Мәди Бәпиұлы. Бір суреттің тарихы

9 Қазан 2018, 14:42 12348

Мәди Бәпиұлының бізге жеткен бір суретінің сыры 

Өткенін ұлықтауға келгенде біздің алдымызға түсетін ұлт жоқ шығар. Бұл қасиетімізді жаманға да, жақсыға да балауға болады. Таяқтың екі ұшы болатындығы іспеттес дүние ғой. Тек, қай ұшына қарағыңыз келетіндігі өзіңізге байланысты. Кейде, қызды-қыздымен тұлғаларымыздың жасына жас қосып жіберетініміз болмаса басқасының бәрі дұрыс. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейтін қазақпыз ғой.  Сол өлілер әлеміндегі тұлғаларымыздың шынайы разылығын алып жүрген жандар санаулы шығар. Сондай жандардың бірі белгілі музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жарқын Шәкәрім ағамыз.  Бұл ағамыз жасынан осы саланың жілігін шағып, майын соруға әуес болған. Жарқын ағамыздың жиған-тергені қырық кітапқа азық болар. Дегенмен, бүгін тілімізге тиек еткелі отырған әңгімеміз ағамыздың дала композиторы, әнші Мәди Бәпиұлының фотосуретін табуы. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін фотоға түсуру мүмкіндігіне ие телефон ұстап жүрген заманда бұл әңгімеміз жұртқа қызық болмауы да мүмкін. Бірақ, Мәдидің заманында суретке түсу қазаққа енді-енді келіп жатқан еді. Оның үстіне Мәдидің қуғында жүргенін қосыңыз. «Байтал түгілі бас қайғы» заманында Мәди Бәпиұлы бір суретке түсіп үлгерген екен. Қазір біздің басына біресе бөрік, біресе  тымақ кигізіп, армансыз өңдеп жүрген суретіміздің тарихына көз жүгіртсек...

- Мен ол кезде небәрі 19 жастағы балаң жігітпін. Қарағанды музыка училищесінің (Қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжі) студентімін. Қарағандының маңайында Абай деген қала бар. Сол қалада жездем көмір шахтасының бас инженері болып жұмыс істейтін. Апа-жездемнің үйіне барғыштап жүріп, Мәди Бапиұлының күйеу баласы Тоқаш Кәдікеев деген ақсақалмен таныстым, - дейді Жарқын ағамыз, - Ақсақалмен етене араласа бастаған күндерімнің бірінде ол кісі үйіндегі кішкене қоңыр сандықты ашып, ішінен ер-тұрман алып шығып, «бұл Мәдидің ер-тоқымы» деді. Көз алдымнан әлі күнге дейін кетпейтін сәттің бірі фотосуретті табыстау кезі.  Тозығы жеткен орамалға оралған бір суретті алып шығып,  «Бұл суретті мен Мәдидің өз қолынан алдым. Көзіңнің қарашығындай сақтарсың. Мәдидің бізге жеткен жалғыз суреті осы» деп берген болатын.  Сөйтіп, мен Мәди жайлы терең зерттей бастадым. Жарты жылдай еңбектеніп, облыстық газетке көлемді мақала жазып, Мәдидің фотосын алып бардым. «Мәди хақындағы мағлұмат» деген мақаламды қолдарына алып, редакциядағылар маған сенімсіздікпен қарады. «Мәдидің суретін жас бала сен тұрмақ сенен зорғылар таба алмай жүр. Мұның жалған дүние болып шықпасын» деп жаныма Оспанбай Орынтаев деген үлкен ақсақалды қосып берді. Содан не керек Осекең екеуміз Тоқаш Кәдікеевтің үйіне қайта бардық. Менің айтқан әңгімелерімнің шындығына редакциядағылардың көзі осылай жеткен болатын. Сөйтіп, 1968 жылы он бесінші наурыз күні Мәдидің фотосуреті бар мақала менің және Оспанбай ағамыздың атынан газет бетіне шыққан болатын.

Бұл суреттегі адамның расымен де Мәди Бапиұлы екендігін өнертанушы, Мәди жайлы ұзақ жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізген, Мәди жайлы деректі фильм түсіруге мұрындық болған Ерлан Төлеутай ағамыз да  растап отыр.

- Мәдидің жалғыз ғана фотосы сақталған. Күйеу баласына айтқан өз естелігінде 1915 жылы Атбасар түрмесінің алдында суретке түскендігін растаған. Тіпті, басындағы тымағы жайлы да айтып өткен. «Кіші жүз Алшын-Жаппас елінің бір азаматы сыйға тартқан тымақ еді» деп нақтылап кеткен екен.

Фото алғаш жарияланған жылдары фотодағы адамның Мәди екендігіне көп адам сенбесе керек. Кейінірек Мәдиге тымағын берген алшын-Жаппас елінің жігітінің ұрпақтарының бірі әкелерінің Мәдимен бірге абақтыда отырғандығын және оған тымағын сыйға тартқандығын растаған екен. Мәдидің бұл суреті әуелгіде Атбасардағы Жайсаң  қажының Камал деген баласында болған екен. 1953 жылы Камалдың әйелінен Тоқаш Кәдікеев алған екен.

- Тоқаш 1918 жылдары Мәдидің Мәпіш деген қарындасын алған екен. 1921 жылы Мәди қайтыс болады. Өлгенде де өз ажалымен өлмеген. Мәдиді атқан ғой. Осындай оқиғалардан кейін өз бастарына қауіп төнгендігін сезген Тоқаш пен Мәпіш Новосібір жаққа қашып кетеді. Заманның беті түзелген тұстары, 1960 жылдары бұл кісілер елге қайтып келіпті, – дейді Жарқын Шәкәрім ағамыз.

Тоқаш ақсақалдың айтуынша бұл суретке түскен кезінде Мәди 35 жас шамасында болған екен. Негізі ол кісінің түрі қараторы болса керек. Қуғын-сүргінде көп жүргендіктен, жүдеу-жадау кейіптегі бұл суретте Мәдидің түрі ақ-сұр адам секілді көрініп қалған. Суреттегідей көзі қысыңқы болғанымен, көзінен от шашқан өткір жанарлы адам болған екен.

- Мәди ат өнерінің де пірі еді. Шауып келе жатқан атың мына жағынан мініп, мына жағынан түсіп небір өнерін көрсететін. Мен ол кісінің палуандығын да көзіммен көрген болатынмын. Қоянды жәрмеңкесінде, Жалғызтөбе деген жерде Керекулік палуанмен белдескен болатын. Керекуліктер палуанын шынжырлап, әспеттеп әкелген екен. Бұл палуанның алып күш иесі екендігін, өзгелерден ерек екендігін көрсететін сол кездің сәні еді. Шынжырлы палуаннан сескенді ме кім білсін. Оған біразға дейін қарсылас шықпай қойды. Бір кезде қарасам, жанымыздағы Мәди шешініп жатыр. Шапанын бізге лақтыра салып, ортаға бешпентшең күйде атып шықты. Аяғында  өкшесі биік былғары етік. Ол сәнді етіктерді өзі тігіп алатын шебер адам еді. «Апырым-ай, мына етігінің өкшесінің кесірінен тобығы тайып кетер ме екен?» деп уайымдап тұрмыз. Керекулік палуан Мәдиді олай да бұлай да лақтырады. Мәди мысық секілді аяғымен дік етіп тұра қалады. Әлгі палуан етжеңді болғанымен Мәди одан бойшаң екен. Бірақ, денесінде артық еті жоқ. Бір кезде қарсыласы әбден шаршады-ау деген тұста Мәди әлгіні басынан асыра көтеріп алды. Сол тік көтерген бетінде анодай жерде отырған би-болыс, бай-манаптардың алдына шаңын «бұрқ» еткізіп тастай салды.

Мәди нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Тігіншілік өнері де керемет еді.  Маңайдағы мен деген сұлулар Мәдиге өтініш жасап, етіктерін арнайы тіктіріп алатын. Мәди үстіндегі кей бешпенттерін өзі пішіп, өзі тігіп алатын. Кейде орысша үлгіде киінетін. Оның осы әдетін негіз етіп кейбір оны ұнатпайтын адамдар сыртынан «Шоқынды Мәди» деп те атайтын, - депті Тоқаш қария естеліктерінде.

Мәди Бәпиұлының бір суреті ғана бар деп жүргенімізде осыдан 3-4 жыл бұрын бір кинотаспаның бөлігі «жарқ» етіп шыға келеді. Ондағы домбыра тартып отырған жігіт ағасын жұрт Мәди Бәпиұлына ұқсатқан. Расымен де видеодағы адам мен суреттегі адамды салыстырсаңыз екеуінің бір адам екендігіне көз жеткізтуге болады. Бұл жайлы Жарқын Шәкәрім ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетіне жазып, мұқым қазақ жұртынан сүйінші сұраған.

- Ойламаған жерден қолымызға түскен кинотаспа болды бұл. Анықтап қарасам Мәдидің нақ өзі. Зерттеушілер бұл таспаны 1920 жылдардың дүниесіне балап отыр. Олардың айтқандарына келісуге болады. Себебі, видеодағы адамның киімі қуғын-сүргінде жүрген адамға келіңкірейді. Жұпынылау киінгені анық көрініп тұр. Домбырасы кәдімгі Қарқаралы қазақтары ұстайтын пернелер саны аз домбыра. Осының барлығы бұл адамның Мәди екендігін растай түседі. Қашып-пысып жүріп бір ауылдан дәм татып отырып деректі фильм түсіріп жүрген топтың камерасына ілініп қалған болуы керек, – деп толғанады Жарқын ағамыз.

Мінекей, бізге жеткен бір суреттің қысқаша тарихы осындай. «Қолда бардың қадірі жоқ» деген қазақпыз ғой. Егер де үйіңізде бағзыдан келе жатқан құнды жәдігерлер, тарихи суреттер болса тарихшыларға көрсетіп, мұражайға табыс еткен жөн. Себебі, Жарқын Шәкәрім ағамыз секілді нағыз өнер зерттеушілері бұл заманда некен-саяқ кездеседі. 

Жалпы, «Мәдиден қалған мұраны ұлықтай алып жүрміз бе?» деген заңды сұрақ туындайды ғой.  Бұл орайда атқарылып жатқан істер де жоқ емес. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Мәди Бәпиұлы атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсы тұрақты түрде араға 3 жыл салып өтіп тұрады. Араға жылдар салатын себебі де бар. Бір жылы Мәди атындағы конкурс өтсе, келесі жылы шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы күй орындаушылар конкурсы өтеді. Бұларға Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсын қоссаңыздар болады.

Мәди Бәпиұлының түбін қуар болсақ түп атасы Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек бидің баласы Бекболат билерден бері түсер болсақ Алшынбай, одан Жанықұл, Қақабай,  Қосық,   Шәпи,   Бәпи  болып   тарайды. Мәди   Бәпидің   баласы. Алшынбайдың Бәпиден басқа төрт ұлы  кілең «Сен тұр мен атайын» болып өскен екен. Ал, Бәпи болса  қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға жан екен. Қазақтың қасқа салты бойынша қара шаңырақтың иесі Бәпиден туған Мәди Алшынбайдың бәйбішесі Ұлжанның қолында өскен екен. Көпті көрген көнекөз қарияның қолында өскен Мәди еркін тәрбие алып, жасықтық пен жалтақтықтан аулақ өскен деседі. Әрдайым жарлы-жақыбайлардың, әділетсіздік көрген жандардың сөзін сөйлеп жүреді.

Өзінің әйгілі «Қаракесек» әнін қамауда жатқанда шығарады. Ал, 1915 жылы Атбасар түрмесінен қашып шыққан соң, орман-тоғайды паналап, қашып-пышып жүрген күндерінде «Шіркін-ай» атты әні дүниеге келген.

1918 жылы ол ақыры  бостандыққа шығады. Дала  композиторының  халық арасына кең тараған атақты "Мәди" әні осы кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарымен  байланыстырылады. Тап сол кезеңдерде, яғни,  1919 жылы Мәди Колчак әскеріне  қарсы шайқастарға қатысады. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен, жаңа өмірді нығайтуға кіріседі.

Қырықта бостаншылық шықтым тауға,

Совдеппін, қимылдайтын басым сауда.

Николай, Колчактардың заманы өтті,

Болғанда тілім қышып, қалам найза,

Сілтейік, кетпесін кек залым жауға, — деп жар салуы соның нақты дәлелі болса керек. Ал Кеңес қызметіне кіріп алған ескі жаулары оны ебін тауып өлтіруді ұйғарады. 1921 жылдың ақпан айында Мәди қаза табады. Мәди Бәпиұлы екі мәрте үйленген жан. Екі некесінен де бала болмаған.

Әділдіктің ақ жолындағы күресте құрбан болған Мәди ұзақ уакыт бойы ескерусіз қалып келген тұлға еді. Оған кеңес заманының мұз құрсауының ықпалы әсер еткен болар.  Дегенмен, сол сірескен мұзды бұзушылардың бірі, қарқаралылық қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы еді. Ол алпысыншы жылдардың бас кезінде Мәди туралы көлемді дастан жазды. Бұл туынды әуелі сол тұстағы облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде басылды да іле-шала «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Оның артын ала бере халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің Мәди туралы «Найзағай» романы шықты. Ал, Мәдидің өмірінің егжей-тегжейі, қайғылы қазасы жайлы толыққанды жазылған алғашқы дүние, әншінің жиені Әшімбек Бектасовтың «Жазушы» баспасынан 1973 жылы жарық көрген «Мәди» атты деректі кітабы.

Әшімбек Бектасов атақты нағашысы жөнінде тек қана  калам тартып қойған жоқ. Мәди бабамыздың басына белгі қою мәселесін бірінші болып көтеріп және сол мақсатына жеткен адам.  Ол жоғары жаққа арыздана жүріп, ақыры 1974 жылы Мәдидің басына тамаша ескерткіш орнатып, келісті қоршау қойғызды.

Әнге туған ақының ем, елім-ау.

Абақтыда қамалғаным не мынау?

Қандай қорлық,

Аппақ ойды қаралап,

Ақ-қараны ажыратып танымау.

Ерінетін жіберуге тереңге ой,

Жалқаулыққа есең кетпес ел ең ғой.

Бағы асқанды күндейтін бір сорың бар,

Соныңды әлі

ұқтыра алмай келем ғой – бұл ақын Күләш Ахметованың «Мәдидің монологы» жырынан үзінді.

Қарағанды жұртшылығына «Қара Дәулет» есімімен таныс  ақын Дәулет Сәтібековтың де Мәди бабамызға арналған «Мәдидің монологы» атты керемет туындысы бар. Сол өлеңінде ақын:

Ту ұстағанды бөлмедім

Туыстан жатты көрмедім

Туралап келген ажал жоқ

Туралап атты өлмедім – деп ер Мәдидің бет-бейнесін біздің көз алдымызға жайып салады.

Сөз соңыңда айтарымыз Мәдидің бізге қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы әлі толық табылып, қолымызға толықтай  тиіп отырған жоқ. Ендеше оны іздестіріп, жалт еткізіп жарыққа шығаруға ел болып ат салысу қасиетті парызымыз деп білеміз.

 

Бөлісу: