«Қауіпті» жеңіс – 2

25 Шілде 2018, 21:08 2584

"Астананың" чемпиондар лигасындағы жорығы

«Астана» (Қазақстан) – «Мидтьюлланд» (Дания) – 2:1 (1:0)

Голдарды салған: 1:0 Кляйнхайслер, 31, 1:1 Викхейм, 52, 2:1 Кляйнхайслер, 90+4

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Маевский, Кляйнхайслер, Томасов, Мұжықов (Алмейда, 76), Педро Энрике, Муртазаев (Щеткин, 46).

«Мидтьюлланд»: Й.Хансен, К.Хансен (Корчмар, 78), Санне, Святченко, Мунксгаард, Поульсен, Спарв, даль Хенде, Окосун (Окучукву, 68), Онуачу, Викхейм (Джордж, 85).

Джордже Деспотовичтің «Астана» сапынан кеткенін жақсы білеміз. Соңғы ойындары ол өткір шабуыл өтінде негізгі құрамда өнер көрсетіп жүрген. Сербтің жоқтығын «Астана» бапкері оңай шешкен секілді. Оның орнына Роман Муртазаевқа қарсылас қорғаушыларды әбігерге түсіру тапсырмасы берілді. Ал Романның бұрынғы жұмысы – сол қапталдағы шабуылшы рөлі Педро Энрикеге тапсырылды. Қалған ойыншылардың алаңдағы жұмысы өзгеріссіз қалды. Рукавина оң қапталға, Постников – Аничич дуэті орталық қорғанысқа жауап берсе, Маевский – Кляйнхайслер орта шептегі жартылай қорғаныста жүрді. Сондықтан, «Астана» ойынын 4-2-3-1 схемасына жатқызуға толық негіз бар. Ал «Мидтьюлланд» жаттықтырушысы Йенс Торуп 3-4-3 ойын өрнегін таңдап, алғы шепке бойы 201 см-ге жететін Онуачу мен 198 см-лік Окасунды қойған. Олардың қорғаныстағы ойыншылары да еңгезердей екенін ескере кеткен жөн.

«Астана» ойынды қарқынды бастады. Алғашқы минуттардан-ақ, Муртазаев кипер-Хансенге жаттығу тауып бергендей. Одан соң, Томасовтың соққысы қорғаушылардан кейін серпілді. Оған бірінші жеткен Рукавина қиыс тепті. Қорғанысты ұмыт қалдырған Аничичте гол салуға үмітті екенін көрсетті. Оның баспен жасаған соққысы Хансен қорғаған қақпаның сол жақ тұсын жанап өтті. Мариннің өз қапталынан алға ұмтылып жасаған соққысы даниялықтардың қақпасына шын қауіп тудырды. Қақпашы допты корнерге жіберіп, шеберлігін көрсетті. Ал «Мидтьюлланд» бұл кездесудегі алғашқы қарымта шабуылын ұйымдастырып, есеп ашуға шақ қалған. Хенде өз айып алаңынан біздің қақпаға құстай ұшып жеткенімен, маңдайшадан аздап биікке тепті. Бұған жуап ретінде хорват легионері Томасов қақпа маңында жүрген Энрикеге доп жеткізген. Педро тіпті, гол салды. Бірақ, ойыннан тыс. Осыдан кейін, Муртазаев пен Кляйнхайслер орта дистанциядан қисық ұшқан соққыларымен көзге түсті. Олардың ізін ала Рукавина да допты әуеге жіберді. Тура соққының болмауы «Астананың» басымдығын көрсете алмады. Орта алаңдағы талас-тартыстағы жеңіс түйінделмеген шабуылдарға ұласып, гол салу жұмысы кейінге қала бергендей. Ойынның тек 31-минутында Ласло орталық шепке баса-көктеп кіріп, Хансен қорғаған қақпаның сол бұрышына тамаша соққы жұмсады. 3-4-3 ойын өрнегінде кететін қателіктің бір ұшы бұл. Қонақтар қақпашысы қанша тырысқанымен, өз командасын голдан құтқара алмады. Есеп 1:0. «Астана» есепте алға шыққан соң, тағы да гол салу үшін барын салды. Бірақ, нәтижесіз. Ал дат ойыншылары тек Онуачудің баспен қиыс соққысымен ғана көзге түсті.

Екінші ойын бөлігінің алғашқы көрінісі былай болды: Томасов соққысы Хансеннен әрі аспады. Бірақ, араға минут салып, ол өз қапталынан алда жүрген Щеткинді паспен жарылқауға тырысқан. Тағы да қонақ қорғаушылар биігірек секірді. Айта кетерлігі, алғашқы таймда белсенді болған Муртазаевтың орнын осы Щеткин басқан еді. Бас бапкер ірі денелі дат қорғаушыларымен таласта Щеткиннің асығы алшысынан туатынына сенсе керек. Бұдан соң, «Мидьтюлланд» футболшылары допты Эричтің айып алаңына дейін жеткізіп, Онуачудің соққы жұмсауына дейін апарған. Әлсіз ұшқан доп Ненадтың бағына орай, қолынан табылды. Педро Энрикенің де көзге түсетін мүмкіндігі болды. Бірақ, бразилиялық ойыншының спорттық снаряды қиыстау ұшты. Одан кейін, қонақтар есепті теңестіріп кетті. Оқиға былай өрбіген: Ласлоға қарсы ойын ережесі бұзылғандай көрінген, десе де, төреші бұл жайтты елеусіз қалдырды. Дат командасындағы норвег теңбіл доп шебері Маевскийден оңай құтылып, Эричтің алыс бұрышын көздеген. Орталық қорғаушы Постников те көмекке келе алмай, таблодағы есеп 1:1-ді көрсетті. Осылайша, бұл матчтағы ең жайсыз оқиғаға куә болдық. Алайда, қонақ команданың есепте алға шығуға мүмкіндіктері жеткілікті болды. Гол салудың қамымен жүрген астаналықтар қарымта шабуылды жіберіп алды. Постников Викхеймге допты оңай бере салған, оның пасы Хендеге жетті. Норвег аяқдопшысы тепкен доп қуанышымызға орай, қақпадан биік кетті. Тамаша сәтті мүлт жіберген ойыншы, стадионға жиылған жанкүйерлердің жүрегін орнына түсірді. «Астана» көбірек шабуылға шықты. Тек Томасовтың соққысы ғана тура шығып, кипердің іске араласуымен қауіптің беті қайтты. Ал Кляйнхайслер өз нәтижесін тағы да қайталамаққа бел буғанымен, допты маңдайшадан биікке жіберді. 

«Мидтьюлланд» алаң иелерінің ойын схемасындағы қателіктерді пайдаланып, қауіпті шабуыл өтіне шыға бастады. Сондай сәттің бірінде Онуаху Потсниковтен айласын асырып, соққы жіберді. Қиыс! Қорғаныс шебінде де дат аяқдопшылары сауатты ойнап, Рукавинаның жолын бөгеп жатты. Ақыры, бір эпизодта Щеткиннің жолы болып, әуелете келген пасқа бірінші жеткен. Бірақ, Хансен шабуылшының соққысын тойтара алды. Бұрыштама тебуге мүмкіндік алған астаналықтардың тағы бір шабуылы желге ұшты. Бұл жолы Ласло ерлігін қайталауға тырысқан Энрикенің добы маңдайшадан биік ұшты.

Ойынды құтқармаса, іс насырға шабатынын түсінген Григорчук алаңға тыңнан Алмейданы қосты. Бірақ, бразил-әзербайжандық ойынды күшейтуге шамасы келмегендей, оның кей пастарын командаластары түсінбей жатты. Сол секілді қонақ команданың бас бапкері Йенс Торуп та шабуыл шебін күшейтуді жөн санағандай. Дегенмен, ойыншылар қарымта шабуылға иек артып, есепті сақтап қалуға күш салды. Шабуыл өтіне шыққан жаңа «Астана» ойыншысы Рангело Янга да өзін көрсете алмады. Бірақ, форвардқа берілген уақыт 10 минут қана еді. Щеткиннің тағы бір гол салуға деген ұмтылысы қақпашының допты сәтті қайтаруымен аяқталды.

Ең шиеленіскен ойын эпизодтары төреші қосқан қосымша минуттары орын алды. Кляйнхайслер тағы да айып алаңының сыртынан соққы жұмсаған, бірақ діттеген жерге жетпей тосылды. Сол секілді Рукавинаның да кроссы сәтсіз шықты. Алға ұмтылуға жетелеген «Астана» жанкүйерлері өз орындарында тыныш отыра алмай, керемет қолдау көрсетті. Осының арқасында ойын аяқталуына 25секунд қалғанда, 17 метр қашықтықтан венгр Кляйнхайслер тамаша соққы жасап, есепті 2:1-ге жеткізді. Жеңістің аты жеңіс. Бірақ, қауіптірек. Астаналықтардың қуануына әлі ертерек. Келесі ойын «Мидтьюлланд» алаңында өтетіндіктен, біздің ойыншыларға барынша салқынқандылық танытып, өз ойын өрнегін көрсету қажет. Григорчук шәкірттеріне бір жетіден кейін болатын қарымта матчта қалайда, гол салу үшін жан аянбау керек. «Астана» футболшыларына сәттілік серік болсын. Алға, «Астана»!

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: