«Титаникке» 20 жыл

24 Қараша 2017, 09:55 3714

Кино тарихындағы ең қымбат жоба қалай түсірілді

Джеймс Кэмерон, Леонардо ДиКаприо және Кейт Уинслет «Титаник» фильмінің түсіру алаңында / © Facebook: @TitanicMovie

Осыдан жиырма жыл бұрын Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильм-катастрофасы жарық көрді. Фильм кино индустриясына көп жаңалық алып келді. Оның бюджеті – 200 миллион доллар болды, сөйтіп тарихтағы ең қымбат киножоба атанды. Прокаттан 1,8 миллиард доллар табыс тауып, бұл рекордты 12 жыл бойына ұстап тұрды. 1998 жылы «Оскар» киножүлдесінің 14 номинациясына ұсынылып, оның он бірін жеңіп алды. Бұл да кино тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі еді.  

Сондай-ақ, «Титаник» прокатқа қайтып шыққан сирек кинотуындылардың бірі. «Титаник» кемесінің апатқа ұшырағанына 100 жыл толуына орай кинотуынды 3D және IMAX 3D форматымен 2012 жылы кинотеатрлардан қайтадан көрсетілді. Бұл тағы да 342 миллион доллар қосымша табыс әкеліп, жалпы жинақты 2 миллиард 185 миллионға жеткізді. Қазір кино тарихындағы ең көп пайда тапқан кинофильмдер рейтингінде «Титаник» екінші орында тұр. Бірінші орында Кэмеронның басқа жұмысы – «Аватар».

Негізі бұл фильмнің идеясы Джеймс Кэмеронға 1987 жылы «National Geographic Channel» телеарнасында «Титаник» туралы деректі фильмді көргеннен кейін келген екен. Алайда сценарий 1994 жылы дайын болады. «20th Century Fox» кинокомпаниясы бастапқы шығын ретінде 3 миллион доллар бөледі. Джеймс Кэмеронның «Digital Domain» студиясы кеменің апатқа ұшырауын көрсететін компьютерлік анимацияны жасайды. Кейін бұл эффект фильмге қолданылады.

Кэмерон жобаға бар жан-тәнімен кіріседі. 1995 жылы мұхит түбінде шөгіп жатқан «Титаникке» режиссер 12 рет түсіп, лайнерді жан-жағынан камераға түсіріп алады. Оның бұл саяхатына Ресейдің «Академик Мстислав Келдыш» ғылыми-зерттеу кемесінің мамандары көмектеседі. Режиссердің инженер болып істейтін бауыры Майкл Кэмерон су астында түсіруге мүмкіндік беретін камералар жасап береді.

Апат туралы фильм түсіру бір бөлек те, апаттың өзін әсерлі етіп көрсету бөлек жұмыс. Көрерменді тартудың басты амалы – кеменің батуын қызықты етіп жеткізу екенін түсінген режиссер, арнайы эффектілерді жасау үшін 17 студияны жұмысқа тартқан.

«Титаник» кемесінің моделі / © Facebook: @TitanicMovie

Түсірілім 1996 жылы 16 қыркүйекте басталды. Бастапқы бюджеті 110 миллион доллар болды. Түсірілім үшін «Титаниктің» шын көлемімен шамалас болатын алып макет құрастырылады. Макеттің ұзындығы 231 метр болған деседі, яғни шын «Титаниктен» небәрі 38 метрге ғана қысқа болған. Кеменің көшірмесін тұрғызуға 125 миллион фунт стерлинг кеткен. Ал шын «Титаникті» құрастыруға қазіргі бағамен есептегенде 100 миллион фунт жұмсалған екен. Демек макет түпнұсқадан да қымбатқа түсіп отыр.

Түсірілім 7 айға созылып, 1997 жылы 23 мамырда аяқталды. Премьерасы сол жылдың шілде айына белгіленген еді, бірақ бұл мерзімге фильмді аяқтап үлгере алмады. Қосымша шығындардың кесірінен жобаның бюджеті 200 миллионға өседі. «20th Century Fox» студиясы үлкен шығынды азайту үшін теңдесі жоқ қадамға барды – ол бәсекелесі «Paramount Pictures» компаниясын серіктес болуға шақырады. Осылайша екі компания фильмді тарату міндетін бөлісіп алады: Солтүстік Америкадағы прокатына «Paramount Pictures» жауапты болды, әлемге таратылуын «20th Century Fox» өз мойнына алды.

Фильм алғаш рет 1997 жылы 1 қарашада Жапонияда Токио халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Ал ауқымды прокаты 19 желтоқсанда басталды. «Титаник» бірінші уикендте 28 млн доллар тауып, Жаңа жылға дейін 100 миллион жинап үлгерді. Картина, жалпы, кинотеатрларда 1997 жылғы 19 желтоқсаннан 1998 жылғы 1 қазанға дейін көрсетілді. Сөйтіп прокатта ең ұзақ болған фильм ретінде рекорд жасады (287 күн).

Фильмнің 20 жылдығына орай Dolby Vision форматында жасалған трейлер

Ернар Бекенов
Бөлісу: