«Тұмар» тарихи фильмі түсіріледі

10 Сәуір 2017, 12:33 4174

«Тұмар» тарихи жобасының түсірілімі басталды

«Қазақфильм» киностудиясында ауқымды тарихи жоба – массагеттердің патшайымы туралы «Тұмар» атты тарихи жобаның түсірілімдері басталады.  

«Тұмар» тарихи жобасы – биылғы жылдың ең ірі жобаларының бірі. Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесіп жасалмақ. Тарихи жобаның түсірілімдері қолға алынып, дайындық жұмыстары басталып та кетті. 

Фильмнің Бас продюсері – Әлия Назарбаева («Анаға апарар жол»).  Қоюшы режиссері – Ақан Сатаев («Рэкетир», «Адасқандар», «Ликвидатор», «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол»).

        

«Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған кинотуынды б.з.д. VI ғасырдың тарихынан сыр шертеді. Ұлы даланы жаулап алмақ болған Кирдің шапқыншылығына қиянкескі карсылық көрсетіп, оның жасағын жеңіліске ұшыратқан массагеттердің патшайымы Тұмардың ерлігі баяндалады. Бұл ұрысты ежелгі грек тарихшысы Геродот «Менің ойымша ең кескілескен және ұлы шайқас болды» деп суреттеген екен. Айта кететін жайт, фильмнің сценарийін жазуда «тарих атасының» еңбектері пайдаланатын болады.

Ақан Сатаев, фильмнің режиссері:

Бұл ауқымды жобаның идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызы. Өздеріңізге белгілі, «Анаға апарар жол» фильмінде бірлесіп табысты жұмыс жасадық. Енді міне,  мен және менің түсіру тобым аса қызығушылықпен және үлкен жауапкершілікпен осы тарихи жобаға кіріскелі отырмыз. Бүгінгі күні  тарихи материалдармен танысып, сценарийді жазу және талдау, жобаның өндірісін жоспарлау, түсіру тобын құру, ғалым-кеңесшілерді жобаға тарту, алдын ала түсірілім локацияларын таңдау сияқты дайындық жұмыстары жүргізілуде.  

Ақан Сатаевтың айтуынша режиссер жақында жалпы республикалық кастинг жариялайды. Фильм түсірілімі басталмай тұрып, барлық актерлер атқа жайдақ мініп, қару-жарақты асынып, садақ тартып, соғыс өнерінен сауаттарын ашу үшін алдын ала дайындықтан өтетін болады.

Фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстанның аумағында 2017 жылы қазан айында басталып, 2018 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Кинотуындының сценарийін жазуға Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов атсалысып отыр. Айта кетсек, түсіру жұмыстарына еліміздің алдыңғы қатардағы кино мамандары қатысады, сонымен қатар, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері   жұмылдырылатын болады.

Тұмар патшайым туралы баяндайтын фильм шетелдік көрермендерді де қызықтыратынын айтқан режиссер Ақан Сатаев, бұл тарихи кинотуындының тұсаукесері 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланғанын жеткізді. 

Фильм туралы:

Бұл ұлы тарихи оқиға екі жарым мың жыл бұрын орын алған. Фильм өз халқының бостандығы үшін күрескен, аты аңызға айналған ұлы дала қызы – Тұмар патшайымның махаббат тарихы туралы.

Бас продюсері: Әлия Назарбаева

Қоюшы режиссер: Ақан Сатаев

Сценарий авторлары: Әлия Назарбаева, Тимур Жақсылықов

Қоюшы операторы: Хасан Қыдырәлиев

Анықтама:

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен (оның ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм және «Ленфильм» киностудияларымен бірлесіп,  Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді.

Бөлісу: