Аң аулаудың ерекше тәсілі

26 Тамыз 2014, 14:45

Аран – аң аулаудың ерекше тәсілі. Тау шатқалдары арасынан ені тарлау істеліп, тас пен ағаштан қоршау жасап, олардың жан-жағына аң кіргеннен кейін шегініп шыға алмайтындай өткір істік қадалар орнатылады.

Аран – аң аулаудың ерекше тәсілі. Тау шатқалдары арасынан ені тарлау істеліп, тас пен ағаштан қоршау жасап, олардың жан-жағына аң кіргеннен кейін шегініп шыға алмайтындай өткір істік қадалар орнатылады. Аңдарды қаумалап үркітіп келіп, аранға, яғни қоршауға енгізген кезде, кірген аң сасқалақтап істік, қадаларға түйреліп қозғала алмай абдырап қалады. Осы сәтте аңшылар аңдарды оңай соғып алады.

Аранға киікті қаумалап кіргізу туралы деректі А.Левшин еңбегінен кездестіруге болады. Суат маңына қамыстан жартылай дөңгелете қоршау жасалады. Қамыстың өткір сүйрік жағы қоршаудың ішкі жағынан шығып тұратындай етіп орнатылады. Торуылдап жасырын отырған аңшылар суатқа келген киіктерді үркітеді. Жануарлар суаттың қоршау жағынан қалдырылған ашық жерге қарай қашып, қоршаудан қарғып өтуге ұмтылған кезде, қамыстың өткір ұшына арандайды. Жараланған киіктерді ұстап алып, қалыптасқан тәсілмен пышақпен бауыздайды.

Аранның бір түрі – бастарын сояу-сояу істіктеп қысқа шабылған қамысты мұздың бетіне орналастырады. Оған қояндар арандалғыш келеді. Қазақтың ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді деуі осыған байланысты айтылса керек.

Иен даладағы арнайы қазылып жасалған аран түрлерін қамба немесе ұра деп те атайды. Ол аң көп жүретін       жерлерге тастан, ағаштан, шіліктен қоршау тәрізді етіп жасалынып, оның түйіскен тұсына терең апан немесе ұра қазады.

 

Аранның жалпы көрінісі. Реконструкция. Суретші Ж.Шәйкен

 

Аранның негізгі элементтерінің бірі – апан. Реконструкция.

Суретші Ж.Шәйкен

 

Апан. В.Н.Ягодин бойынша

А.-ға қамап аулау түрі – көбінесе жаугершілік заманында қос-қолаңның (сарбаздарды тағаммен, әрі жорық аттарын жем-шөппен қамтамасыз етуші) жиі қолданған тәсілі (қ. Қос). А.-ды пайдалану аңды көптеп қолға түсіруге мүмкіндік берді. «Араны ашылған» деген сөз тіркесі қомағай, ашқарақ адамға теңеу ретінде айтылады.

Әдеб.: Левшин А.И. Описание киргиз кайсацких орд. В 3-х частях. СПб., 1832; Материалы для географии и статистики России. Собранные офицерами генерального штаба. Киргизская степь Оренбургского ведо-моста // ТС. 1870. Т.ХХІІ. СПб., 1865; Жуков Ф. Охота в Туркестанском крае // ТВ. 1872. №17; Г-ий. Заметки охотника // ТВ. 1888. №28; Чорманов М. Заметки о киргизах Павлодарского уезда // ЗЗСОИРГО. Омск, 1906. кн.ХХХІІ; Мұқанов С. Халық мұрасы (тарихи-этнографиялық шолу). Таңдамалы шығармалар. ХV том. Алматы: Жазушы, 1979; Ягодин В.Н. 

Аран шабақ – аңдарды арандатып аулауға негізделген тәсілдердің бірі. Қазақы ортада аң аулаудың өте сирек кездесетін амалдарының қатарына жатады. Деректерге қарағанда, Алтай өңірінің қазақтары қолданған. Қыс қатты болған жылдары Алтайдағы аңшылар бірен-саран қолданатын тәсіл деп жазады Н.Қазыханқызы өз еңбегінде. Қазақстанның басқа өңірлерінде осы тәсілге байланысты деректер жоқтың қасы. Үлкендігі жапақос көлеміндей, ұлудың қабығы немесе адамның шаш орайының желісі сияқты орамалап тоқылған шарбақтан жасалынады. Қасқыр ғана сиятындай сырттан ішке қарай жол қалдырылады. А. ш.-тың жас талшыбықтан қиялай өрілген қабырғаларына ішкі жағынан «жатыла» (жатқыза) сояуларын шығарып қояды. Яғни тар жолдың екі қабырғасы кірпінің тікенегіндей сояуларға толып тұрады. Сырттан келетін жолдың ең түкпіріне жалғыз қой байланады. Ол маңырап маңайдағы қасқырды өзіне «шақырады». Қасқыр шарбақты айналып есігінен жолды бойлап ішке енеді.

Сырттан кіргенде жол қабырғасындағы қадау- сояулардың ұшы қасқырдың жүру бағытына қарай жатылап жасалғандықтан, аң әлгі сояу-қадаларды жапырып оңай кіреді. Алайда, орай-шарбақтағы қойға жете алмайды. Шегініп шығайын десе, сояулардың ұшы қарсы келіп, жүруі қиындап, амалсыз қамалып қалады. Сөйтіп, қасқыр олжаға айналады. Алайда, бұл тәсілдің қай кезеңде және қалай пайда болуы жөнінде деректер әзірге табылған жоқ.

Әдеб.: Қазыханқызы Н. Аңшылық хикаялары. Этнографиялық эссе.

Алматы: Атажұрт, 2010.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: