«Рахат» өнімдеріне 75 жыл

5 Маусым 2017, 11:07 20097

Отандық өнім

Елімізде «Рахат» фабрикасының кондитерлік өнімдерінің дәмін татып көрмеген жан кемде-кем болар. Қазақстандық брендке айналған отандық өнім биыл өзінің 75 жылдығына қадам басты. Фабрика тарихына үңілер болсақ, кәсіпорын негізі соғыс жылдарының тұсында қаланғанына көз жеткіземіз. 1941 жылы Мәскеу мен Харьков қалаларында орналасқан кондитерлік цехтер Алматыға көшірілді. Ауыр жағдайға қарамастан, фабрика жұмысшылары күндіз-түні майдан мұқтажына тәтті өнімдер дайындап, 1942 жылы алғашқы 50 тонна кондитер өнімін шығарды. Сол кезден бастап, күні бүгінге дейін фабрика бір сәтке де жұмысын тоқтатпай, өндірістік көлемін арттырып келеді.

75 жылдың ішінде Алматыдағы кондитер фабрикасы қол еңбегінен тұратын өндірістен технологиялық үдерісі автоматтандырылған кәсіпорынға айналды. Бүгінде «Рахат» – заманауи техника және технологиямен жарақтанған, табиғи шикізатпен жұмыс істейтін, өнімінің сапасы ең қатаң стандарт талаптарына жауап беретін танымал компания. Өнімі жоғары сұранысқа ие фабрика жылына орта есеппен 80 мың тонна тәтті өндіреді. Елімізде шығарылатын кондитерлік өнімнің ширек бөлігі «Рахат» фабрикасына тиесілі. Бүгінде кәсіпорын ассортименті 400-ден астам өнім түрлерінен тұрады. Оларды негізгі он топқа бөліп қарастыруға болады. Яғни, кәмпит, шоколад, печенье, вафли, карамель, зефир, ирис, драже, мармелад және шоколад пастасы. Көпшілік «Рахат» фабрикасын «Қазақстан» шоколады мен «Қарақұм», «Кузнечик» сынды кәмпиттері арқылы жақсы біледі. Бұл зауыттан шыққан печенье мен вафли түрлері де нарықта үлкен сұранысқа ие.

Дәмі тіл үйіретін, бәрімізді тәнті еткен тәттінің негізгі құпиясы – классикалық рецептуралар мен дәстүрлі технологиялық үдерістерді қатаң сақтауда жатыр. Осы орайда, компания «Рахат» атауымен шығарылатын барлық кондитерлік өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Өндірістік бөлімнің бас технологы Светлана Копань: «сапалы өнім – сапалы шикізаттан» деп біледі.

– Біз үшін сапа бәрінен де маңызды. Сондықтан да шикізат алғаш келіп түскен сәттен бастап барлық физика-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттеліп, дәмдік сараптама жүргізіледі. Тәтті өнім тұтынушыға жеткенге дейін фабрикадағы ең соңғы техникалық құрал-жабдықпен жарақталған микробиологиялық зертханада кемінде үш мәрте қатаң зертханалық тексеруден өтеді. Оның сыртында әр апта сайын фабрикадағы технологтар бір апта ішінде өндірілген өнімдердің әрқайсысына органолептикалық сараптама жасап, дәмі мен сапасын бағалап отырады. Яғни, бізге келіп түскен шикізат жүз пайыздық сапа бақылауынан өтеді. Мысалы, шоколад жасау барысында біз какаоның жоғары сапалы әрі табиғи болуына, зефир әзірлеу үшін агар, алма езбесі мен жұмыртқа ұнтағының құрамына аса мән береміз. Сапалы өнімдерді таңдай білу мен қатар, әзірлеу технологиясын сәтті жүргізе алу да жетістік пен тұрақтылыққа жеткізеді. 

«Рахат» өнімдерінің жоғары сапасы компанияның өндірісті жаңалауға, технологиялық үдерісті жақсартуға тұрақты түрде инвестиция салуымен де тығыз байланысты. 2009 жылы кондитер фабрикасы бірнеше цехтерді толығымен жаңғыртуды бастаған еді. 2013 жылы Рахат АҚ-ның акцияларының негізгі бөлігін сатып алған оңтүстік кореялық «Лотте конфекчионери» компаниясы да кондитер фабрикасындағы бұл дәстүрді одан әрі жалғастырды. Бүгінде тазалық пен тәртіп фабрикадағы жазылмаған заң. Технологиялық үдеріс толығымен автоматтандырылған. Әрбір кондитер өнімінің құрамы, көлемі, салмағын мамандар компьютер көмегімен реттеп отырады. Оңтүстік кореялық инвестицияның көмегімен бірқатар өндіріс орны қайта жаңартудан өткен. Бұған дейін қол еңбегін қажет ететін үдерістерді жапондық роботтар алмастырды. Ал 2015 жылдан бастап «Рахаттың» Алматыдағы және Шымкенттегі өндіріс ошақтарын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Нәтижесінде Шымкенттегі кәсіпорында вафли, крекер секілді өнімдердің жаңа түрлері шығарыла бастады. Тұтынушылардың көңілінен шыққан дәстүрлі өнімдердің жаңа қоспалардың дәмі бар түрлері нарыққа жол тартты.

«Рахат» фабрикасы елімізде ғана емес шетелде де дәмі тіл үйіретін шоколадтарымен әйгілі. Тіпті шоколад өнімдерін экспорттаудан әлемде көшбасшы саналатын Германияның өзі «Рахат» өндіретін шоколадтарды сатып алатыны көп жайдан хабар береді.

Бүгінде Қазақстанның 7 бірдей қаласында еншілес компанияларын ашқан Рахат жыл сайын экспорт көлемін арттырып, сауда географиясын кеңейтіп, өз өнімін әлемнің 11 еліне таратып отыр. Орталық Азия елдері, Ресей секілді дәстүрлі тұтынушыларын қалыптастырған кондитерлік фабрика халал тәттілердің жаңа түрлерін шығару арқылы нарықты кеңінен игеруде.

«Бізбен бірге тәттірек!» дейтін компания ұраны ұзақ жылдан бері өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Бүгінде «Рахат» - жай сауда белгісі ғана емес, әлем жұртшылығына Қазақстанды таныстырған ең танымал брендтің бірі.  75 жыл бойы жоғары сападан, дәстүрінен айнымаған фабрика болашаққа сеніммен қарайды. Компанияның алға қойған жалғыз мақсаты – тұтынушыларын табиғи шикізаттан дайындалған, жоғары сапалы өнімдерімен қуанту.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: