«Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасына дауыс беру 18 қазанда басталады

16 Қазан 2017, 16:15 5937

Дауыс берудің соңғы күні - 10 қараша

«Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасына келіп түскен 2000 мыңнан аса үміткердің ішінен 302-сі таңдалды. Кандидаттарға онлайн дауыс беру 18 қазанда басталады. Дауыс беруге ыңғайлы болу үшін 302 үміткер өз қызмет салаларына байланысты 6 бөлімге орналастырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.  

«Президентіміздің «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген  бағдарламалардың бірі – 100 жаңа есім жобасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 7 маусымда басталған жобаға, 15 қыркүйекке дейін 2112 адамның өмірдерегі мен жетістігі келіп түскен болатын. Арнайы сарапшылар мен жұмыс тобы осылардың ішінен 302 адамды таңдап алды» – деді, вице-министр Алан Әжібаев.

302 үміткер мәдениет және өнер (32 адам), қоғам (83 адам), бизнес (51 адам), медицина (46 адам), ғылым (47 адам) және спорт (43 адам) бөлімдеріне орналастырылды.

«Казконтент» АҚ Басқарма Төрағасы Евгений Кочетов: «Біз халықты БАҚ арқылы ашық түрде құлақтандырып отырамыз. Дауыс беру қайталанбас үшін сайтқа тіркелу жүйесі қарастырылған. Тіркелудің екі тәсілі: электронды пошта немесе әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы тіркелу қарастырылған. Үміткерлер әр бөлімде алфавиттік ретпен орналасқан. Әр адам бір бөлімдегі 3 үміткерге ғана дауыс бере алады» – деді.

Дауыс беру 10 қарашаға дейін жалғасады. 

Бөлісу: