Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары

23 Тамыз 2017, 09:02 14707

Сакрал Қазақстан: Аякөз. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары

«Аякөз  деген аядай бұлақ деседі.
(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?)
Аякөз болып ғасырлар алға көшеді,
Аякөз-Ару,  Арулар елі кешегі!
» деп ақиық ақын Мұқағали жырлап өткен, бастауын Өкпетіден алатын сылқым Аягөзді бойлай Таңсық жаққа қарай барсаңыз алыстан мен мұндалап биік мазар көз тартады. Тастан өріліп салынған мазардың қасына жеткенде екіұдай күй кешесіз. Пәк махаббат көңіліңізге үміт, жүрегіңізге жылу сыйласа, екі жастың қайғылы тағдыры түрлі ой салып, мұңды тор кеудеңізді басқандай болады. Бұл таза махаббатың символы Қозы мен баянның мәңгілік мекен тапқан орны. Таңсық стансасынан 10 шақырым жерде тұр. Сезімдей берік мәрмәр тас, тағдырдай суық ызғар да шаша алады...

«Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» трагедияға толы аңыз. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп әлі дүниеге келмеген балаларын атастырады. Аңыз бойынша Сарыбай аңнан қайтып келе жатып баласын көрмей қаза табады. Ал Қозы мен Баян бірін-бірі көрмей тұрып ғашық болған деседі. Қарабай болса сараңдығы оянып, жетім Қозыға қызын бергісі келмей, Баянды палуан, жергілікті аты шыққан Қодарға айттырғысы келеді. Қос ғашықтың арасына түскен Қодар Қозының басын алады. Баян өзінің сүйіктісі үшін өш алғысы келіп Қодарға құдықтан өз қолымен су әперуін сұрайды. Бір айланың барын сезген Қодар Баянның шашын ұстап құдыққа түсе бергенде ол шашын кесіп тастайды. Қодар құдыққа құлап мерт болады. Баян болса сүйіктісінің моласына келіп жүрегіне қанжар салып мерт болады. Әлі күнге дейін қос ғашықтың моласының ортасына тікенек шығатын көрінеді, жұрт оның «Қодар» екенін біледі. Ал мазардың түбінен шыққан мөлдір бастау жастардың махаббаты ма, әлде қосыла алмаған тағдырына деген көз жастары ма, оны да әркім әрқалай жорамалдайды...

Негізінен аңыздың таралған 20 шақты нұсқасы бар. Ең алғаш ел аузындағы әпсананы қағазға түсірген Григорий Потанин бұл шығарманы «қазақ эпосының атасы» деп атайды. «Сюжет әрине барлық халықтарда кездеседі, бірақ қазақтар сияқты ешкім жасай алмапты» деп баға береді.

Кейіннен Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан да зерттеп, жазған. Соңғы жазылғандардың ең ірісі Ғабит Мүсіреповтің шығармасына сюжет барынша кеңейтіліп, кейіпкерлер мінезі ашыла түседі. Ғ. Мүсіреповтың пьесасы негізінде Қазақфильм 1954 жылы «Махаббат туралы поэма» атты фильм түсіреді. Кейіннен, 1992 жылы Асанәлі Әшімов оны «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деп атап ремейкін таспаға түсірген.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қазақ халқының тұнған фольклоры. Сәби туғаннан адам дүниеден өткенге дейінгі барлық дәстүрді қамитын шығарманың халық әдебиетінен алатын орны ерекше.

 Ал қос ғашықтың мазары қазір халық пір тұтатын қасиетті жерге айналған. Мазардың биіктіті 11,65 метр. Қабырғасы жалпақ гранит тас пен балшықтан қаланған. Дәл қасынан бұраңдаған ерке Аягөз өзені жарты ай жасап ағып өтеді. Осы иіннің дәл ортасындағы төбешікте қос ғашықтың мазары орналасқан. Егер архитектуралық ансамблін зер сала қарасақ өзен арнасы керіле тартылған садақтың адырнасына ұқсаса, үшкір салынған мазар жебенің ұшына келеді. Ал жебенің қашанда жауға қарсы бағытталатыны белгілі. Қос ғашықтың жебесі арасына түскен жауыздықты нысанаға алған тәрізді...

Зерттеулер бойынша бір ақпарат мазардың іргетасы V-X ғасырларда салынды десе, екінші біреулер X-XI ғасырларда көтерілген деген ақпарат айтады. Кесенені зерттеген Шоқан Уәлиханов мазардың қасында төрт балбал тастың болғанын жазады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша онда қос ғашықтың және Баянның апалары Айтаңсық пен Айғыздың бейнелері болғанын айтады. Өкінішке орай бұл тастар сақталмаған. Тіпті Кеңес кезінде қараусыз қалған мазар кейіннен қалыпқа келтіріліп, Қозы мен Баянның 1500 жылдығы республикалық деңгейде аталып та өтті. Қазір 15 сәуір күні махаббатқа арналған «Қозы мен Баян» күні жастар арасында ерекше аталып өтеді.

 Барған жанға ой салып, әлемді тек шынайы махаббат құтақаратынын еске салып тұратын бұл тарихи ескерткіш өткенін бағамдайтын әрбір жан үшін білуге, баруға, тануға тиіс нысандардың бірі екені анық.

Алмас Тоқабаев
Бөлісу: