Алматы шаһарындағы ең көне үш ғимарат

30 Қазан 2017, 16:28 19398

Көненің көзіндей болған ғимараттар

Заманауи үлгідегі зәулім ғимараттар - қаланың келбеті, көркі болса, тарихтың қойнауынан сыр шертетін көне ғимарат қаланың жаны іспеттес. Мыңжылдық тарихы бар Алматы шаһарында өткен заманның архитектурасынан көрініс беретін нысандардың қатары көп. Солардың ішінде бүгінгі күнге жетіп, қайта жөндеуден өткен, қала өмірінен маңызды орын алатын ең көне 3 ғимаратқа тоқталайық.

Алматы қаласының тарихи мұражайы

Тарихи ескерткішке айналған бұл ғимарат 1879 жылы Поль Гурдэ есімді архитектордың жобасы бойынша салынған. Верный қаласының Үлкен Алматы станциясында орналасқан 20 адамға арналған «Жетімдер үйі» таршылық ете бастаған соң, жергілікті билік жаңа нысан тұрғызуды ойлайды.

Құрылыс барысында ғимараттың дәл ортасынан Александр Невский мен Мария Магдалинаның құрметіне алып күмбезді шіркеу бой көтереді. Шіркеу мен «Жетімдер үйінің» арасын дәліз байланыстырып тұрған. 1910 жылы болған жер сілкінісі ғимаратты қиратып кетеді, дегенмен ол алғашқылардың бірі болып қайтадан қалыпқа келтіріледі. 1929 жылы Алматы астанаға айналған шақта шіркеу күмбездері құлатылды. Жалпы кеңес одағының тұсында бұл ғимарат түрлі мақсатта қолданылып, бірде ұлттық коммисарлар кеңесінің мекемесі болса, енді бірде балаларға арналған клиникалық аурухана қызметін атқарды. 1981 жылдан бастап ғимаратқа қалалық медицина училищесі көшіп келеді, кейінірек ол Алматы медициналық колледжіне ауыстырылып, республикадағы ең алғашқы медициналық колледж болып ел тарихында қалады. Ал 2016 жылы бұл көне ғимарат Алматы қаласының тарихи мұражайы болып қала тұрғындары мен қонақтарына есігін ашады. 40 мың экспонаттан тұратын бұл мұражайдан Алматының өткені мен бүгініне қатысты толық мағлұматты алуға болады.

«Қызыл таң» мата дүкені

Көк базардың маңында, Шоқан Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан «Қызыл таң» дүкені қала тұрғындарының көпшілігіне жақсы таныс. Сан түрлі маталар, тоқыма және тігіншілікке арналған керек-жарақтар мен өзге де бұйымдарды сататын бұл дүкеннің қасынан мән берместен, байқамай өтіп кету мүмкін емес.

Көрер көзді өзінің ерекше сәулетімен баурап алатын бұл ғимараттың салынғанына 100 жылдан астам уақыт болды. Кезінде өз заманының аса дәулетті байларының бірі болған Ысқақ Ғабдуләлиев есімді көпес өз қаржысына Верный қаласының орталық сауда үйін салдырады. 1912 жылы негізі қаланған көне ғимараттың салыну жолы бүгінде аңызға айналып кеткен. Себебі, жобаның нақты авторы белгісіз. Дегенмен, тарихи деректерге сенсек, сол заманның белгілі сәулетшілері Поль Гурде мен Андрей Зенков екеуінің біреуі болуы мүмкін деген жорамал бар. Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткішке айналған бұл ғимаратқа әр жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған.

Қазақ ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы

28-ші Панфиловшылар атындағы саябақтың шығыс бөлігінде әлем бойынша сирек кездесетін мұражайлардың бірі орналасқан. Ол – 1980 жылы ашылған Қазақ ұлттық музыкалық аспаптар музейі. Мыңнан астам экспонаты бар музей қорында қазақтың ұлттық аспаптарының 60-қа жуық түрі жинақталған.

Осындай бірегей мәдени ошақ орналасқан ғимарат – Алматы қаласындағы ең көне құрылыстардың бірі болып табылады. Ағаштан жасалған нысан 1908 жылы Вознесенский соборымен бір уақытта бой көтереді. Белгілі сәулетші Андрей Зенковтың жобасы бойынша салынған ғимарат алғашында Түркістан генерал-губернаторлығының әскери басшылары кездесіп, кеңес өткізетін орын ретінде қызмет атқарса, біраз уақыттан кейін Шенеуніктер үйі болып саналды. Кейін, араға жылдар салып билік өкілдеріне қызмет еткен тарихи нысан мәдени орынға айналады. Бүгін де музей алдында қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – нарқобыздың тас мүсіні тұр. Қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқысы келетіндер үшін бұл музей таптырмас орын.

Қаламызда көненің көзіндей болып сақталып, талай ұрпақтың ғұмырына куә болып тұрған ескі ғимараттардың қатары көп. Алдағы уақытта мистикалық орынға айналып, көпшіліктің үрейін тудыратын ескі ғимараттарға тоқталамыз.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: