Ұлттық телеарнасындағы әлеуметтік бағдарламалардың табиғаты.

22 Қыркүйек 2017, 18:06 1954

«Қазақстан» ұлттық арнасындағы әлеуметтік бағдарламалардың дені бөлек, еңбегі ерек  

Еліміздегі барлық телеарналардың бағыты бір, мақсаты ортақ, жолы тоғысатын болғанмен «Қазақстан» ұлттық арнасындағы әлеуметтік бағдарламалардың дені бөлек, еңбегі ерек. Арнаның мемлекеттік һәм «ұлттық» статусы болғандықтан ондағы дүниелерден салмақтылық, тереңдік, ойлылық, қазақылық есіп тұратыны сөзсіз. Оның үстіне, телеарна негізінен алыс-жақын ауыл аймақтарда жүз пайыз таратылатындықтан қазақтілді тұрғындардың басым бөлігі төл арнаны көруді жөн көреді. Осы фактіні ескерген арна басшылары  эфирге көбінше қазақы қалыптағы, ұлттық сарындағы хабарларды шығарады. Жаңалықтар қызметінің де өзге арналардан айырмашылығы жеңіл- желпі шоу бизнес әлемінен алыс салиқалы дүниелерді ұсынады.  Көбінше көрермен ұлттық арнадан өзі секілді қарапайым қазақ азаматтарының  жеткен жетістіктерімен мазалаған мәселелері жайында ақпарат алып, өміріне қаныға алады.

Сөзіміз дәлелді, ойымыз орынды болуы үшін Ұлттық арндағы әлеуметтік бағдарламаларды өзге телеарналардағы осы бағыттағы хабарлармен салыстырып, сана сүзгісінен өткізіп көрейік.

Мәселен, «Қазақстан» телеарнасының эфиріне екінші жыл шығып, өз көрермендерін қалыптастырған бірден бір әлеуметтік бағдарлама –«Айтуға оңай». «Айтуға оңайдың» табиғатын тану үшін КТК –дағы «Наша правда» ток-шоуымен қатар қойып, ерекшеліктерін екшейік. Нысанаға алынған екі бағдарламаның тілі бөлек болғанмен  форматтары бір, жанрлары ортақ. Екеуі де қарапайым халықтың назарын ұстауға ұмтылады. Алайда, тақырыпты талқылау тәсілі, журналистердің  жүргізу стилі, тіпті келетін кейіпкерлердің мінез-құлқы да әр түрлі. Егер, екі бағдарламаға бір тақырыпты талқылауды ұсынатын болсақ, екі түрлі шешім, екі түрлі көзқарас қалыптастырады. Тақырыпты ашатын қонақтарды таңдағанда да мақсат бөлек.

Мысалы, «Айтуға оңайда» кейіпкерлер қарапайым қалыппен мәдениетті түрде мәселені оптимистік тұрғыда талқылауға тырысады. Ал «Наша правдада» жүргізушінің де, кейіпкердің де астыртын мақсаты бар. Ол мақсат тақырыптың ашылуы деген талаптан биік тұрады. Яғни, сөйлеген сөзімен, жасаған ісімен көрерменді таңқалдыру, жағасын ұстату, эмоциясын шығару. Мұндай бағдарламалар көрерменнің көңіліне әсер еткенмен, ақпараттың объективті тұстары, тақырыптың толыққанды мазмұны жоғалады. Бірақ «қара пиардың» қадірін білетін продюсерлерге бұл маңызды емес. Олар рейтинг ашты, өткір, көзсіз әрекет, бейәдеп сөздермен ғана көтеріледі деп ойлайды. Сондықтан айтулы мамандар  ұлттық арнадағы позитивті бағдарламаларды пайдасы жоқ, жалықтыратын, сапасыз дүние деп қабылдайды. Ойланып қарасақ, бүгінгі тележурналистикада «сапа» ұғымының мәні де, мақсаты да, негізі де өзгерген сыңайлы. Кей кезде телеарнадағы әлеуметтік бағдарламаларды қарап отырғанда қырағы көрермен журналистердің «мықты» хабарларының сапасына сын айтып, төмен бағалап жатады. Қателеспес үшін бағдарлама көрермендердің рухани, танымды ойын қалыптастыру үшін, ақпараттық азық алу үшін, түйсігі, түсінігі қалыптасуы үшін жасалуы міндет.

Ұлттық арнадағы әлеуметтік бағдарламалардың болмысын жіті түсіну үшін оның өзге телеарнадағы бағыттас ток шоулардан ерекшелігін екшеп, мақсатын айқындап алайық. Сонымен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы әлеуметтік тақырыптағы бағдарламалардың өзіне тән ерекшеліктері қандай:

-Табиғаты салмақты, форматы ұстамды.

-Жасандылық жоқ. Керісінше шынайылық есіп тұрады.

-Көбінше  елдегі жағымды жаңалықтарды жеткізуге тырысады. Өткір -мәселелерді эмоциясыз талқылауға тырысады.

-Жүргізушілері қазақша сөйлейтіндіктен ұлттық стиль мен мұндалап тұрады.

-Шұрайлы, әдеби, мәдени тілді қолданады.

Ұлттық арна эфирінен шығатын әлеуметтік тақырыптағы қай жобаны алсақ та, мазмұнды дүниеге қанығасыз. Өзге бағдарламалар секілді қолдан жасалған сенсация, қызыл-жасыл шоу, пайдасыз пиар белгілері байқалмайды. Мүмкін сондықтан ұлттық арнаның барлық өнімі жоғары рейтингке ие емес. Алайда, соңғы жылдарда қоғадай қаптаған жеңіл шоулардан кейін көрерменнің талғамы төмендегенін аңғару қиын емес. Ұлттық арна салмақты дүниелері арқылы аудиторияның талғам деңгейін көтеруді мақсат етеді.

Жобаның ұтымдылығы қандай критерийлермен өлшенеді? Әлбетте, оның эфирдегі өміршеңдігі бірден бір көрсеткіш құрал. Екінші талап, хабардың нәтижелілігі. Бұдан басқа ұтымды жоба жабылғаннан кейін де көрерменнің аузында көпке дейін айтылып, көңілінде ұзақ уақыт қалып қоюы тиіс.

Осындай талаптармен танылған бағдарлама деп «Ақжүністі», «Аялы алақанды», «Қыз қууды», «Шетелдегі қазақ балалары» жобаларын айтсақ болады. Алдыңғы үш бағдарлама Ұлттық арнаның алтын дәуірі 2004 жылдары жарыққа шығып, тележурналистика саласында өнімді еңбек ретінде есептелді.

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы-ұлттық арнаның ғана емес,  қазақ журналистикасы саласында мақтанарлық, ауыз толтырып айтарлық ауқымды бағдарлама болды. Хабардың рейтингісі бағдарламаның бірінші санынан ақ ең үлкен нәтиже көрсетті. Еуропаның әр қиырында өмір сүріп жатқан бала қазақтардың тағдыры көрерменді әртүрлі эмоцияға бөледі. Бірі көзіне жас алды, бірі кейіпкерлердің бақытты өміріне шүкір етті, бірі сағынды, бірінің намысы оянып, ұлттық деңгейде ойлана бастады.  Бағдарлама авторы әрі жүргізушісі ешкімді сынамай- ақ, өткір сөздерді айтпай- ақ, ащы    мәдениетті түрде тігісін жатқызып жеткізді. Бағдарлама біткеннен кейін ғаламтор желісінде де, баспасөз беттерінде де жерлестеріміз ойларымен бөлісіп, редакцияға толыссыз хаттар жіберіп, алғыстарын білдіріп жатты.  Әрине, хабардың жетістікке жетуіне актуальді тақырып аз роль атқармады. Алайда, жоба жүргізушісі, сценарисі, продюсері, режиссері мен операторларының ұтқыр ойлары мен мол тәжірибелері, шығармашылық потенциалдары бағдарламаның журналистика тарихында қалуына зор септігін тигізді.

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасының жүргізушісі әрі продюсері Жанар Байсемізованың стандартсыз ойлары мен ерең еңбегі жобаның жемісті болуына үлес қосты. Жүргізушінің шынайы болмысы, бағдарламасын жан тәнімен сүйетіндегі, кейіпкерлерін уайымдайтындығы, олардың оқиғаларын жүрегінен өткізетіндігі көгілдір экраннан көрерменге сезіліп тұрды. Шынында да «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетпей қоймайды». Жанардың жанын салып жасаған жобасы көрерменнің есінде көпке дейін қалады.

Айтулы жоба - деректі фильм, журналистік зерттеу, сұхбат элементтері тоғысқан ұтымды дүние болып шықты. Жиыр минутта екі кейіпкердің тауқыметті тағдыры, өнегеге толы өмірі көз алдыңыздан өте шығады. Осы тектес бағдарламалар отандық телеарналарда баршылық. Алайда жиырма минут түгілі жиырмасыншы секунтта көрермен жалығып, өзге арнаға ауыстырып жіберетіні жасырын емес. Жанар әр бағдарлама сайын көрерменнің назарын ұстап қалу үшін жаңа фишкалар қосып, қызықтырып отырды. Бір сөзбен айтқанда бағдарламасын әрлеп, сәндеп, мазмұн беріп, мағынасын тереңдетіп, мақсатын биіктеткені рас.  Кейбір мықты журналистер хабарларының сценариін көркем тілмен, әдеби негізімен жеткізетіндіктен көрермен мазмұнын түсінбей қалып жататыны белгілі. Тіл көркемдігі журналисттің сезіммен сөйлеуіне кедергі келтіретін де тұстары болады. Журналистің тіліндегі әдеби сөздің көптігі бағдарламаны құрғатып жібереді. Сондықтан тым қарабайыр емес, әсіре әдеби емес сауатты тілмен сөйлеген дұрыс. Осы тұрғыда Жанар Байсемізоваға жететін журналист жоқ.

Бағдарлама көрерменге әсер етуі үшін журналистің дауысы, мәнері, түр келбеті де келісті болуы міндет. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының жүргізушісінің нәзік дауысы, анық дикциясы хабардың мазмұнын жоғары сапада көрсетіп тұрды. Хабарды үзбей көрген қырағы көрермен куә, Жанардың stand-upтарындағы жестикуляциясы, мимикасы  қиялдан туғанмен көрермен көзіне сүйкімді көрінеді. Сөзінің әсерлі шығуына қуат, көмек болғаны белгілі.

Елу жылдан аса тарихы бар «Қазақстан» ұлттық арнасы ұтымды жобаларға кенде емес. Әлеуметтік мәселелерді әр тұсынан көтерген кешегі Сағат Әшімбаевтар мен бүгінгі Бейсен Құранбектердің есіл еңбегі арқасында Ұлттық арнаның көсегесі көгеріп, абыройы артып келеді. Журналистика айдынында Ұлттық арнаның орны, еңбегі ерекше. Себебі, эфирден шыққан қай дүние болсын қазақ ұлттық болмысына, табиғатына, көзқарасына, таныма қанып тұрады. Ұлттық арна бағдарламалары сонысымен ұтымды.

Мақала авторы Ғ.Е.Қонысбай

Бөлісу: