"Әлдекім" клоундарды жұмыссыз қалдыра ма?

5 Қыркүйек 2017, 11:57 1680

Стивен Кинг фильм туралы: жақсы фильм болатынына үміттендім, бірақ соншалықты жақсы шығады деп күтпеп едім

«Оно» (ағылшынша – «It», қазақша мағынасы – «Әлдекім») – америкалық жазушы Стивен Кингтің аттас романы бойынша түсірілген үрейлі драма. Фильм кітаптың «Лузерлер клубы» («The Losers' Club») атты бірінші бөліміне негізделеді.

Фильмде жеті баланың басынан кешкен оқиға баяндалады. Клоун кейпіндегі тылсым күш иесі олардың үрейінен қуат алып, олардың соңына түседі.

Айтпақшы, бұл шығарма алғаш рет экрандалып отқан жоқ. ABC арнасында 1990 жылы шыққан 2 бөлімнен құралған теленұсқа қаралым саны жағынан жақсы нәтиже көрсетті. Алайда экраннан қатыгез көріністерді көрсетуге қатысты телевидениенің қатал шектеулері біраз нәрселерді монтаж барысында кесіп тастауға себеп болған. Бұл телефильмнің сапасына да әсер етті.

Жаңа экранизация туралы көп жылдан бері айтылып жүрген болатын. Жобаның инициаторы Warner Brothers студиясы еді. Алайда жоба кейін New Line Cinema компаниясына тапсырылды. Режиссер болып Андрес Мускеттидің тағайындалуы көп нәрседен үміттендіріп қойды. Білмейтіндер үшін - Андрес Мускетти кезінде «Мама» хоррорымен танымал болған еді.

«Оно» біздің кинонарыққа енді келеді, алайда Солтүстік Америкада көрсетіле бастады. Сол себепті бастапқы пікірлер де жазылып жатыр. Сыншылар фильмнің шынымен қорқынышты екенін айтуда. Клоун Пеннивайз рөліндегі Билл Скарсгардтың ойыны да мақталды.

Алғашқылардың бірі болып көрген автор Стивен Кинг былай дейді: «Менде жақсы үміт болды, бірақ соншалықты жақсы шығады деп күтпеп едім. Бұл өзгеше бір дүние, десек те көрермен өз күткенін алады. Оларға персонаждар ұнайды. Мен үшін олар маңызды кейіпкерлер. Менің шығармашылығымды жақсы көретіндер үшін фильм ұнайды деген сенімдемін. Кейбірі тіпті тағы бір ләззат алу үшін кинотеатрға екінші, үшінші рет баратын болады. Өзім тағы бір рет барып қарап, бірінші көрсетілімде жіберіп алған нәрселерді байқадым».

Алайда аталған фильмнің кесірінен болатын бір келеңсіз жайт бар. Жайсыздық, бірінші кезекте, нағыз клоундарға қатысты. Фильмнің көрермендер санасына әсері клоундарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Сайқымазақ болып күн көретін адамдар бизнесімізге нұқсан келеді деп қобалжиды.

Режиссердің айтуынша, «Әлдекім» жалғасын табады. Әрине, бүгін-ертең емес. Бірақ бірінші бөлімнің прокаттағы жолы болашақ сиквелдің де бағыт-бағдарын анықтап бермек. Жоспар бойынша, жалғасында бірінші фильмдегі оқиғадан отыз жыл өткен соң басты кейіпкерлердің хикаясы баяндалуы тиіс. Олар зұлым клоумен тағы кездеседі.

Бірінші фильмнің бюджеті 35-45 миллион доллар шамасында деп айтылуда. Өзін ақтау туралы сенімді айту үшін Warner Bros. студиясына алғашқы аптада 50 млн доллардай табыс табуы қажет болады. Алдын-ала жасалған болжамдар да жаман емес, кейбір ақпарат көздері бастапқы үш күнде 60 миллиондық межені еңсереді дейді. Бұл тек Американың өзінде. Өзге нарықтан қанша жинайтынын өзіңіз болжай беріңіз.

Ернар Бекенов
Бөлісу: