26 Тамыз 2014, 12:47
Аң терілерін илеу және өңдеу. Аң терілерін илеп өңдегенде, терінің ішкі жағына айран немесе сарысуға ұн қосып (қарабидайдың ұны) иі етіп жағып, бір-екі тәулік қалдырады. Қоян, түлкі, қарсақ, бұлғын т.б. аң терілері өте жұқа болғандықтан, иі жылдам қанады. Әбден иі қанған теріні тазартып, уқалап, созғылаған кезде жұмсарып, ішкі беті ақ түске енеді. Содан соң, теріні жылы күйінде тұздап, арнаулы кергішке керіп кептіреді. Бұтағы аша болып өскен ағашты өңдеп, ашасының арасына көлденең кергіш ағаш бекітіліп, кәдімгі А әрпіне ұқсатып жасалған кергіш құралы жануарлардың терісін кигізіп, керіп кептіру үшін қолданылады. Кергішке бітеу сыпырылған (мес) тұздалған аң терілерін кигізіп, қуысына ауа жүретіндей етіп арасына киіз, сабан т.б. заттардан кепіл қойылады.
Аң олжаларын саудалау. ХVІІІ ғ.-да қазақтар жыл сайын Орынбор мен Троицк базарына 30-40 мыңдай түлкі, 40-50 мыңдай қарсақ сатуға апарып тұрған көрінеді. Зерттеушілер есебі бойынша, 1890 мен 1900 жж. аралығында ресми статистика есебі бойынша Жетісуда 21088 қасқыр, 49767 түлкі, 23426 борсық, 28889 күзен, 810 аю терісі тапсырылған. Мұның сыртында айырбас жолымен сауда керуендеріне аң олжасы өте көп мөлшерде сатылған ХХ ғ.-дың басында Жетісу қазақтары жылына 50 мыңдай түлкі терісін өткізіп тұрған. Бір ғана Торғай, Ақмола облыстарына аңшылық кәсібі жыл сайын шамамен 300 мыңнан астам сомның пайдасын әкелген. Онда киік мүйізімен бірге, құнды олжалар қатарында көкқұтанның қауырсынының әр пұты 200 рубльге тең болды. Себебі, онымен әйелдің баскиімін безендірген. Ертеде қырғауылды қаршыға, сұңқармен аулап, оның ұзын қаламдары мен қанат құйрығын сатқан. Оны ауқатты төрелер бір шоқ қылып байлап, артқан түйенің үстіне қайқайтып байлап, «қарқара» деп атаған (қ. Қарқара).
1895 ж. «ДУГ»-да жарияланған мақалада былай дейді:
«Орысқа бодан болғаннан бері қазақтар аң аулауды қызық көрген... Бұлардың көбі аңның етін жеп, терісін сатып пайдалана бастаған. Аңшыға терісімен пайда әкелетін аңдар: бөкен, марал, киік, жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, бұлғын, сусар, қырғауыл. Аңшылар көбейгеннен қырдың әр жерінде жүре беретін аңдар күрт құрып кеткен. Құрып кеткен аңдардың бұрын болғандары осы күнгі құрып жоғалып бара жатқан аңдар бөкен, марал, киік қырғауыл болады. Өскеменде Бөкен деген өзен бар ертеде мұнда бөкендер жайылып жүрген дейді. Мұны растайтын дәлел өзен бойында қазылған ұралар көп кезігеді... Апан ұра қазып, бетін далдалап жауып, бөкендерді ұстап алып жүреді».
Бұғының мүйізінен дәрі істеуге таптырмайтын шикізат ретінде бағаланған. Бір бұғының жақсы бұтақты мүйізі қытай жерінде 20 лань күміске бағаланды. Бір лань екі теңгеге тең болуы жылдан жылға бұғы аулайтындарды көбейтіп бұғының санын азайтып жіберген. Ал, Қарқаралы оязының оңтүстік күншығысында топтасқан киік мүйізін алмақ үшін көптеп аулаған. Бір киіктің мүйізі Қояндыда, Ботов жәрмеңкесінде 2-3 теңге тұрған. Бұрынғы кезде бұлғын мен сусар Қалба деген тауларда көп болады екен. Осы уақытта Қалбада бұлғын болмаса, сусар жоқ болып кеткен. Тегі Бавариялық, Тәшкенде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген Франц Шварц Түркістан өңірі аң-құсқа бай, әрі арзан екендігін, оны қоныстанған орыстар кәсіп етіп жүргендігін жазады. Аңның арзандығы сондай, қырғауылды жиырма пфенниг, түлкінің сирек кездесетін қара түрі не бәрі екі марка тұрған. Түркістандағы бағалы терілер дайындау жағынан бірінші орынды иеленетін Лепсі уезінен терілерді Ресейдің орталық бөлігінен алып-сатарлар келіп алатын. Ал, балық пен құс олжаларын Семейге Шыңжандағы Шәуешек қаласына марал, ақбөкен мүйізі апарып сатылды.
Әдеб.: Қазақтардың аң аулауы // ДУГ. 1895. №№2-3; Орехов И. Охота с ловчими птицами у киргиз // ТВ. 1910. №67, №68; Правдин Л. О зверях и птицах «вредных, вредных местами полезных» // ТО. 1923. №№4-7; Сеитов М.Д. Охота с ловчими птицами у казахов Семипалатинского края (с предисловием и замечанием И.А. Чеканинского) // ЗСООИК (бывший СПО ИРГО). Т.1. Вып.ХVІІІ. Семипалатинск, 1929; Мұқанов С. Халық мұрасы (тарихи-этнографиялық шолу). Таңдамалы шығармалар. ХV том. Алматы: Жазушы, 1979; Юсупов М. Табиғат тағлымы. Алматы: Қайнар, 1986; Казахи. Историко-этнографические исследование (коллектив авторов). Алматы: Казахстан, 1995; Қайыртай Ә. Қазақ қолөнері. Алматы: Дайк-Пресс, 2004; Шоқпарұлы Д. Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы (кәсіптік оқу орнына арналған.) Алматы: Алматыкітап, 2005; Ф. фон Щварц. Туркистан ветка индогерманских народов. // Немецкие исследователи о Казахстане. Том 5. Часть 1 (пер. с нем. Л.А. Захаровой) Алматы: Санат, 2006.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»