Ішімде бір журналист тұншығып жатады

5 Маусым 2017, 15:59 7889

Әнші Роза Әлқожамен сұхбат

Роза Әлқожа өзінің қоңыр үнімен, назды даусымен халықтың төрінен орын алған әнші. Ол қайда шығармашылық кеш өткізбесін, тыңдармандары залды лық толтырып, қосыла шырқап, қазақы болмысын бойына жиған әуезді әнмен әсерленіп қайтары сөзсіз. Бүгінгі эстраданың жарық жұлдызы боп жүрген әнші Роза el.kz редакциясының қонағы болған еді.

Дүкен ашып, баюды мақсат тұтқаным жоқ

 – Балалығыңызға барып қайтайықшы, ата-әжеңіздің ерке қызы болып өсіпсіз... Қандай естеліктер жиі ойыңызға оралады?

 – Мен ОҚО, Жетісай қаласында дүниеге келгенмін, ал балалығым қазіргі Өзбекстанға қарасты Амангелді деген совхозда өтті. Мені әке-шешем қасына алып жатпайды екен, ал тіптен сегіз айлығымда ата-әжеме тапсырыпты. Атам марқұм жуас, момын кісі, көп сөйлемейтін, адам баласына қиянат жасамайтын жан болатын. Осындай кісілердің арқасында ерке болып өстім. Қазір бойымда еркіндік болса, қазақылық болса, ата-әжемнен алған тәрбием деп білемін.

 – «Өнеріңіз нағашыдан» ба?

 – Нағашыларымнан деп ылғи айтып жүремін, ондай кездері «біз де құр алақан емеспіз» деп өзімнің ағаларым ренжіп жатады. Десек те, қыз бала анасының тәрбиесімен сусындап өседі ғой. Анам атақты күйші, дирижер болған кісінің шәкірті. Батыс әндерін орындаушы, дәстүрлі әнші, театрда актриса қызметінде де болған екен, кейін мектепте мұғалімдікті кәсіп етті. Түп нағашылары да жәй адамдар емес. «Өнер жерде қалмайды, жиенде қалады» демекші, әншіліктің менің бойымнан табылып отырғаны да сол шығар. Анам алты жасымда домбыра үйретті, қазақша көйлек тігіп, өзі өлең жазып, сахнаға шығаратын. Сондықтан, ол кісіні алғашқы ұстазым ретінде көремін. Өзі үлкен сахнаға шыға алмаған соң, қызым шықса екен деп армандаған ғой, сол тілек Алланың қалауымен орындалған да шығар. 

 – Өнер жолына сәтті бастау болған әніңіз «Мен сыйға тартқан орамал» ма? Сол секілді сіздің шығармашылығыңызға жаңа леп қосқан қандай туындыңызды айта аласыз?

 – «Мен сыйға тартқан орамал» әніне барынша ризамын. Орамал деген сөздің өзі қазақ қызының сезімін жеткізушісі. Сол бір сөз әннің жолын ашты, халық «орамалды» айтатын қыз ғой деп қабылдайтын болды. Одан кейін де көпшілік сүйсіне тыңдайтын әндер шығып жатты. «Ән салшы, Роза», «Жүрек назы», «Фариза», «Сырдария», сол сияқты «Мен сыйға тартқан ормалдың» екінші нұсқасын да сұрап, орындауымды өтініп жататындар әрқашан табылады. Былайша айтқанда, әр әннің өзінің тыңдармандары бар. 

 – Кәсібіңіз қалай өрбіп жатыр? Тағы қандай бизнес жолында жоспарларыңыз бар?

 – Өзім кәсіпкер болмағандықтан, қыр-сырын көп біле бермеймін. Әу бастағы ниетім атымды шығарған орамал болғандықтан, сол орамалды дәріптей түсу еді. Баюды мақсат тұтқанымыз жоқ. Алғашқыда кесе-көлденең көптеген қиындықтар кезікті, қазір бір жолға түсіп дөңгеленіп келеді. Бүгінде 13 қалада дүкендеріміз ашылып, жұмыс жасап жатыр. Өткен жылы халық маркасын алып, Қазақстанның 100 бренді қатарына қосылдық. Федерация президенті әлемнің 30 еліндегі Duty Free-ге орамалдарымызды қоюға ұсыныс жасады. Енді, шет елдерде де біздің өнімімізді алатын болады. Биылғы жылдың басында еліміздің жүрегі Астана қаласында ашылу рәсімін жасадық, Осы жақтағы дүкеннің жұмысы көз қуантады. Алда Көкшетау, Қарағанды секілді қалалардан дүкен ашатын ойымыз бар.

 – Көп балалы анасыз, балаларыңыз әнге бет бұрам немесе сол сияқты басқа өнер жолына түсем десе сізден қандай қолдау болады?

 – Осы өнер жолына келуіме ата-анам қарсы болды. Басында қолдағанымен, уақыт өте ауыр, әрі қиын жол екенін біліп, шектеді. Өзім де өнерге келіп, оның шын мәнінде соқпағы көп сара жолын басымнан өткердім. Сол себепті де балаларымды гуманитарлық лицейға берген болатынмын. Өнер деген қасиетті нәрсе, адам бойына бітсе, тыныш таптырмайды. Балам музыкалық мектепке бермегеніме ренжіді. Өсе келе түсініп, Өнер академиясының колледжіне баруға рұқсат сұрады. Қарсы болмай, шыдамы жетіп жатса, өз бағынан көрсін дедік. Үлкен қызым да жан-жақты, бір жаққа қарай бағыттайтын ойымыз бар. Үшінші баламыз өнертапқыш, суретті жақсы салады, төртіншіміз қиял, ерке. Меніңше, ақын болатын секілді, ұйқасатын өлеңдер құрастырып жүр. Бесіншіміз әнсіз ұйықтамайды. Құдайдан берілген талант болса, құптаймыз, ең бастысы өз жолдарын тауып кетсе болғаны.

 – Жаттанды болса да, осы сұрақты қоя кетейін, сіз үшін өнер мен отбасыны қатар алып жүру қаншалықты қиын?

 – Сіздің алдыңызға да жәй келе салмаймын ғой, киімім, сәнім, түрім өте маңызды, бұдан бөлек достарыммен, туысқандарыммен кездесуім, қонақтардың келуі немесе менің баруым, күйеуімнің қас-қабағы деген сияқты толып жатқан өзімнің функцияларым бар. Осы аталғандардың барлығына үлгеру өте қиын. Кейде ашушаң болып, мінезім өзгеріп кетеді, баратын жерге кешігіп қаламыз, соның өзінде бәріне үлгеріп жатамын. Әр нәрсе өз уақытымен, бұл жастық та кетеді, бұл дауыс та қалады... Менің қатарымдағылар сахнада ән салып жүргенде, мен бесік жырын айтып үйде отырғанмын. Өнерге кеш келсем де, өз бағамды алып жүрмін деп ойлаймын.

«Журналист – Роза» болсам айтарымды ашып айтып жүрер едім

 – Келесі айда Атырауда жеке концерт бермек екенсіз. Тағы қай өңірлерді концерт беретін жоспарыңыз бар?

 – Шақырған жерден қалмауға тырысамын. Биыл Қызылорда жақтан бастадық, Байқоңыр, Арал өңіріне концерт қойып, Ақтөбеге бардық. Енді Атырауда өткізіп, жазда демалатын шығармын. Күз айларында шақырып жатқан жерлерге байланысты көре жатармыз.   

 – Бүгінде қазақ әнінің ұлттық бояуы қанық па? Не жетіспей жүр?

 – Мен өзім ән жазған кезде халық әнінен алыстап кетпеу керектігін басты назарда ұстаймын. Қазақтың өзінің табиғатынан, қалыбынан қашықтамаған дұрыс. Марқұм Фариза апамыз «Роза, қазақтың әні жат әуендермен былғанып бара жатыр» деп айтқан еді. Расында да, кейінгі жас буын, латынның, кәрістің әндеріне құмар болып кетті. Қазақы бояуды ұмытып бара жатқандай көрінеміз. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» болған заман ғой. Классикалық, дәстүрлі әншілерді көбірек насихаттау керек шығар деп ойлаймын. Кешегі сал-серілерден қалған әндерге ұқсатып жазсақ, жаман болмайтын едік. Бүгінде Айбек Тәңірбергенов, Бауыржан Есебаев, Гаухар Әлімбекова секілді қазақы нақышын жоғалтпаған композиторлар бар.

 – Әндеріңіздің ішінде ерекше оқиғасы барын айтып кетіңізші...

 – Осыдан үш жыл бұрын Семейден Қайрат есімді ағамыз хабарласып, көптен бері күткен қыздары дүниеге келгенін айтып, бесік тойына бір әнімді ала баруымды өтінді. Өзінің жасы 50-ден асқан, әйелі 47-де екен. Қыздарына Дәрия есімін қойыпты. Тапсырыспен өлең жазбайтынымды айтсам да, ағамның тілегі жай таптырмады. Уақыт жақындай келе, «Дариядай тасып ақсын ғұмырың сенің, жанұяға шаттық сыйлар қылығың сенің» дегендей өлең туындады. Әлия Дәулетбаева есімді атыраулық ақын қызға өтініш жасап, сөзін жаздырып алдым. Тойда тосын сый ғып орындап бердім. Барлығы дән риза. Өзімнің қызыма серік болса екен деп қыз армандап жүрген арманым бар-тын. Алла тілеуімді беріп, Ясинам дүниеге келді. 

 – «Әнші – Роза» емес, тек «журналист – Роза» болса қандай болар еді?

 – Айнұр Тұрсынбаева әпкеміз «бұрын Розадан қатты қорқушы едім, өткір жазатын едің» дейді. Расында, ішімде бір журналист тұншығып жатады. Өмірге бәрібір журналист көзімен қарап отырамын. Жазғым келіп, айтқым келіп тұрады. Бәрін қатар алып жүру мүмкін емес қой. Өнерге келгенімде Ақбота Керімбекова «екі кеменің басын ұстаған суға кететіндігін» баса ескертті. Сол үшін де өнерде қалдым. Журналистикада «халтура» жасағым келмеді. Десек те, бір кездері Хабар арнасындағы «Жастар жырлайды» бағдарламасын жүргізген едім, радиода да қызмет еттім. Жалпы алғанда айналып соғып жүрмін. Әрине, «журналист – Роза» болсам айтарымды ашып айтып жүрер едім.

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: