«Құрақ көрпе»

3 Қаңтар 2017, 18:50 19030

Лирикалық комедия

Өндірісі: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Шыққан жылы: 2007 жыл

Ұзақтығы: 97 минут

Тілі: қазақ тілі және орыс тілі (ағылшынша субтитрмен бірге)

Режиссер: Рүстем Әбдіраш

Сценарий авторы: Ермек Тұрсынов

Оператор: Мұрат Нұғыманов, Хасанбек Қыдырәлиев

Суретші: Ю. Левицкая

Композитор: Еділ Құсайынов, Әбілхайыр Жарасқан

Продюсері: Сергей Әзімов

Рөлдерде: Нұржұман Ықтымбаев, Тамара Қосубаева, Валентина Дүрімбетова,  Әлібек Райымбеков, Төлепберген Байсақалов және т.б.

«Құрақ көрпе» фильмінің жетістіктері:

Бұл фильмде қарапайым ауыл тұрғындарының өмірі құрақ көрпе секілді сан түрлі кезеңдерді қиыстырады. Мұнда Қызыләскер деген шағын ауылдың тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Бес жасар Кенже қаладан ауылға, ата-әжесінің қолында тұруға келеді. Барлық қызық осы жерден басталады.

Режиссер Рүстем Әбдіраш «Құрақ көрпені» өзінің пәтерін, көлігін сатып, сол ақшаға түсірген екен. Фильм үмітті ақтады, көрермендердің көңілінен шықты. Өзінің барлық шығынын өтеп қана қоймай, 500 мың доллардай табыс тауыпты.

 «Құрақ көрпе» – әр кезеңде туылған, алуан түрлі мәдениет өкілдері – қарапайым, ақкөңіл ауыл тұрғындарының өмірін баяндайтын фильм. Мұнда 90-жылдардағы Қазақстанда нарықтық қатынастар қалыптаса бастаған кезең көрсетіледі.

Басты рөлдегі бес жасар балақайдың рөлін Мирас Салмырза алып шыққан. Оны әкесі басына қиын күн туғанда ауылдағы әке-шешесіне әкеп тастайды. Балақайдың әжесінің рөлін белгілі актриса Тамара Қосубаева ойнайды. Фильм барысында оның немересіне құрақ көрпе тігетін сәті көрсетіледі. Ал, атасы (актер – Нұржұман Ықтымбаев) аңшылықпен айналысады. Режиссер Рүстем Әбдіраш фильмдегі ата мен әженің образы – қазақ халқының салт-дәстүрлерін берік ұстанған, қазақы танымдағы кісілер екенін айтады.

Фильмнің өне бойында кездесетін түрлі эпизодтар құрақ көрпеге ұқсайды. Әр кейіпкердің өз тарихы және тағдыры бар. Қазақтардың көшпелі тұрмысын көріп үлгерген бүркітші Исабек атаны ғасыр адамы деуге болады. Ал, Матвей атты кейіпкер – кеңестік кезеңнің өкілі. Бұл рөлді киноға еш қатысы жоқ болса да, Салман Мужухаев атты ауыл тұрғыны әдемі алып шыққан. Ал, археолог (актер – Әлібек Райымбеков) – жаһандану дәуірінің өкілі. Ауылдағы әжетханаларды түрлі түске бояп, оны ауылдастарына сататын Гарринча (Төлепберген Байсақалов) – өтпелі кезеңнің өкілі. Бизнесмен Сәке – «жаңа қазақ».

«Құрақ көрпеде» өз бойына ешқандай кезеңнің бояуын сіңіріп үлгермеген жалғыз кейіпкер – кішкентай Кенже. Оның болашақта қандай адам боларын ешкім білмейді. Аға буын өкілдері оған өз білгендерін үйретуге тырысады.

Режиссер Рүстем Әбдіраш өзінің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде балаларды назардан тыс қалдырмаған. Бұның себебін ол былай түсіндіреді: «Өйткені, адамның көңілі бала кезінде таза болады. Егер, киноңның ішінде тазалық болсын десең, балаға қарай тартасың. Балалармен жұмыс істеу – өте қиын, бірақ, қызық процесс».

«Кәсіби білімі жоқ жандарға қандай рөлдер беруіңіз мүмкін? Біз сіздің өнерге еш қатысы жоқ кісілермен де жұмыс істей алатындығыңызды білеміз. Мысалы, «Құрақ көрпедегі» Матвейдің рөлін қарапайым ауыл тұрғыны Салман Мужухаев керемет алып шықты» деген сұрағымызға Рүстем Әбдіраш былайша жауап қатты:

«Қарапайым кейіпкерлер бізге тосыннан кездесіп жатады. Табиғаты, қимыл-әрекеті сен іздеп жүрген кейіпкерге қатты ұқсайтын адам кездессе, онымен жұмыс істеу жеңіл болады. Оған көп талап қоймайсың, кинода өзін-өзі ойнап шығады».


Роза Әрен
Бөлісу: