өткеннен сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!

  Қорытындылай келе, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы – салиқалы оймен өрілген, елімізді өркениет биігіне көтерген, ең бастысы, Қазақстан халқына тың серпіліс, толғаныс әкелген аса маңызды құжат. Біз барша қазақстандықтар бірігіп, Елбасының ұлттық идеясы –  «Мәңгілік ел» бағытында жасалған жоспарды жүзеге асыруымыз керек. Сонда ғана «Қазақстан-2050» Стратегиясы елдіктің, бірліктің, татулықтың, ерлік пен еңбектің жемісі болмақ. Сол арқылы ғана зор жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Мәңгілік Ел құру – ата-бабаларымыздың асыл арманы болған. Бүгін сол арман ақиқатқа айналып отыр. Еңселі еліміз, тұғырлы тәуелсіздігіміз баянды болсын деп тілейміз.

 

Айгүл Ануарбекқызы

Бөлісу: