«Музыка мен үшін жарық әлем!»

27 Қараша 2017, 13:48 10803

Жас әнші Назима Исахановамен сұхбат

«Дүние маған

Бір көру арман,

Менен жасырынып қалған ба жалған?» – деп шырқайды «Самғау» тобының мүшесі, жас әнші Назима Исаханова.

Ол бүгінде Шымкент қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы.

Өзінің әзілкеш, көңілді жүрген қатарластарынан томаға-тұйықтығымен ерекшеленетін Назиманы әңгімеге тарттық. Қойған сұрақтарға да аса ашылып жауап бермеген кейіпкерімізбен тілдесу кәдімгідей қиынға соқты.

– Сенің бірнеше әндеріңді ютуб желісінен көргеніміз бар. Қанша жасыңнан бері үлкен сахнаға шығып жүрсің?

– Жалпы, 9 жастан бастап ән айта бастадым. Осы мектепте вокалды үйірме болатын. Соның жетекшісі Тамара Шілдеханова деген апайымыз менің музыкалық жолымды ашып берді десем болатын шығар. Бүгінгі жетіп отырған жетістіктермнің барлығы да сол апайымның арқасы. Қазір ол кісі өкінішке қарай, бұл жерде жұмыс жасамайды. Сонда да апайыммен байланысты үзбей келемін. Әрдайым ақыл-кеңес сұрап, байқауға баратын болсам, қай әнді алғаным дұрыс, қайсысын алып шығамын деген секілді сұрақтармен хабарласып отырамын.

– Өзің қайда, қашан дүниеге келдің?

– 2002 жылдың 4 тамызында Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Балалығым да сонда өтті.

Бұл мектеп-интернатқа қай сыныптан қабылдандың?

– 7 жасымда 1-сыныпқа келдім.

– Өзің Түркістан қаласының тумасысың, 7 жасыңда үйіңнен жырақ жатқан интернатта қалу қиындық тудырмады ма?

– Әрине, ата-анамның қасынан мұнша алысқа шығып көрмегендіктен, басында әбден қиналдым. Сағындым. Жыладым. Көп рет көз жасыма ерік беретінмін. Солай жеңілденген шығармын, бәлкім. Бірақ, қайда барамын... Осында «оқы» деп қалдырған соң... Қазір әбден үйреніп кеттім ғой.  Бұл менің екінші «үйім». Оның үстіне мұнда менің жағдайымды түсінетін жандар жетерлік. Барлығымыздың мұңымыз бір, сырымыз бір... «Бір кемедегінің жаны бір» дейді ғой. Бала кезімде осындай достар жетіспеді. Сосын 1-сыныптан бері достасып келе жатқан Рахила есімді құрбымды ерекше атап өтейінші. Ол менің жан досым. Әрқашан көңілімді табуға тырысып жүреді. Айналасындағы барлық жанды қуанышқа бөлегісі келіп тұрады.

– «Мұнда менің жағдайымды түсінетін жандар жетерлік» дейсің, үйіңде, ауылыңда түсініспеушіліктер жиі болатын ба еді?

– Ата-анам мені әрқашан қолдап, демеп келеді. Өзімнен кейінгі үш інім де мені сондай қатты жақсы көреді. Олардың махаббатын ешнәрсемен айырбастай алмаймын. Туған-туыстарымның қолдауынсыз жағдайымның қандай боларын елестете алмаймын. Сол үшін де сіз айтып отырған «түсініспеушілік» жайлы ештеңе айта алмаймын. Бірақ... бала кезде көрші балалар мені түсінбейтін. Қосылып ойнағым келетін... Қатарларына қоспай көп шеттететін еді. Не үшін ойындарына қоспайтынын өзіңізде түсініп отырсыз ғой. «Көрмейсің», «жарқанат» деген секілді сөздер айтып мазақ қылатын. Оның үстіне шынымен де, олармен қосылып ойнау мен үшін қиынның қиыны. Қараңғыда аздап-аздап көретінім бар, ал жарық күнде бұл мүмкін емес.

– Сонда көзіңнің диагнозы қандай?

– Горизантальды алшақтық. Көздерім бір орында тұрмайды.

– Бұл неден болған?

– Негізі нәресте кезімде дәрігерлер құлатып алған дейді. Бірақ, анық-қанығы құдайға ғана белгілі. Ташкентегі көз дәрігерлеріне көрінгенмін. Олар емі жоқ деді. Тек 18 жасқа толғанымда бір өзгеріс болуы мүмкін дейді. Оны да күтіп жүрмін.

– Өнер жолыңа оралайықшы, бүгінге дейін қандай байқауларға қатыстың?

– Қалалық, облыстық көптеген байқауларға қатысып жүрмін. Оның ішінде жеке де, топ болып та ән айтқан кездерім бар. Сізге ең есімде қалғандарын айтайын. «Жұлдыз-ай» деп аталатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқауда І орын алдым, ал «Самғау» тобының құрамында бас жүлде иегері болғанмын. Ресейлік көпке танымал әнші Диана Гурцкаяның ұйымдастыруымен Мәскеу қаласында өтетін «Белая трость» фестивалінің екі рет қатысушысы атандым. Онда Банд'Эрос тобымен ән айтқанбыз. Жанар Дұғаловамен «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының ашылу салтанатына орай «Құс жолы» әнін орындадық. «Наша правда» бағдарламасының жаңа жылдық концертінде тағы да Жанар Дұғаловамен дуэт болудың сәті түсті.

– Өзің үлгі тұтатын әншің бар шығар?

– Әрине, бар. Ол бірнеше рет дуэт болып шыққан Жанар Дұғалова. Оның барлық әндері, даусы мені қатты тартады. Нағыз талант иесі деп білемін.

Музыкадан басқа да қызығушылығың бар ма?

– Жоқ екен. Тек қана музыка, музыка. Айтпақшы, соңғы кездері пианиноны үйренгім кеп жүр. Жақсы ұстаз тапсам, міндетті түрде үйреніп аламын.

Мен адамдарға тез сенемін, өзіңіз «ашылмай отрсың» деп жатырсыз ғой, тұйықтығым бар аздап, үйренісуім қиындау. Сосын көрген қиындықтарымды санамнан тезірек шығарып тастауға тырысамын. Оларды ойлай бергеннен ешқандай пайда жоқ. Алға қарай ұмтылу керек. Қиындық көп қой, бірақ оны жоқ қылу өзіміздің қолымызда.

– Армандарыңмен бөлісші...

– Арманым өте көп. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп бекер айтылмаса керек. Болашақта халықтың аузынан түспейтін әндер айтып, елдің сүйікті әншісі атанғым келеді. Мені демеп, қолдап жүрген ата-анам аман болса екен. Сосын... сосын көзім жақсы көріп кетсе екен деп армандаймын. Жасым жетіп жатса қазір елімізде болып жатқан «Қазақстан дауысы», «I am singer» секілді көптеген ән додаларына қатысып, бағымды сынағым келеді.

– "Қиындық көп, бірақ оны жоқ қылу өзіміздің қолымызда" деп қалдың. Сен үшін жоқ қыла алимайтын қиындық бар ма?

– Жоқ қыла алмайтын қиындық дейсіз бе? Негізі, ешқандай қиындықтан қорықпаймын. Барлығын да жеңуге болады. Біііірақ... әлі күнге дейін тамақ жасап көрмеппін, кейін маған сол қиындық туғызатын шығар. Әр берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп жасау да кейде қиындау. Мысалы, бірде газды дұрыс жақпағам ба, әлде дұрыс өшіре алмағам ба анамнан қатты ұрыс естігенмін. 

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты жағдай жасалған?

– Меніңше, қазір мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Жәрдемақылар төленеді, әлеуметтік қамтамасыз ету орталықтары ашылған. Арбамен жүретіндер үшін пандустар салынып жатыр. Көптеген байқаулар ұйымдастырып, қаржылай сыйлықтар ұсынылады. Мен айтпай кеткен нәрселер қанша. Сосын біздер үшін осы мектептің болғанының өзі үлкен көмек. Ел қатарлы білім алып келеміз.

– Өзің орындаған немесе көп тыңдайтын ең жаныңа жақын әнің қандай?

– Менің жаныма жақын ән – «Ана мен бала». Бұл ән менің сәтті музыкалық жолымның бастауы. Себебі, сол әнмен алғаш байқауға қатысып, І орынды жеңіп алғанмын.

– Қай пәндерді сүйіп оқисың, жалпы оқу үлгерімің қалай?

– 4 пен 5-ке оқимын. Сіз «сабақ оқу қиын емес пе?» деп сұрағыңыз келіп отырған сияқты. Ешқандай қиындығы жоқ. Барлығы да өзіңе байланысты. Оқимын деген адам ештеңеге қарамай оқиды. Сүйікті пәндерім – қазақ әдебиеті мен ағылшын тілі. Қазақ жазушыларының шығармаларын жаныма жақын тұтамын. Ал мен үшін ең қиын пән – орыс тілі.

– Болашақта өзің сүйіп оқитын әдебиет не ағылшын тілі маманы боласың ғой?

– Болашақта қай мамандыққа баратынымды білмеймін. Бір білерім, ән жолында жүретін шығармын. Музыкаға қатысты мамандық иесі атанғым келеді.

– Музыка сен үшін не?

– Музыка мен үшін жеке әлем. Мәселен, кішігірім бас аурудың өзін музыкамен басамын. Ол мен үшін жан азығы, мұңымды да, сырымды да шертетін жан серігім. Мен үшін музыка жарық әлем.

– Әңгімеңе рахмет. Өнер жолың табысты болсын!

Айгүл Станбекова, тәрбиеші: Осы мектепте жұмыс істеп жатқаныма 17 жыл болды. Ал Назиманың 2 жылдан бері тәрбиешісімін. Басқа балаларға үлгі тұтарлықтай қыз. Оқушылар бала болған соң, бір-бріне артық сөйлеп, ренжітіп жатады. Қазір бұлар алып-ұшып тұрған шақта ғой. Бірақ, Назимада ондай жоқ. Әрқашан өзінің ақылдылығымен, байсалдылығымен ерекшеленеді. Оны әлі талай үлкен сахналардан көреміз деп үміттенемін.

Фото авторы: Сандуғаш Мамышқызы

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: