«Қамалдар аңғары» – Шарын шатқалдарының құпиясы

14 Маусым 2017, 17:25 25822

Табиғаттың інжу-маржаны

Сан алуан бедерге көмкерілген қызыл тастар ерте кезде «Шайтан қала», кейіннен «Қызғылт қамалдар аңғары», жартастар «Сфинкс», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық», т.б. деп аталған екен. Тарихы миллиондаған жылдарға тән Шарын шатқалдарының құпиясы неде? Қазақ даласына біткен тұмса табиғаттың жұмбағы адамзат баласын таңдандырмай қоймасы анық. «Көп естігеннен гөрі, бір рет көрген артық» демекші тек өзіне тән сұлулығы бар қатпарлы тастардың кереметін көзбен көріп, жүрекпен сезінуге аттандық.

4-5 сағаттық жолды артқа тастап Шарын шатқалдарына жеткендегі алғашқы әсеріміз қилы замандарда қираған алып қағанаттың орнына тап болғандай күй кештік.    

Шарын шатқалы Алматы қаласынан 193 шақырым қашықтықтағы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырымдық алқапқа созылып жатыр. Ал, Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым.

Шарын шатқалы – еліміздегі ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Құдды бір су шайып кеткеннен кейін формасы өзгерген алып тастар немесе желден кейін түрлі келбетке енген ерекше тас дерсіз.  

Деректерге сүйенсек, шатқалдың тереңдiгi кей жерде 300 метрге дейiн жетедi. Шатқал арқылы ағысы қатты (секундына 10-12 км), суы мол, рафтинг спортына жарамды, арнасының кеңдiгi 35-40 метр болатын өзен ағып жатыр. Оған iрiлi-кiшiлi көптеген өзендер келiп құйылады. Біз көргенде өзеннің түсі жасыл болды. Экскурсавод мамандардың айтуынша, күз мезгілінде өзеннің ағысы мен екпіні ақырындап, түсі де мөп-мөлдір күйге енеді екен. Саяхатшылар үшiн Шарын шатқалы, әсіресе, оның төменгi бөлiгi ғажайып сұлулығымен тартымды. Кейбір деректерде жергілікті халық бұл жерді «қорғанды қамалдар аңғары» деп атап кеткен деседі. Аңғардың ұзындығы – 2 км, ені – 20-80 м. Шатқалды аралай жүріп, сіз осыдан 12 миллион жыл бұрынғы шөгiндi тау жыныстарынан пайда болған алуан түрлi таңғажайып көрiнiстердi көре аласыз. Миллиондаған жылдар бойы табиғаттың өзі осынау ұлы қорған қамалдары сияқты қайталанбас сәулет өнерiн дүниеге әкелген. Шарын шатқалы Қазақстан табиғатының інжу-маржаны болып есептеледі, оның құрамына өзi аттас өзенмен қоса шетендi тоғай кіреді. Шетен тоғайының негiзiн соғдиян шетенi (Fraxsinuspotamophila) құрайды. Ол қазiргi өсiмдiктер дүниесiнiң iшiндегi ең көне түрi динозаврлар дәуiрiнiң жұрнағы және халықаралық кадастр бойынша жоғалып бара жатқан түрге жатады.

Шетен тоғайы Шарын шатқалындағыдай шоқ болып әлемнiң тек екi-ақ жерiнде – Қазақстан мен Солтүстiк Америкада ғана сақталған. 1964 жылдан бастап шетен тоғайы табиғат Ескерткiші деп жарияланды. Шарын шатқалындағы жер бедерi жаратылысының алуандығы жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң мол болуына қолайлы жағдай жасаған.

Мұндағы 1500 өсiмдiктүрiнiң 17-сi Қазақстан Республикасының «Қызыл кiтабына» енген. Ал жануарлар дүниесiнен сүтқоректiлердiң 62, ұябасатын құстардың 103, бауырымен жорғалаушылардың 25 түрi бар. Шатқалдың жартасты жақпарлар тiзбегiнен табиғат зерттеушiлерi петроглифтердiң тұтастай көрмесiн – палеолит суретшiлерiнiң жартасқа салған суреттерiн тапты. Ежелгі суретшілер туындылары өзінің айрықша айқындылығымен және нақтылығымен таңғалдырады. Ондағы аңшылықты бейнелеген көрiнiстер мен жабайы аңдардың жеке тұрпаттары бұл аймақтың палеолит дәуiрiндегi жануарлар дүниесiнен нақты хабардар етедi.

Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстардан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Бұл аймақтың рельефі әртүрлі. Жарқабақтың бағаналары, баурай, жыралары 150-300 м жетеді. Жарқабақ түсі Америкадағы Үлкен жарқабақтарға қарағанда ашық-қызғылт. Шарында жер шарында сирек кездесетін, мұздану кезеңінен өткен ерен ағашы кездеседі. Сирек кездесетін согдиандық түрі 25 млн жыл бұрын жер бетінде кең таралған, ал қазір қорғалатын аумақ. Негізінен демалушылар «Қорғандар аңғары, «Темірлік т.б атаумен қалған жерлеріне барады

Бұл ғажап мекен 2004 жылдың 23 cәуірінде құрылған Шарын ұлттық паркінің құрамына кіреді.

Табиғат – ананың інжу-маржаны болып саналатын ерен тоғайы бүгінде 5014 гектар жерді алып жатыр. Тоғайда 7 ересек адам қол ұстаса шеңберлене тұрғанда құшақтары әрең жететін ерен ағашы бар.

Шарын шатқалын қақ жара батыстан шығысқа қарай арындай аққан Шарын өзені теңіз деңгейінен 6995 метр биіктікте жатқан әлемдегі екінші биік шың қасиетті Хантәңірінен бастау алатын Шалкөде, Қарқара, Кеген, Шет Меркі, Орта Меркі, Кеңсу, Темірлік атты үлкенді-кішілі тау өзендерін қосып алып Іле дариясына барып құяды.

«Адуынды өзен секілді Шарын шатқалының кереметтігі сол, әлемде соғды ерені сынды табиғат ескерткіші бар Үлкен шатқал Солтүстік Америкада, ал Кіші шатқал Шарында ғана сақталған. Соғды ерен тоғайының ғаламаттығы дейміз бе, мүмкін құдіреттің күші шығар, әйтеуір бұл өңірде өнетін өсімдіктер мүлде бөлек, түрі де мол. Соның әсері болар аң-құстары, тіпті балық, бақа, шаян, құрт-құмырсқасына дейін дараланып, үңіле қалсаңыз көне заман құпияларынан сыр тартатын да тәрізді. Бүгінде Ұлттық бақта 940 түрлі өсімдік өседі, оның 60-қа жуығы эндемиктер. 21 түрлі өсімдік қорғауға алынып Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сүт қоректілердің 60, құстардың 300, бауырмен жорғалаушылардың 20, балықтың 10 түрі бар. Бағзы замандарда осы өңірде тіршілік етіп, құдіреттің күшімен жойылып кеткен пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырлардың, стенон жылқысының қаңқалары әр, әр жерлерден табылып, саяхатшы-мамандар пікірлерімен расталғаны тағы бар» - дейді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғат бағының бас директоры Тоқтам Бектемісов.

Тоқтам ағаның айтуынша, Шарын шатқалының климаты – континентальды. Қоңыржай климаттық белдеуге кіреді. Материктің ішінде аумақтың географиялық орнымен, мұхиттарға алыстығымен, төменгі ендікпен, атмосфералық айналымның жағдайымен анықталады. Қысты күні аумаққа Сібір барикалық жоғары сілемдері, жазда Орта Азиялық термиялық депрессия әсер етеді. Көктемі созылып, құбылмалы болады. Кей жылдары үсік жүріп, қар жауады. Күзде қарсы және циклонды құбылыстар күшейеді. Ұлттық бақтың негізгі аумағы Іле тауаралық шұңқырының орталық бөлігінен айқын көрінеді. Сонымен бірге, шығыстан батысқа қарай қуаңшылық байқалады. Батысында және Сөгеті – Бұғыты сілемдерінде көктемде 325 мм, ал шығысында 125 мм жауын жауады.

Шарын шатқалының рельефі туралы сөз қозғалғанда Солтүстік Тянь-Шанның солтүстік-шығыс бөлігі мен Шарын өзенінің орта және төменгі ағысы орналасқан жер бедері мен компоненттері еш жерде қайталанбайтынын айта кеткен абзал. Мамандардың айтуынша, ландшафтарының қалыптасуы мен дифференциясының негізіндегі марфақұрылымы мен марфабедері ғылыми һәм эстетикалық маңызы зор құбылыс. Зердеге тоқитын тағы бір құндылық қалыптасуы эндогендік және экзогендік құбылыстардың арақатынасының ақпарат көзі болып есептеледі. Жер бедерінің осы күнгі бейнесі неоген дәуірінде дифференциялды тектоникалық қозғалыстың нәтижесінде, комплексті денудация және аккумуляция процестерінің нәтижесінде қалыптасқан. Тізбелей берсеңіз Шарын шатқалында бірінен екіншісі асып түсетін құндылықтар санатына кіретін соғды еренінен басқа, яғни төрткүл дүниеде сирек кездесетін ауған терегі, әртүрлі жапырақты терек, іле ұшқаты, семенов үйеңкесі, жоңғар реомюриясы, іле сексеуілі өседі. Сонымен қатар, сирек кездесетін қолаңтас, жыланшы қыран, қара дегелек, үкі, ителгі, жұртшы, орта азиялық бақа, шұбар батбат кесіртке де бар.

Ұлттық бақ мамандарының айтуынша, осы аумақта 49 шақырымдық 3 туристік маршрут бар. Олар – Шарын ерен тоғайы, Қазақстанның жеті кереметінің қатарына кіретін Шарын шатқалы және бейіттер мен қорғандар. Бұл маршруттар Алматы облысында туризмді дамыту мақсатында Іле-Алатау, Алтынемел, Көлсай көлдері, Шарын атты төрт ұлттық бақ бойынша бірлесіп жасалынған «Жетісудың алтын айналымы» атты біріккен маршрутына енгізілді. Біздің тарапымыздан бағыттарда көру алаңдары, фотосуреттерге түсу орындары, автотұрақ жасалынып, киіз үйлер, айналымдарда 12 орындық 2 қонақ үй ал Ұлттық бақ орталығында 40 орындық қонақ үй жұмыс істейді.

«Қала мен дала» республикалық әлеуметтік-саяси газетінің 2015 жылғы 23 желтоқсанында жарық көрген санында Тоқтарәлі Таңжарықтың «Қызғылт қамалдар қорғаны» атты мақаласында автор: «Геолог ғалымдардың болжамына жүгінсек, бүгінгі Тәңір таудың күнгей қапталы кезінде алып дария болған көрінеді. Сол дарияның түбінде бұдан шамамен 25 миллион жыл бұрын тас пен құмдардың үлкен тұнбасы қалыптасқан. Күндердің күнінде дария тартылып, су аяғы құрдымға сіңеді. Міне, осы кезде байырғы алып тұнбаның орнына осы Шарын шатқалы мирасқа қалған. Одан бері де шамамен 12 миллион жыл жылжыған… Мұны ғалымдар осы Шарынның кер топырағынан табылған теңіз жәндіктерінің қаңқалары арқылы дәлелдеп отыр. Осы құпияға толы қызыл аңғарды екіге жарып Шарын өзені ағады. Онсызда көркем мекенге тіптен көрік беріп, ирелеңдеп аққан өзен суы Шалкөде жайлауынан бастау алып, арындап келіп, Кегенге келіп аз дамыл алғандай болады. Сосын Қарқара суына қосылып, Шарынға айналады. Шарын 225 шақырым бойы тынымсыз ағады. Дәл осы аңғардың өзімен үш шақырымдық қашықтықты шауып өтеді. Суының тереңдігі 2-3 метрден басталып, кей жері одан да тереңге тартады. Айналасындағы алып қорғандарды, түксиген жарқабақтарды, бұрылыс-қалтарысы көп иіндерді кесіп өткен сайын жаны рахат табатындай арынын бәсейтіп, біртүрлі ырғақпен жылыстап ағады. Сөйтеді де, соңыра әйгілі Іле дариясына құяды»,- деген деректер келтіреді.

Сондықтан да қастерлі ұйық мекен,

Тарих-сыр ақтарылған тұйықта екен.

Шартарабын Шарынның жырға қосып,

Мен де ақындық жүрекпен сүйіп кетем, - деп ақын жырға қосқандай, тылсымға толы тұмса табиғат – Шарын шатқалдарын, Шарын каньонын, Шарын өзенін, қайталанбас орманын мақтан етеміз. Табиғат-ананың інжу-маржаны саналған Шарын кереметтерінің қазақ даласында жатқаны жүректі тербейді, көргенде бойыңды қуаныш сезімі кернейді.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: