«Ұлытау өңірі» газетінің тарихы

25 Қыркүйек 2017, 10:01 6659

Ұлытау – өте қасиетті мекен

«Ұлытау – ежелгі қоныс, ескі жұрт. Қазақ атаулының табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Кешегі Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан еншісін бөліп, жүректерінде жауынгерлік жалыны өше қоймаған елін ертіп, Ұлытауға қарай жөңкіле көшуінде сай-сүйегіңді сырқыратар терең сыр, күрделі құпия жатыр.

Бұл - кейбіреулер айтып та, жазып та жүргендей, тек қана ағайын арасындағы алауыздықтан туған құбылыс емес. Бұл -  тарих тұғырындағы туы жығылған Алтын Орданың түтінін аңсау, бұл - ежелгі ескі жұрттың жұрнағын сағыну, бұл - дүниенің тең жартысын құзырына қаратқан кешегі кемел мемлекеттің киесін қастерлеу, бұл -  Кетбұғы, Едіге, Тоқтамыс сияқты арыстандарымыздың айбарына бас ию, әруағына сиыну, тұлғасына табыну, келбетін көксеу...»- деп белгілі қаламгер, Ұлытау өңірін кеңінен зерттеген Қуаныш Ахметов өзінің «Ұлы даланың Ұлытауы» атты екі томдық кітабында Ұлытау өлкесіне баға берген екен.

Тарихты айтқанда Ұлытауды ауызға ала алмай кете алмаймыз. Қандай өтпелі кезең болғанда да қазақ халқының тағдыры Ұлытауға соқпай өтпейді. Соның дәлелі ретінде елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына бір сөзін айта кетуге болады:

«Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген.

Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат-қырат таулар. Ең биігі – Әулиеата деп аталады. 1100 метр. Одан ағып жатқан, мына біз маңында отырған бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының  бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой. Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады. Мына таудан бұлақ ағады, төңірегі жайылымға қолайлы. Ұлытаудың қасиеті осындай. Сондықтан тарихыңды білген жөн болады. Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек».

Бізге ертегі-аңыз болып жеткен көптеген оқиғалар ол кезеңде әлі де іздері көмескіленбеген тарихи шындық еді. Ұрпақ санасында ұялап қалған ата-бабаларымыздың елдік кескіні, ерлік дәстүрі жадыда жаңғырып, жүректі жандырып, бірте-бірте орасан жойқын қозғаушы күшке айналды. Дүниеде алыс жолдың азабына, сол сапарда қырылған-жойылғанына қарамай, толғақты сәті келгенде жөңкіле жүзіп, мұхиттан мұхит асып, өзі өсіп- өнген теңізіне жетіп, уылдырық шашатын балықтар бар. Өйткені, ұрпағының жетіліп- бекінуіне тек сол теңіздің ғана суы жайлы Қазақ ұлты үшін Ұлытау - осындай айдын!

Жер жүзіндегі қай халықтың болмасын қадір тұтып, қасиет санайтын киелі мекені, құдіретті өлкесі болары хақ. Осындай  қойнауы қазынаға толы, тасына тарих тұнған жер қазақ жерінде де бар. Себебі, Ұлытау-ұлтымыздың ғасырлар қойнауынан сырын шертетін шежіресі, ашық аспандағы тарихи ғажайып мұражайы.

«Бұл ел бастаған көсемдердің, сөз бастаған шешендердің, қол бастаған батырлардың құт мекені, бір сөзбен айтқанда,  Тұранның тұрағы, ұлтымыздың ұраны болған жер. Желмаямен ел-жұртына жайлы қоныс, жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз төңіректі төңкеріп, төрт бұрышын шарлап Ұлытауға келіп тоқтап, жердің сарқылмас қазына байлығын көріп: «Елдің аласы, рудың таласы жоқ, бауыры құт, шөбі ет, суы сүт, мен іздеген Жерұйық осы болар»-деген екен.

Сонау бір бағзы заманда халықтың жауынан қорғанар қамалы, даналарымыз бас қосып, алқалы жиындар өткізер ордасы болған Ұлытау – ұлтымыздың қасиетті қара шаңырағы, алтын ұясы.

Байлығы асқан, ырысы тасқан бұл өңірде дүниені дүр сілкіндірген Әмір Темір жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханды шауып келе жатып, тоқтап, Ұлытаудың тамаша табиғатына қызыға қарап тұрып: «Тау биік болмаса да, бауыры құт, халқы көрмейтін жұт, ғажап жер екен. Мұнда қандай ескерткіш қалдырсам болмақ. Алтын қойсам алып кетер, аспаннан түскен жасын, тасына атымды осы жерде болғанымды жазып қалдырсам, ұрпаққа жетер»-деп,  жүз мың аламанына  бір-бір тастан жинатып, тау тұрғызып, басына балқыма пеш салдырып, талдан көмір жасатып, метеорит тасын балқытып, тасқа өзі туралы мәлімет жазып, ескерткіш қалдырған екен.

Бұл тас сол заманның аса құнды жәдігері ретінде бүгінгі таңда Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы тұр».

Бұл 2006 жылы «Ұлытау» атты қалың оықманға жол тартқан үлкен энциклопедияда жазылған дерек болатын.

Қия шыңдарында қыраны мен ұлары қатар мекендеп, арқары мен тау текесі асыр салған, жазығында аңы малымен бірге өрген, алқабында алтын астық жайқалып, өзен – көлдерінде балығы тайдай тулаған Ұлытау өңірінде талай – талай тарихи оқиғалар өткен. Ғасырлар қаптарында қалып қоймай, бізге жеткен ұлы оқиғалардың бірі Үш Жүздің ел қамын жеген даналары осы жерде бас қосып, тарыдай бытырап, сынаптай сырғанап жүрген көшпелі жұрттың басын біріктіріп, іргелі, мықты елге айналдыру, жауға соққы беріп, елді, жерді қорғауда тұтас күшке айналып, ел тұтқасын берік ұстау жөнінде алқалы мәжіліс өткені. Сөйтіп, бұл жерде киіз туырлықты қазақ біртұтас ел болып, бірігіп, ақбоз ат шалып, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, елдік пен ерліктің туын асқақтатқан. Сол мәжілісте ұлы іс тындырылып, ұлы мақсаттары жүзеге асқан аузы дуалы халық даналары бұрын «Елтұрағы», «Мұзбел», «Кәрітау», «Көктөбе» аталып келген бұл тауға «Сенде ұлы іс тындырылды, енді сенің атың Ұлытау болсын» деген екен. Содан бері Көктөбе Ұлытау атанып, атағы асқақтап, исі қазақтың бас иіп, тағзым етер қасиетті жеріне айналып келеді.

Осынау қасиетті жердің  бар тарихын, өткен-бүгінін жазып, хатқа басып келе жатқан «Ұлытау өңірі» басылымы еді. Аудан орталығына келген барша белгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің сапарын, тыныс-тіршілігімен қалқысыз хабардар етіп келетін жалғыз басылым болып табылады.

Ауданның өткен тарихын халықтың басынан кешірген небір оқиғаларды, қиын кезеңдердегі елдің ерлік еңбегін, даңқты істерін іздеген кейінгі ұрпақ ең алдымен мұрағаттан аудандық газетті ақтарып, одан өздеріне керегін, рухани қорегін табары анық. Өйткені, аудандық газет өзінің шыға бастаған 75 жылдан бергі жердегі ғана емес ғасырлар қалтарысында қалып бара жатқан елеулі оқиғаларды да қамтып отырды. Әр кездегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен мағлұматтар беріп келеді. Әріге бармай-ақ кешегі ұлт азаттық қозғалысы, қазан төңкерісі, мойынсерік, колхоздастыру, ұлы компеске, алапат  ашаршылық, сойқанды қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың ауыр халі газет назарынан қалыс қалған жоқ.

Ал, өзі өмірге келген 1940 жылдың 1 қараша айынан бергі жердегі оқиғаларды қалт жібермей, қамтып отырды. Алғашқыда «Большевик туы» болып шыққан газеттің аты, кейін «Сталин туы», «Коммунизм туы» болып өзгертілген кездері болды, 1973 жылдан бері «Ұлытау өңірі» деген атпен шығып келеді.

Газет 1940 жылы 1 қарашада «Большевик туы» деген атпен жарық көрді. Алғашқы редакторы Жұмабай Кетіков. Басылым алғашында екі бет болып шыққан. Бүгінгі күнге дейін дейін төрт болып келген.

Баспасөздің қоғамда болып жатқан оқиғалардың барлығына дерлік ат салысып, өзекті проблемаларды дер кезінде көтеретіні, қоғамдық пікір туғыза отырып, сол проблемалардың дұрыс шешілуіне мұрындық болып отыратыны белгілі. «Большевик туы» газеті алғашқы нөмірлерінен бастап өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін қозғап, қоғамдағы алуан түрлі аудиторияны әлеуметтік-саяси және арнаулы хабарлармен қамтамасыз ете білді. Қоғам өміріндегі өзгерістерді экономикалық-әлеуметтік, саяси, рухани-мәдени мәселелерді үзбей жазу арқылы жұртшылықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруда газеттің ықпалы зор болды.

«Большевик туы»  газетінің тарихын Ұлытау ауданының өмірінен бөле-жара қарастыруға келмейді. Басылым аудан еңбекшілерін коллективтік еңбекке, социалистік құрылыс ісіне жұмылдырып, аудан өңірінде халық шаруашылығы мен өнеркәсіп орындарын өркендетуге белсене атсалысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында газет «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен шығып, Ұлытау жерінің еңбекшілерін жанқиярлық еңбекке үндеді. Соғыстан кейінгі жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі өркендетуде, тың және тыңайған жерлерді игеруде газет өзінің үгітшілік, ұйымдастырушылық міндеттерін ойдағыдай атқарады. Газет партия мен үкімет шешімдеріне сай, облыс еңбекшілерін коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау жолындағы күреске, өнеркәсіп пен шаруашылық және мәдени құрылыс міндеттерін ойдағыдай орындауға жұмылдырып отырған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында барлық жұмысты соғыс мүддесіне сай қайта құру міндеті алға қойылғаны мәлім. Соғыс жылдарында қазақ баспасөзі де сол ортақ мақсатқа қызмет етті. 1941-1945 жылдар аралығында республикада жалпы саны 229 газет шығып тұрды. Оның төртеуі – республикалық (қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде), 28 облыстық, 197 қалалық және аудандық газеттер болды.     Сұрапыл күндерде қазақ тілінде шығарылып тұрған  майдандық газеттердің рөлі де орасан зор болды. Олардың беттерінде жедел түрде жарияланған әрбір материал жауынгерлердің намыс-жігерін өршітіп, ортақ жауға оқ болып атылды. Майдангер-журналист Әбдірашит Бектемісовтың «Майдангер көзімен» атты кітабының алғы сөзінде: «Қазақ редакциясы өз төңірегіне қазақтың майдандағы ұл-қыздарынан тілшілер қауымын топтастыра білді. Бұл тілшілер материалды орысша да жазды, қазақша жібергендерін қазақ журналистері орыс тіліне аударып, газетке жариялап отырды. Қаһарман қазақ халқының жауынгер журналистері өз парыздарын жанын салып, мүлтіксіз өтеді. Олардың қаламынан шыққан туындылар ел дегенде еміренген ерлерді ерлікке құлшындырды. Әр жүректе жауға деген өшпенділік отын тұтатты» – деп жазылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарына баспасөз материалдарының күллі мазмұны «Барлығы майдан үшін!»«Барлығы жеңіс үшін!» деген айбынды ұрандарға бағындырылып, публицистика аса зор ұйымдастырушылық сипат алды. Майдан тақырыбындағы түрлі жанрлық еңбектерде жауынгерлердің жан аямайтын батылдығы айқын орын алып, әр адым жер үшін жандарын аямай алға ұмтылған батыр аға-апаларымыздың өшпес ерліктері арқау болады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ халқы елді, жерді қорғауға жаппай кірісті. Майданда да, тылда да қазақстандықтар асқан ұйымшылдық, ерен ерлік көрсетті. Майдан талабына байланысты баспасөздің мазмұны да қайта өзгерді. Негізгі тақырып Отан қорғаушылардың қайсар ерлігін паш ету, тылдағы еңбеккерлердің адал да абыройлы еңбектерін жеткізу болды. Осы міндетті нысан етіп алған қаламгерлеріміз басты тақырып етіп жауынгерлеріміздің ерлігін жұртшылыққа паш етіп, майдан өмірінен мәліметтер мен қажетті деректерді баспасөз бетіне жариялап отырды.  Мақсат – халықты жігерлендіріп, патриоттық рухта сенімдерін нығайту.

Соғыс аяқталып, сол кезге сәйкес 1951 жылы газет аты «Сталин туы» болып өзгерді. Сол 1950 жылдар ішінде, Сталин қайтыс болған соң газет аты 1953 жылы «Коммунизм туы» болып тағы ауысқан. Бірақ бұндай атаулармен көп жылдар жүрмей,  1973 жылдан бері «Ұлытау өңірі» деп аталады. Биыл газеттің 75 жылдық мерейтойы. Осы жетпіс бес жылда 7 редактор болған. Алғашқысы Жұмабай Кетіков, одан кейін Дихан Жұмабеков, Әбілқасым Әміралин, Көбейсін Еңсебаев, Төкен Оразбеков, Мағзұмбек Машайықұлы, Елтынды Дүйсенбаев.

Қағазы сарғайған газет тігінділері аудан тарихынан сан алуан сыр шертеді. Соғыс алдындағы жылдар, социалистік индустрияның нық адымдары, стахановшылар мен екпінділер туралы қуанышты хабарлар мен фотосуреттер – осының бәрі аймақ шежіресіне айналды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерден бастап газет облыс еңбекшілерін майдан үшін, жеңіс үшін қажырлы еңбекке, ерлікке шақырды. Газет бетінде тыл тынысы, облыстың кәсіпорындарында, колхоздар мен совхоздардағы шаруашылық жұмыстардың барысы, Отан қорғау қорына түсіп жатқан қаржылар туралы хабарлар мен майдан хабарларымен қатар жарияланған. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранды газет жауынгерлік ту етіп ұстады. Отан-анаға қауіп төнген қарбалас шақта редакцияның көптеген қызметкерлері қаламды жауынгерлік қаруға алмастырды. «Коммунизм туы» газеті облыс партия ұйымының басшылығымен жүзеге асырылған аса маңызды экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерге белсене қатысты.

Баспасөз халық тілі, тұрмыс айнасы болғандықтан, оқырман баспасөзден білім, жан азығын іздейді. Баспасөз өзінің даму сатыларынан бастап оқу-өнер деп сусап отырған елге білім беруге, болмыс-құбылыстардың құпия-сырларын түсіндіруге көп көңіл бөледі. Ұлытау өңіріндегі қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Большевик туы» газеті жарық көрген күннен бастап-ақ ел өміріне, халық тұрмысына етене араласып, өзекті жайларды арқау етуімен қуантты. Барған сайын газет мазмұны жақсарып, өткірлігі артып, азулы бола түскен.

Ұлытау өңіріндегі тұңғыш қазақ газетінің жарық көруі оңай болмаған. «Большевик туы» газетінің жұмысын нығайтуға көрнекті партия, совет қызметкерлері жіберіледі. Газеттің алғашқы нөмірінің жарық көруіне аудан тұрғындары мен зиялы қауым, партия мүшелері көп көмегін тигізген. Кейіннен бұл азаматтар газет жұмысына белсене араласып, жылдар бойы редакция алқасының тұрақты мүшесі болған. Газет сол кезде жүргізілген саясатқа сәйкес партия алға қойған келелі міндеттерді шаруаларға өз тілінде кең жеткізіп, оның айбынды үгітшісі бола білген.

Атқарылған жұмыстың бәрі де жұмысшы, қара шаруаның қатынасымен орнына келетін жұмыс. Қалың қара бұқараның белсене кірісуін керек қылатын жұмыс. Бұған жұмыла кірісіп, атсалысу – еңбекшілердің негізгі міндеті. Еңбекшілерге бұл міндетін орындау жөнінде газет көп көмек береді. Партия тарихын, жұмысшылардың төңкерісшіл қимылының тарихын тексеріп қарасақ, қалың бұқараға жұмысшыларға ынтымақтасуда, партия төңірегінде топтанып, тап дұшпанын жеңу жөнінде баспасөз, газет көп көмек көрсеткенін, мықты құрал болғанын көреміз. Сондықтан жұмысшы табы, еңбекшілер жұртшылығы бұл құралды қазіргі социалдық тұрмыстың іргесін қалау, ауыл шаруашылығын өнерлі жолға қою тап дұшпандарын жеңу үшін де пайдалана білуі керек.

Аудандағы мыңдаған қалың қара бұқараны ұйымдастырып, оларды жаңа тұрмыс, жаңа жұртшылық, жаңа шаруашылық орнату жолына бастайтын – «Большевик туы» газеті болған еді. Округтік партия комитеті округтің барлық еңбекшілерін газеттің көркеюіне атсалысуға шақырып, отырған.

Ол елдегі кедей, жалшы, орташалар, әйелдер оқитын, оған күнбе-күнгі жұмыстары туралы үзбей жазып тұратын ауыл газеті, ауыл еңбекшілерінің жырын жырлап, мұң-тілегін шешетін, басын құрайтын үгітшісі, насихатшысы, ұйымдастырушысы болды. Сондықтан аудандық партия, комсомол ұйымдарының, комитеттері мен жеке мүшелерінің, қосшы ұйымдарының «Большевик туы» газеті лениншіл газет ету, социалды тұрмысты орнату, оңшылдық-солшылдық, байшыл, ұлтшылдық пікірлерімен, олардың салт-санасымен күресуде шын тап құралы ету болды. Бүкіл еңбекшілер «Большевик туы» төңірегіне жиналды. Оның көркеюіне бірі қалмай атсалысты.

Одан кейін газет аты «Сталин туы», кейіннен «Коммунизм туы» деп өзгерген болатын.

«Коммунизм туы» өзінің алға қойған міндет-мақсатын абыроймен орындауға күш салады. Ауылдарды коллективтендіру, колхоз құрылысын нығайту, бай-кулактарды тап ретінде жою күресінде үгітші де, насихатшы да, ұйымдастырушы да бола білген.

«Коммунизм туы» газеті өз әлінше дәуір жүгін арқалай білген. Ұлытау өңірін коллективтендіру, алғашқы бесжылдық жоспардың орындалу барысы жайлы үзбей жазып, ұлы іске өз үлесін қосады.

Аудандық газет өзі өмір сүрген75 жыл ішінде халыққа қалтқысыз  қызмет етіп, елді еңбекке жұмылдырып, табысқа талпындырып отырды. Сөйтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына гүлденіп көркеюіне лайықты үлесін қосты.

Сонымен бірге көгінде қыран қалқыған, бауырында байлық шалқыған қазақ халқының қасиетті құт мекені- Ұлытаудың тарихы жөнінде жан-жақты зерттелген тартымды, елді елең еткізетін материалдар жарияланып тұрды.

Газеттің алғашқы редакторы Жұмабай Кетіков деген білімді азамат болса, содан кейін Д.Жұмабеков, Ә.Әмірлин, К. Еңсебаев, Т.Оразбеков сияқты азаматтар басқарды. Осы жылдар ішінде аудандық газеттен талай маман өсіп шықты. Әріге бармай-ақ, 70 жылдардан бергі жердің өзінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Төкен Айжантегі, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған, қазір «мысты өңір» газетінің редакторыНұрперзент Домбай белгілі журналист Батырбек Мырзабеков, «Сарыарқа» газетінде қызмет істеп жүрген Сәуле Нүрекенова, Қуаныш Сиқымбаевтар кезінде «Жезді өңірі» газеті редакторының орынбасары болған Болат Дәулетияров, бүгінде аудан әкімінің орынбасары болып отырған Е. Дүйсенбаев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бағила Байжаханова, журналист Ләззат Тортаева сияқты кадрлар «Ұлытау өңірі» газетінен түлеп ұшқан түлектер. Біздің кадрларымыздың осындай биікке беттеп бара жатқанын мақтан тұтады.

Ешбір ұлттың ортағы жоқ қазақ халқының киелі қара шаңырағы Ұлытаудың шырақшысындай осы жерден шығатын «Ұлытау өңірі» талай кадрлардың талабын шыңдап, қаламын ұштап, қанатын қатайтып, тәрбиелеп шығарған мектебі деп айтуға әбден болады.

Аудандық газет егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің байлығын арттыруға, қорғаныс қуатың нығайтуға, солақай саясаттың соққысынан ұмыт бола бастаған ұлттық қасиеттерімізді, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қалыптастыруға өзіндік үлес қосып келеді. Ең бастысы - Елбасы қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруға бұқараны жұмылдыруда аудан басшылығының қуатты құралы, сенімді серігі, қажымас көмекшісі, жалықпайтын жаршысы болуда.

«Ұлытау өңірі» деген атпен  1973 жылдан бастап жарыққа шыға бастаған еді. Басылымды сол кезде Мағзұмбек Машайықов басқарған болатын. 1972 жылы Жезқазған облысынан Ұлытау ауданы құрылғанына байланысты газеттің аты 1973 жылы «Ұлытау өңірі» болып өзгерді. 1972 жылы Ұлытау жеке аудан болып аталып, осы аталған ауданның атына сай басылым атауы ауысты. Мағзұмбек Машайықұлы 1977 жылға дейін әдеби қызметкер, редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, осы жылдан бастап газеттің бас редакторы болды. 2011 жылға дейінгі газеттің гүлденуі, жаңаруы бәрі - КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Мағзұмбек Машайықовтың еңбегі екені сөзсіз. Бүгінде ел ағасы осы басылымда бас редактордың орынбасары қызметін атқарып келеді.

Газет «Ұлытау өңірі» деген атпен шыға бастағаннан бері бет көлемі ұлғайып, бүгінде түрлі-түсті 12 беттік, тұрақты айдарлары бар, ауқымды басылымға айналды.

Газеттің тартымды, көпшіліктің сүйіп оқитын басылымы етіп шығаруда газет журналистері өздерінің білімдерін, күш-жігерлерін жұмсап жүр. Әсіресе, газетте ширек ғасырдан астам жемісті еңбек етіп келе жатқан Гүлдариға Сыздықованың есімін айрықша атап өткеніміз жөн. Ол алғашқыда «корректор» болып еңбек жолын бастаса, 20 жылдан астам газеттің жауапты хатшысы болып келеді. Өз ісін жете меңгерген білімді кадр.

Газеттің уақытылы шығуы оның материалдарының машинкадан өтіп, дайын тұруына да байланысты. Бұл жерде теруші Айгүл Исабаеваның жұмысы ауыр әрі жауапты. Осы жұмысты ол тиянақты атқарып келе жатқан іскер қызметкер. Оның еңбегін бүгін атап өтуге әбден болады.

Газетті дер кезінде сапалы шығуы баспаханаға байланысты. Оны 1973 жылдан бері осы саланың маманы Қапет Әбілов басқарып келеді. Ол өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, қабілетті де іскер басшы. Сондықтан да баспахананың қиындықтарын жеңіп, аудан халқының төл газетін шығаруда күш жігерін, білімін жұмсап келді. Баспаханада А.Тілегенова, М.Махатова, Т. Мүсілімбекова, Ә. Молдашева, Б.Тұрғынбекова, Т. Нұршабаев, К.Елеуова, Ш. Наурызбаев сияқты өз істерін жете меңгерген кадрлар бар.

Тұжырымдайтын болсақ, «Ұлытау өңірі» газеті түрлі өзекті мәселелерді арқау еткен рухани бағдаршам болды. Көтерген тақырыптық ауқымы кең, білім-ғылымға шақырумен қоса қабат, елдің тыныштығын, ынтымағын жиі сөз етіп, әлеуметтік мәселелерді арқау етті. Майдан өмірінен, тың және тыңайған желдерде болған оқиғаларды арқау етуімен де құнды. Бұл басылымның негізгі оқырмандары өздерін алаңдатып отырған жайларға қатысты деректерді газет бетінен алып, қызыға оқып отыратын, көзі қарақты қарапайым оқырмандар еді. Бағыт-бағдары айқын басылым өзекті тақырыптарды арқау етуімен көпшіліктің көзайымына айналды. Сол кездегі экономикалық, әлеуметтік, жалпы тұрмыстағы көп қиындықтарға қарамастан, журналистер қаламдарын ұштап, ел өмірінен сыр шерте алды. Халықты серпілтіп, жақсылықтың нұрын септі. Байқағанымыздай, газет – барша жұртшылықтың ең жақын, сырлас досы. Өмір сүріп жатқан аймақтың бар жаңалық, жетістіктерін, тіпті кейбір келеңсіз жайларды да дер кезінде аңғаратыны айқын. «Ұлытау өңірі» газеті Ұлытау жерінің шежіресі, өңір айнасы болды.

Алғаш «Большевик туы», кейіннен «Сталин туы», «Коммунизм туы»  болған  газет алғашқы нөмірінен бастап бұқараға идеялық-саяси тәрбие беруде, оларды коммунизм жолындағы күреске белсене араласуға үндеуде партия ұйымының жауынгер көмекшісі, сенімді көмекшісі бола білген. Еңбекшілердің жасампаз еңбектерін, жарқын тұрмысын, игі бастамаларын көрсетуде өзіндік бағыт-бағдарымен, ой орамымен ерекшеленіп жүрген мерзімді баспасөз болу жүгін үлкен жауапкершілікпен атқарды деп йтуға толық сенім бар. Байқағанымыздай, газет – барша жұртшылықтың ең жақын, сырлас досы. Өмір сүріп жатқан аймақтың бар жаңалық, жетістіктерін, тіпті кейбір келеңсіз жайларды да дер кезінде аңғаратыны айқын.

Қазіргі «Ұлытау өңірі» газеті Ұлытау өлкесінің шежіресі, қоғамдық өмірдің көшбасшысы бола білді, өңір айнасы болып, халықтың құлағы, көзі һәм тілі қызметін адал атқарды.

Газет қашанда өз жұмысында оқырман қауымға арқа сүйейді. Олар газетті оқып қана қоймай хат жазып, хабарласып, өздерін толғандырып жүрген ойларын, пікір-ұсыныстарын жіберіп, ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Сонымен бірге мұң- мұқтаждарын, талап-тілектерін жазып, газеттен көмек күткендер де бар. Мұның бәрі газетті сапалы әрі тартымды шығуына қосқан оқырмандардың үлесі.


Тұмар Асыл
Бөлісу: