Аға сұлтан

20 Тамыз 2014, 04:42

Аға сұлтан – қазақ даласында хандық билік жойылғаннан кейін, әкімшілік-аймақтық округті басқарушы лауазымының бірі.

Аға сұлтан – қазақ даласында хандық билік жойылғаннан кейін Ресей патшалығының отарлау саясатының жаңа қарқын алып, күшеюіне байланысты саяси-әкімшілік жүйесіне өзгеріс, жаңартулар енгізу мақсатында 1822 ж. қабылдаған «Сібір қырғыздары туралы жарғысы» негізінде құрған әкімшілік-аймақтық округті басқарушы лауазымының бірі. Алғашында А.с. қазақ жеріндегі Орта жүз аумағында құрылған сегіз жаңа әкімшілік бірлік болып саналған дуанды басқаратын алқалы басқару органы – дуанбасының (орысша «окружные приказы») құрамына енді. Дуанбасына аға сұлтан төрағалық етсе, оған қосымша дуанбасына арнайы тағайындалған екі орыс заседателі және сайланған екі қазақ енді. А. с.-ның маңайында негізгі өзекті мәселені қарастырғанда сонда қоныстанған казактар отрядының командирі де қатыса алды (толығырақ қ. Дуанбасы; Дуан).

 

 

 

Орынбор қазақтарының депутаттары.

ҚР МОМ қорынан (НВФ 4916/4)

 

 

Аға сұлтан Дәулет Бушаев. Перовск уезі. Гродеков Н.И. Киргизы и ка- ракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889 атты еңбектен

 

Бастапқыда А. с.-дар міндетті түрде Жошы ұрпақтарынан, яғни сұлтандардан тағайындалса, патша үкіметі жасалған жаңа ережелердің негізінде қараша халықтың арасындағы айырықша беделді тұлғалардың А. с.-дыққа сайлануына рұқсат берді.

А. с. округтерді формальды  түрде  басқарды.  Оларды болыс басқарушылары үш  жылға  сайлап  отырды. А. с.-дан жергілікті жерде біріншіден Патшалықтың билігінің ықпалын арттыру, елден  алым-салық  жинату, ел ішінде ағартушылықтың таралуын қамтамасыз ету, шаруашылықтың дамуына септігін тигізу, ұрлық пен барымташылықты жоюға, сауда керуендерінің қауіпсіздігін сақтауға, біреуге  қиянат  істегендер  бол- са өзінің қызмет дәрежесін пайдалана отырып, оларға іс қозғап, тергеу жүргізуіне, егерде далада толқу бола қалған жағдайда шағын әскери жасақ ұйымдастырып, оны басуға (бірақ та тек полицияның өкілеттігімен) талап етілді. Дегенмен, бұйрық шешімдерін қарастыруда алқалық тәртіп патша әкімшілігіне кең мүмкіндік берді, бұл жағдай А. с. билігін шектеді.

А. с. қызмет бабында майор шеніне (VIII кластық шен) ие болды және жергілікті биліктің басына тағайындалған шенеунікке жатқызылды. Ақсүйектен шыққан А. с.- дарға үш жылдан кейін Ресей армиясының майоры шені берілсе, үздіксіз он жылдық қызметі үшін дворян атағына ие болды. Қарадан шыққан А. с.-дар болса кіші офицерлік хорунжий шенімен ғана шектелді. А. с.-дар Ресей үкіметі тарапынан еңбекақы алып жұмыс істеді. Ол жұмыстан мүлдем шыққан жағдайда немесе шұғыл басқа қызметке ауыстырылса да құрметті сұлтандардың қатарында қалды.

І-ші Николай патшаның 1854 ж. қабылдаған жаңа реформасына сәйкес округтер таратылды. Соған байланысты А. с.-дық лауазымы да жойылды.

Әдеб.: Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской об- ласти. Т.1. Юридический быт. Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889; Қасымбаев Ж. Аға сұлтан // ҚҰЭ. 1-том. Алматы: Қазақ энци- клопедиясы, 1998; Шорманов М. Қазақтың халықтық әдет-ғұрыптары. Құраст. А.М.Қанафина. Қарағанды, 2000; Бекмаханова Н.Е., Нарбаев Н.Б. Присоединение казахских племен к Российской империи и адми- нистративные реформы в XVIII – середине XIX в. // Центральная Азия в составе Российской империи. М.: Новое литературное обозрение, 2008; Кенжеахметов С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Атамұра, 2010.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

 

Бөлісу: