«Жұлдыздар соғысының» мәдени мұрасы

13 Желтоқсан 2017, 11:29 2080

Қырық жылдық тарихы бар «Star Wars» кинодастаны туралы

Қырық жылдық тарихы бар «Star Wars» кинодастаны кинематографта жаңа бағыт, тіпті жаңа жанр алып келгенімен қоймай, бүкіл адамзат үшін жаңа түсініктер мен құндылықтар қалыптастырды. Бүгін осы үлкен киноәлемнің мәдени мұрасы жайында сөз қозғаймыз.

«Star Wars. Episode IV: A New Hope» фильмінен кадр / © Lucasfilm

«Жұлдыздар соғысындағы» басты элементтердің бірі - «Force», яғни Күш немесе Құдырет. Бұндай қасиеті бар жан ерекше энергияға ие болады, оны сезіне алған және дер кезінде дұрыс тәлім алған адам белгілі бір рухани даму жолына түсіп, қоршаған кеңістікті ой күшімен басқара алады. Шеберлігін шыңдай келе джедай деп аталатын рыцарлар орденінің бір мүшесіне айналады. Бұл құдырет екіге бөлінеді – Жарық және Қараңғы жақ. Джедайлар тек Жарық жағын қолдануды үйретіп, дүние қызығынан бас тартады, альтруизмді, жігерлі болуды, батылдықты ұстанады. Ситхтер деп аталатын орден керісінше – дүниенің қараңғылығын ұстанады, оларға эгоизм, билікұмарлық, қорқыныш, жек көру, агрессия секілді қасиеттер тән. Қысқасы ғасырлар бойғы адамзат дамуында басты бағдарға айналған, барлық діни конфессия мен мифологияның негізгі тірегі – жамандық пен жақсылық текетіресін «Star Wars» жаңа формада ұсынды. Сөйтіп адамдарға үйреншікті болып кеткен баяндау канондарынан бас тартып, адами құндылықтар ғарыш тематикасында ұсынылды. Осыдан кейін көрермен жамандық пен жақсылық тепе-теңдігі туралы түсініктерін жаңа қырынан зерделеп, санасын бір жаңғыртып алары сөзсіз. Аталған ғарыш операсының көпшілік арасында ерекше құрметке ие болу себептерінің бірі де осыдан шығар. Сондықтан да болар, кейбір зерттеушілер «Жұлдыздар соғысының» сюжеті Інжілден алынған деп есептейді.

Иллюстрация / © ThoughtCo / Justin Sullivan / Staff

Әлем бойынша «Star Wars» фанаттары жетерлік, көптеген фан-клубтар жұмыс істейді. 4 мамыр «Жұлдыздар соғысы» күні болып саналады. Мейрамда фанаттар тематикалық байқаулар өткізеді, костюмдер шеруі ұйымдастырылады. Мейрамды Disney студиясы да өзінің аттракциондар паркінде атап өтеді.

Бірақ бұның бәрі келесі айтылатын фактінің қасында түк емес. Сіз білесіз бе – осы киносаганың арқасында джедаизм деген дін пайда болды! Джедаизм «Жұлдыздар соғысы» фантастикалық киноэпопеяның негізінде шыққан діни қозғалыс. Идеясы фильмдегі рыцарлар ордені – джедайлардың ұстанымдарына сүйенген.

2003 жылы жүргізілген санақ бойынша осы бағытты ұстанатындар саны Ұлыбританияның өзінде 390 мың болған. Осы елдің Әділет министрлігі джедаизмды жаңа діни қозғалыс ретінде тіркеді.

Джедаизм өкілдері басқа елдерде де жетерлік. Мысалы Астралияда 70 мың адам осы бағытты ұстанатыны белгілі болған. Алайда көпшілік бұны әлі діни сенім дегеннен гөрі, субмәдениет немесе философиялық ағым деп қабылдайды. Өйткені джедаизмның нақтыланған діни жамағаты жоқ, рәсімдері мен жөн-жоралғылары бекітілмеген, культ ғимараттары салынбаған.

Кинодастанға кіретін фильмдерден жарық семсерлерін көрген шығарсыздар? Соның негізінде ойлап табылған сайберфайтинг деген спорт түрі бар. Әдетте дюралюминий немесе әйнекпластик материалдан жасалған семсермен шайқасады.

«Жұлдыздар соғысы» франшизасына қазіргі таңда 8 кинофильм кіреді. Тоғызыншы картина - «Соңғы джедай» осы аптада әлем жұртшылығының назарына ұсынылады. Бұлардан бөлек сансыз көп анимациялық сериалдар, мультфильмдер, телефильмдер, кітаптар мен комикстар, видеоойындар, ойыншықтар мен басқа да шығармалар бар.

«Star Wars: The Last Jedi» фильмінің трейлері:

Ернар Бекенов
Бөлісу: