«Итбалықтар адамдар секілді бір-біріне бауырмал келеді»

21 Қаңтар 2020, 14:56 6301

Табиғат қорғаушысы Әсел Баймұқанованың ерекше жұмысы

Әсел Баймұқанова – эколог. Ол Каспий итбалықтарын бірнеше жылдан бері зерттеп әрі таспаға түсіріп келеді. 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел филологиясын тәмамдаған. Алайда, бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылы сол университеттің «Экология» мамандығының магистранты атанады.

«Бала кездегі Лиза досым»

Бала күнімнен жан-жануарлардың іс-қимылына қызығатынмын. Менің алғашқы бақылау объектілерім ауылдық жерде тұратын ата-әжемнің төрт түлігі болған еді. Әр күні кешке барлық қой мен ешкінің қасына барып, бақылап отыратынмын. Оларды көздеріне қарап, өзімше жұмбақ шешкім келетін. Ол кезде мұны өзімнің жаным қалағандықтан істегенімді түсінемін.  Айтпақшы, сол үйде Лиза атты сүйікті ешкім болатын. Лиза қораға жақындай бере менің жаныма жетіп келіп, жай сүзіп еркелеп ойнайтын. Қой мен ешкілер менің оларға деген бала махаббатымды түсінген сияқты.

Табиғатты қорғау мен Каспий итбалығы жайында

Қазір біз қоршаған ортаны қорғау бойынша шұғыл шешім шығаратын уақытта екенімізді бір сәтте естен шығармауымыз керек. Біздің елімізде де табиғатқа қатысты көптеген проблемалар бар, оған барынша көңіл аударылып та келеді. Алайда оны түпкілікті шешу үшін ұзақуақытты терең зерттеулер қажет етіледі. Ондай зерттеулер жеткіліксіз, сондықтан да қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі дабылдар түсіп жатқаны жасырын емес. Оған дәлел – Алматы, Теміртау, Өскемен қалаларының ауа ластануы, шөлейттену, Арал теңізі мен Балқаш көлінің тартылуынан туындап жатқан экологиялық апаттар және тағы басқа проблемалар.

Мен Каспий теңізінің биологиялық алуан түрлілігін сақтап, оның ішінде Қазақстандағы жалғыз теңіз сүтқоректілері – жергілікті Каспий итбалықтардың өміріне араша түскім келеді. Қазір Каспий итбалықтарына барынша көңіл бөлініп жатыр, оны сақтау арқылы біз басқа да экологиялық мәселелерді шешетінімізге еш күмән келтірмеймін.

Каспий итбалығын 1996 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы «қорғалмаған» санатымен тізімге алған. Алайда 2008 жылы Каспий итбалығына «қауіп-қатер төнген» деген мәртебе беріледі.

Мен Каспий итбалықтарының жүріс-тұрысын, мінез-құлқын зерттеймін. Бұл неге маңызды деп ойлайсыз? Олар сыртқы өзгерістерді өте жақын қабылдайды, оған қоса – Каспий итбалықтары жергілікті түр, оны Жер шарының басқа еш жерінен кездестіре алмайсыз деген сөз. Бұл – өте маңызды. Теңіз сүтқоректілері тіршілік ортасының өзгеруіне қалай бейімделіп жатыр? Қандай қиындықтарға кезігуде? Міне, осы сұрақтарды шешу арқылы еліміздегі жалғыз түр боп есептелетін Каспий итбалықтарының өмірін сақтай аламыз.

Қазір итбалықтарды бақылай отырып, олардың кейбір іс-әрекеттері адамдікіне ұқсайтынын байқадым. Мәселен, олар өзінің ауырған тұқымдастарын жалғыз қалдырмайды, солармен бірге мазасызданып, қасында болады.

Итбалықтарды сақтау үшін...

Каспий итбалықтарын сақтау үшін бірінші кезекте зерттеу жұмыстары қажет етіледі. Мысалы, біз зерттей келе итбалықтар Кендірлі шығанағын тастап кеткендіктерін білдік. 2016 жылдың күз мезгілінде мұнда 400 бас итбалықтар мекендесе, 2018-2019 жылдары бірде-бір мұндай жануар кездеспепті. Бұл – сұмдық жағдай! Біз итбалықтар қалаған жерде еркін қимылдап, өмір сүруі үшін ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың статусын жоғарлатып, теңіз жануарларының құрлыққа шығып жататын жерін адамдардан қорғауымыз керек қой. Онымен қоса, оңалту орталығын салып, жергілікті тұрғындармен де жұмыс жүргізу қажет. Себебі, Каспий теңізінің жағалауын мекен ететін халық бұл түрдің ерекше екенін түсіне бермейді.

Менің айтар ұсыныстарым: ҚР заңнамасына сәйкес теңіз жануарларының құрғақ жерге – жатаққа шығатын уақытында балық аулауды тоқтатып, су кемелерін жүргізбеу керек; жатақтарды сақтап қалып, итбалықтар мекендейтін жерлерді қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттік табиғи резерват ұйымдастырған абзал; Каспий итбалығын сақтау мен тиісті шаралар жүргізу туралы халықты толық хабардар етіп, трансшегаралық жануар болғандықтан, мемлекет аралық зерттеу ұйымдастыру керек.

Каспий теңізі балық ресурстарына бай, десе де қазіргі бірінші кезекте бекіре тұқымдас балықтар зардап шегіп жатыр. Оған себеп – шамадан тыс аулау. Бұл тұста тек бекірелер емес, итбалықтардың да зардап шегетінін айта кеткен жөн. Олар балықшылардың құрған тұзағына түсіп, өздігінен шыға алмай, өліп жатады. Былайша қарасаңыз, теңіз түбінде барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Оған қосымша итбалықтардың төлдеу кезінде ең үлен қауіп төндіруші – Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі кеме қатынасы, теңіздің ластануы мен климаттың өзгеруі.

Осы уақытқа дейін Каспий итбалықтары туралы үш фильм дайындап үлгердік. Сол арқылы теңіз сүтқоректілерінің өміріне араша түсіп, оның басында туып отырған проблемаларды көпшілікке жеткізгіміз келеді. Көптеген ұсыныстар айтып, табиғатты қорғауға байланысты өткізілетін іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Олардың қалай жылдан-жылға азайып бара жатқанын мәлімдеп, жойылып кетпеуі үшін қандай шараларды жүзеге асыру керектігіне назар аудартқымыз келеді.

2005 жылы жүргізілген авиаесеп теңіз сүтқоректілерінің саны он есе азайғанын көрсетіп берді. Яғни, шамамен 100 мыңдай ғана қалған. Біздің есеп бойынша да соңғы 15 жылдықта олардың саны тағы да азая түсуде, алайда нақты қаншаға екенін дөп басып айта алмаймыз. Оған қосымша зерттеу жүргізу керек. Қазір Қазақстанға қарайтын Каспий теңізінің бір аумағында ғана итбалықтар мекен етеді, ол - Комсомол шығанағында Оппа ауданы мен Дурнев аралы теңіз ауданындағы кішігірім аумақ.

Марқакөлдің майқан балығы

Менің ең сүйікті фильмім – «Марқакөл көлінің символы». Онда осы көлге тән майқан балықтары жайында айтылады. Кей мамандар майқан балығының азайып бара жатқанына талма балықтарының саны күрт төмендеуі әсер етіп отыр дейді. Яғни, қорек шеңбері тарылған балық қармаққа жабысады. Бұл балықшылардың оңай олжасына да айналып отыр. Майқан балықтарын басқа көлдерде өсіруге болмайды. Ол тек тау көлдерін мекен етеді. Біз бірнеше жыл сол балықтардың уылдырық шашуын бақылаған едік. Арнайы экспедиция ұйымдастырып, уылдырықтың қалай дамитынын түсірдік. Ал фильм бар болғаны 15 минутқа ғана созылады.

«Қиындықсыз» қиын кәсіп

Жұмысымда қиындық көп деуге аузым бармайды. Өз жұмысыңа қиын деп қарауға болмайтынын жақсы білемін. Егер проблемалар туындаса оның басқа жолдары міндетті түрде болады емес пе? Бастысы, есеппен жұмыс жасау керек, ол әсіресе теңізде маңызды рөл ойнайды.

Біз, Гидробиология және экология институтының қызметкерлері, фильм түсірумен айналысамыз. Оны өз зерттеуімізде бейнекамераларға түсіріп аламыз. Десе де, әлі үйренеріміз көп. Ең бастысы, біз жануарлардың басқа адамдар аңғармайтын қырларын бақылап, соны таспаға жазып жатамыз. Көбінесе камерамен жүру өте қиындық тудырады. Әсіресе, қолыңда аппарат бар кезде,  маса келіп, қаныңды еш алаңсыз ішіп жатқанда, түсірілімді бұзып алмау үшін, амалсыз бақылап отыруға тура келеді. Түсірілім жасау – алдымен адамды шыдамдылыққа үйретеді десем болатындай.

Сонымен қатар, теңізде дауыл, желмен алыссаң, жағалауында түрлі улы жәндіктер, жыландардан қорғанасың. Ондай жағдайда  тәртіпке бағынып, әрбір ұсақ-түйекке мән берген жөн. Мәселен, аяқ киімді құрған шатырдың сыртына тастап кетуге болмайды. Ал қымбат тұратын фото-бейне техникаларды, өлшейтін аппаратураларды төтенше жағдайда аман алып қалу бөлек әңгіме.

«100 жаңа есім» жобасы  мен жоспары

«100 жаңа есім» жобасының нәтижесі шыққанша жеңімпаздардың қатарында боламын деп ойлаған жоқпын. Себебі, ешкімге «маған дауыс бер» деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбедім. Бәрі тез арада өте шыққан сияқты: айналамдағы адамдардың құттықтауы, жаңалықтар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жандар, сахнада жүргізетін баяндамама  дайындық, одан кейін сөйлеу алдындағы қобалжу... Бұл – менің өмірімде орын алған ең ерекше кезең.

Бастысы – итбалықтардың мәселесін көтеріп, оларды қалай сақтау керектігін айттым. Ендігі, біз, адамдар теңіз сүтқоректілерін аман алып қалуға барымызды саламыз деп ойлаймын.  Олар біздің көмегімізге зәру.

Осы жылға жоспарлап отырған жұмыстарым жетерлік. Оның бірі, әрине – көпшіліктің назарын Каспий итбалықтарын сақтауға аудара түсу. Біз қазір жаңа фильммен жұмыс жасап жатырмыз. Ол көркем туындымыз сапалы әрі көп ақпарат беретін болады. Сонымен қатар, итбалықтардың іс-әрекеті туралы магистрлік диссертациямды аяқтап, қорғауым керек.

(Суреттер Ә.Баймұқанованың жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: