Ақ дастарқан

27 Тамыз 2014, 05:57

Ас / тағам – адамның күнделікті тіршілігіне қажетті азық-түліктің кешені. Сайып келгенде, адам баласының іс-әрекетінің дені азық-түлік өндіруге және пайдалануға бағытталады.

Ас / тағам – адамның күнделікті тіршілігіне қажетті азық-түліктің кешені. Сайып келгенде, адам баласының іс-әрекетінің дені азық-түлік өндіруге және пайдалануға бағытталады. Мұндағы азық – егістік өнімдерінен, түлік – мал өнімдерінен алынатын тағамдық заттарды білдіреді.

 

Қазақтың байырғы ұлттық тағамдар жүйесі азық-түлік өндіру, оны дайындау және қабылдаудың биологиялық қырынан басқа көшпелілердің қадым заманнан қоршаған ортаны, табиғатты игеруге байланысты қалыптасқан экологиялық тәжірибесін, сол тәжірибені пайдалану және ұрпаққа мұра ету үрдісіне орай қордаланған этномәдени болмысын бейнелейді. Сонымен бірге, тағамның сан алуан әлеуметтік, идеологиялық қатынастар мен ежелгі дүниетанымдар жүйесімен өзара себеп-салдарлық байланыстылығын аңғаруға болады. «Асың болса берiп жүрiп ел таны, атың болса желiп жүрiп жер таны» деген белгілі мақал дәстүрлі тағамдар жүйесінің этномәдени айғақты болмысын көрсетсе керек.

 

Киіз үйдегі түскі ас. ҚР МОМ қорынан (НКП 2863)

Дәстүрлі ас-тағам қонаққа көрсетілер сый-құрметтің басы болып табылады. Сонымен бірге, ас-тағамды тарату мен қабылдау үрдісі қазақы ортадағы ежелден қалыптасқан қоғамдық қатынастардың ілкімді принциптері мен нормаларының мызғымастығын және өміршеңдігін дәріптейтін арнасы мен құралдары іспеттес. Расында да, мысалы, қонақ күту кезінде дастарқан басындағы адамдардың әлеуметтік статустары, жас және жыныстық ерекшеліктеріне байланысты олардың өзара орналасу тәртібі және осыған қатысты басты дастарқан мәзірі – ет тағамының тиісті мүшелерінің таратылу және қабылдану реті көшпелі ортадағы әлеуметтік қатынастар жүйесінің «дастарқандық кеңістіктік моделі» (немесе образы) деуге болады. Дастарқан басынан бірлесе ас қабылдауға байланысты «дәмдес, табақтас болу», «қолынан дәм тату», «дәм тұзы жарасу» және т.б. қатарлы ұғымдар қалыптасты. Бұл когнитивтік түзілістер көшпелі ортадағы мүдделес адамдардың арасындағы жақындықты білдіреді. Сондай-ақ, «дәмге қарамады, сыйламады», «дастарқан аттады» деп келетін фразеологиялық тіркестері адамдар арасындағы өкпе-реніш немесе тіпті, араздықты бейнелейді. Келтірілген аз ғана мысалдардың өзі ас қабылдау үрдісінің аса маңызды этномәдени функция да атқаратындығын көрсетеді және астың және ас қабылдау ретінің адамдар арасындағы қарым-қатынас өлшемінің көрсеткіші бола алатын дара қасиетін айғақтайды.

Ет тағамдарымен қатар, сүт өнімдерінен жасалған барлық тағам түрлері ерекше бағаланды. Және көшпелілердің аққа деген ерекше құрметі мен көзқарасы сан алуан ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесінде көрініс тапты. Ағы бардың бағы бар, – деген нақыл сөз осыған байланысты айтылса керек.

Әдеб.: Фиельструп Ф.А. Кара-космос Рубрука // Этнография. 1926. №№1-2; Он же. Молочные продукты турков-кочевников // Казаки. Вып. XV. Л.: Наука, 1930; Трофимук Н.А. Санитарный очерк обследования водоснабжения, питания, жилища и одежды жителей Казахстана // Казаки. Сборник статей. Вып. XV. Л.: Изд-во АН СССР, 1930; Руденко С.И. Очерк быта Северо-восточных казаков // Казаки. Сб. ст. Вып. XV. Л.: АН СССР, 1930; Потапов Л.П. Особенности материальной культуры казахов, обусловленные кочевым образом жизни // 

Бөлісу: