20 Тамыз 2014, 05:14
Аға ұрпақ – ер адамдар қауымында жас айырмашылығына қарай бөлінетін генерациялық буынның белгілі бір тобы. Қазақ ұғымында салыстырмалы түрде алғанда бір-бірінен 20-25 жас айырмасы бар ер адамдар өзінен кейінгілерге аға буын (ұрпақ) болып саналады. Алайда нақты мәнге орта жастан асқан соң қазақы ортада жер ортасына келгенде деп айтылады, яғни А. ұ.-тың қоғамдағы орны нақтылана түседі. Осыған сәйкес А. б.- ның өзіне тән әлеуметтік міндеттері арта түседі. Бұл кезде көрген-түйгені молайып, тәжірибесі толығып, өмірдің мәніне тереңірек үңіледі, ұрпақтың болашағының баянды болуына қажетті шараларды берік ұстана отырып, оны жіті қадағалайды.
Киіз үй алдындағы ағайындар. ҚР МОМ қорынан (ФКП 274)
Қоғамдағы ролі мен міндеті артқан сайын А. ұ. өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетіп, өздерінің қадірін біліп, жастардың орынды істерін, оң пікірлерін қолдап-қуаттап, қателерін түзетіп, ақыл-кеңес беріп, жөн сілтейді. Кейінгі ұрпақ А. б.-ның озық өнегесін сақтап, одан ғибрат алып, өз өмір тәжірибесінде ілгері дамытып, өз кезегінде кейінгі буынға жеткізіп отыруға ерекше мән береді. Абайдың «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деген өлең жолдары А. ұ. пен жас ұрпақтың арасындағы мәдени сабақтастықтың этнос өміріндегі маңызын аңғартады. Сонымен, А. ұ. ұғымы дәстүрлі рулық-туыстық қатынастар жүйесінде үйлестіруші және реттеуші сияқты аса маңызды институционалдық функция атқарды.
Әдеб.: Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Атамұра, 2010.
Ағайын болу (ағайындасу) – туыстасу, жақындасу, бауырласу. Қандық жағынан туыстығы болмаса да, бір-біріне өте жақын адамдардай араласып, туысқан адамдарша «торқалы той мен топырақты өлімде» ауыртпалықты бірге көтерісетін жандар. Әлбетте, дәстүрлі ортада ондай адамдардың өмір сүретін кеңістігі, шаруашылық қарекеті ортақ немесе жақын, селбестік пен жәрдемдесуді талап ететін жүйе болғандықтан бір-біріне «тәуелді» тіршілік еткен.
Көбінесе шаруашылық қарекетінде селбесіп, көмектеседі, бір-біріне сеніммен, сыйластықпен қарайласады. А. б.-дың арнайы қалыптасқан жора-жосыны жоқ. Осыған ұқсас салт тамыр болысу ер адамдар арасында ғана және мекені шалғай жандар арасында болады және бұл қарым-қатынас түрінде ер азаматтар ғана емес әйелдер, бала-шағалары да ағайын тәрізді болып кеткен отбасымен етене жақын ара- ласады, қатынас нормаларын бекем ұстанады (толығырақ қ. Тамыр болу).
ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»