«Ғылмани» мешітінің ғибраттары

6 Қыркүйек 2018, 10:35 51271

Дін – имандылықтың ғана емес, мемлекеттіліктің де тірегі

Халқымыздың өсіп келе жатқан жас ұрпағының санасында отансүйгіштік, өз халқына деген мақтаныш сезімін және шынайы иләһи ислам дініне деген құштарлық махаббатын оятуда дін қызметкерлерінің атқарар ісі ұшан-теңіз. Халықтың жадына жүздеген жылдар бойы құйылып келген құдайсыздық идеясының адам ой-өрісіне терең сіңіп орын алғаны соншалық – көпшілік қауым халал мен харамды, сауап пен обалды, күнәні айырудан қалды. Соның кесірінен «сенің тәнің нені қалайды, ол үшін қандай бір сорақылықтар жасасаң да, оның ешқандай сөкеттігі жоқ» деген түсінік қалыптасты. Осының салдарынан «сен өз денеңнің әдемі де тартымды жерлерін сырт көзден жасырмауға тиіссің, керісінше, оны басқалар көріп қызықтауға тиіс» деген ұғым санаға сіңіп, жастар өздерінің әуретті жерлерін ашып жүруді күнделікті тұрмыс салтына айналдырды. Одан да сорақысы – бір жынысты адамдар бірінен бірі әуреттерін жаппай, бірге жатып, бірге тұрып, бірге өмір сүруді үрдіске айналдырды. Міне, осының кесірінен бүгінгі күні «шектелген жыныс қатынасының азшылығы» деген қауым пайда болып, ерлер мен ерлер, әйел мен әйел жыныстылар бірігіп от басын құрып, сол бірге тұрғандарынан жыныстық ләззат алатын жиіркенішті әдетке бой ұруды үрдіске айналдырды. Ең сорақысы – адамзат санасында «бір жыныстылардың отбасын құруы – табиғи құбылыс, ешқандай сорақылық емес» деген ұғым қалыптастырды. Мұндай масқараны Ұлыбритания сияқты алып мемлекет заңмен қорғаса, Тони Блэйер сияқты елге белгілі саясаткер «бұл – адам баласының қол жеткізген зор жетістіктері» деп бағалап, жар салуда.

Егер адам баласы осынша хайуандық дәрежеге ғылым мен білімнің шарықтап өскен дәуірінде неге жетті десек, XVI-XVII ғасырларда әдебиет пен көркемөнерде үрдіс алған нақты өмір құбылыстарын шыншылдықпен суреттеу әдісі мадақталып, адамды анадан туа жалаңаш суретке салу, жалаңаш адамның мүсіндерін жасау, көркем әдебиетте жезөкшелікті дәріптеу деңгейіне дейін суреттеуден басталды ма деймін. Оған себеп – жалаңаш адамды суретке салып, мүсіндеп, жезөкшелікті жеріне жеткізіп әдебиетте суреттегендер ұлылар қатарына көтерілді де, соған еліктеген әдебиет пен өнер туындыларын тудыру жаппай үрдіске айналды. Міне, осы мезеттен бастап жыныстық қатынаста сорақылық қылықтарға бой  алдыру, ұятты жерлерін ашып, жалаңаш жүру адамдар санасына біртіндеп сіңіп, күнделікті үйреншікті әдетке айналып, кейін оның сорақылық іс екенін сезінбейтін де, сенбейтін де дәрежеге жеткізді.

Адамзат қауымын келешекте орны толмас өкінішке, айықпас дертке ұшырататын осынша лас, хайуандық амалдар адамзат деп аталатын бір кездегі өте көркем, мәдениетті де сыпайы, адалдық пен адамгершіліктің  шыңына  көтерілген  қауымның  мүлде құрып, жер бетінен жоғалып  кетуіне  дейін  апару  қаупі  де  жоқ  емес.  Олай  деуге  себеп  –  Лұт  (а.с.) еліне «сендер бұрын  әлемдерден ешкім істемеген арсыздық істейсіңдер ме? Сендер әйелдерді  қойып  еркектерге шақуат құясыңдар ма? Әрине, сендер – азған елсіңдер!»  – деді.  («Аграф»  сүресі 80-81 аяттар).  Ол    елдің   ерлері  әйелдермен жыныстық  қатынас жасаудан гөрі еркектерді қош көретін және оны ашық істейтін. Осы қауымды бұзықтық істерден тыйылуға шақырғанмен олар сорақылықтарын әрі қарай жалғастыра берді. Осындай шектен шыққан арсыздықтары мен лас қылықтарының жазасы ретінде Аллаһ-Тағала Лұт пайғамбардың қауымын жер бетінен жойып жіберген еді.

Қоғамды ішінен жеп, құлдыратып құртатын, адамзатты аздыратын теріс амалдардың бірі – жең ұшынан жалғасқан қылмыс, маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық. Міне, бұл әрекеттермен мемлекет қандай қатал заң шығарып, оларды аяусыз жазаласа да одан күткендей нәтиже шықпайды. Себебі, заңды ойлап жазатын, оны өмірде іске асыратын адам, енді сол заңды орындамай, айналып өту жолдарын да табатын – адам. Олай болса, заң алдында жауапкершіліктен жалтарып кететін аз да болса мүмкіншілік бар деп түсінген уақытында заңды орындамаушылық тиылмақ емес. Оның үстіне өзінің жеке бас пайдасы, тән ләззәті үшін қоғамдық тәртіпті, заң талаптарын бұзушылар миллиондаған болса, олардан ұсталып, өмірде жаза алғандар жүздеп қана саналады. Сондықтан қоғамда теріс қылық жасайтындар өздерін «ұсталмағандардың қатарында боламыз» деп үміттенеді. Егер әрбір адам ерте ме, кеш пе, өзінің жасаған қылмысы үшін міндетті түрде жауап беретінін білсе, және соған сенсе, яғни Жаратушы жалғыз Аллаһтың алдында жауапкершілігін сезінсе, ол қылмысты харам істерден аяғын тарта басып, ондайға бармас еді.

Дін адамды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейді. Қоғамымызда харам амалдарды болдырмай, адал амалдарды, яғни күнә істерден адамды аулақтатып, сауапты амалдарды іске асыруға дағдыландыруда діннің, оның ішінде иллаһи дін – Исламның, оны уағыздаушы дін қызметкерлері мен діни орталықтар – мешіттердің атқарар міндеті жоғары. Осы тұрғыдан алғанда жер-жердегі мешіттердің, олардың ішінде Астана қалалық Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітте атқарылып жатқан істерді халық назарына  ұсынуды жөн көрдім. Себебі, көпшілік халық өздерінің мешітпен байланысының аздығынан мешіт қызметкерлерінің жұмысын «бес уақыт намазға қатысып, мешітке келгендерге дұға оқып, дүниеден озған пендеге жаназа шығару ғана» деп түсінеді. Шындығында, мешіт қызметкерлерінің жұмыстары бұдан әлдеқайда ауқымды да, тереңірек және мағыналырақ.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының,  мешіттердің, оның ішінде Астана қалалық С.Ғылмани атындағы мешіт ұжымының атқарып жатқан жұмыстары адамды қуантарлық.

Дін – имандылықтың ғана емес, мемлекеттіліктің де тірегі. Әртүрлі дін секталарының көбеюі дінге ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне де зиян, яғни сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың тұтастығына қауіп төнеді. Тәуелсіз елімізде халықты ауызбіршілік пен ынтымаққа біріктіру үшін, ел қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтау үшін бір дін, бір мемлекет, бір ұстаным деген қағида болу керек.

Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы бүгінгі күні еліміздің үлкенді-кішілі мешіттерін біріктіріп, олардың шариғатқа сай жұмыс атқаруына тікелей басшылық жасап, көмек көрсетеді. Сол мешіттердің қатарында Аллаһқа тағат-ғибадат жасау үшін жиналатын сұрақтарға толыққанды ғылыми, фикһ ғылымдарының пәтуасы негізінде жауап алатын діни орталық – Астана қалалық Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітімізде Құран Кәрімді жатқа білетін, Құран аяттары мен сүрелерін тәпсірлеп, қарапайым халыққа жан-жақты түсіндіріп бере алатын бес қари, қази және білгілікті мамандар жұмыс істейді. Әр жұма сайын намазхандарға қызғылықты тақырыптар жан-жақты қамтылып, уағыздар өткізіледі. Жұма мен жұманың арасында бесін намазынан кейін сұрақ-жауап ретінде немесе белгілі бір тақырыпқа байланысты уағыздар өткізіліп тұрады.

Мешіттің имамы мен наиб имамдар бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста. Осы  жылдың басында «Ислам және өркениет» газетінде тақырыпты жан-жақты талқылап, ғылыми негіздермен тұжырымдаған мешіт қызметкерлерінің көптеген мақалалары жарық көрді. Атап айтсақ, мешіттің бас имамы Бақтыбай қажының «Рамазан оразасы қабыл болсын!» «Дінаралық татулық», «Тәубенің қасиеті», «Мәуліт тарихы» атты мақалалары жарияланса, Хасан Ташайұлының халықты толғандырып жүрген қазіргі заман мәселелері туралы жазған  «Қазіргі заман діни мәселелері», «Мұғалим сәни», «Тәжуид»  кітаптары, «Пәтуа – бұл үлкен жауапкершілік» мақаласы,  Руслан Қамбарұлының «Сансыз сынақ сағыңызды сындырмасын» атты мақалалары жарық көрді. Бақтыбай қажының Мұхаммед Аших иләһи әл Бәрененің  «Тәсһил Ад-Дарурии» немесе «Шариғат мәселелері» кітабын қазақ тіліне аударуы үлкен еңбек. Бұл еңбек сегіз елеулі мәселені біріктіреді.

Кітапта кез-келген «намаз оқимын, ораза ұстаймын, мал-мүлкімді адал табамын, қажылық парызымды өтеймін, отбасылық өмірімді ислам негізінде ұйымдастырамын» деп ниеттенген адамдарға түсінікті түрде толық жауап берілген. Аталған шығарма ел арасында исламды дұрыс түсіндіруге зор үлес қосқан туынды десек артық болмас. Хасан Ташайұлының қаламынан туындаған «Мұғалім сәни», «Тәжуид» кітаптарынан еліміздің құранды оқып білуге ниет еткен үлкенді-кішілі талай мұсылмандары білім, дәріс алып жатыр. Барлықтарыңызға белгілі, мешітіміздің жанында сауат ашу курсы тұрақты  жұмыс істейді. Ұстаздар араб әліппесінен бастап қасиетті Құран Карімді қатесіз оқу жолдарына дейін, былайша айтқанда Құранды тәжуидпен оқуға дейін үйретеді. Жалпақ тілмен айтсақ, белгілі бір уақытпен шектелмеген тегін діни медресе десе болады. Сауат ашу курсында араб әліппесін оқып-үйрену, Құранды мәнерлеп қырағатпен оқуға қоса, Пайғамбарлар тарихы, иман негіздері – Акида Таухид сияқты имандылықтың басты құндылықтары туралы да дәріс беріледі. Бұл жерде сөз мұсылмандық теология әйтпесе, дін ілімінің кандидаттары, докторлары, профессорлары болып шығуы туралы болып тұрған жоқ. Басты мақсат – өзіміздің күнделікті оқып жүрген намазымыздың қырағатын, оның іші-сыртындағы парыздарын дұрыс атқарып, дұрыс амалдар жасауды үйрену.

Курста жыл сайын ораза – Рамазан айының алдында арнайы қажылық ғибадаты басталардан екі ай бұрын арнаулы дәрістер өткізіліп, пысықталады. Бұл шаралар  оразаларымыз бен қажылық парыздарымызды толық, өз дәрежесінде атқаруға септігін тигізіп, сауабын молайтары сөзсіз. Тағат-ғибадатты жамағатпен бірге атқару, шамалары келгенше жоқ-жітікке көмектесу, қиындыққа тап болған, тоқырау жағдайындағы адамдарға Аллаһтың Кәлемі, жақсы сөздер арқылы көмектесу сияқты оң істер де баршылық.  Иман-сенім ислам дініне, Аллаһтың бірлігіне, Пайғамбарлардың хақтығына сену арқылы мұсылман болудың екі түрі бар. Бірі – «ата-бабаларымыз ұстаған, көпшілік мойындаған дін ғой, мен де осы дінді мойындап, намаз ғибадатты ел алдында жақсы атты адам болып көрінейінші» деген оймен атқаратындардың дінге сенімі әлсіз. Пенде діннің негізін біліп, Аллаһтың харам дегендерін оқып-үйренумен, өз ақыл-парасатымен оның негізіне қарап,  харамнан адамның өз басына, елі-жұртына тиетін кесір-кесапатын жан дүниесімен түсінсе, ол адам Аллаһтың харам қылған амалдарынан қашық жүрер еді. Сол сияқты халал амалдардан өзіне, маңайына, туған-туыс, жора-жолдастарына, ел-жұртына қандай пайда келеріне саналы түрде сеніп білсе, ол адам әрқашан халалға жақын жүруге амал жасайды, яғни бұл пенденің иманы мықты, тұрақты. Адамның санасында көзбен көріп, қолмен ұстаған зат, амалдары ұмытылмайды да, анық сақталады. Ал уағыз арқылы ғана санамызға сіңетін, көзге көрініп, қолмен ұстауға болмайтын, басқаша айтқанда, адамның сана-сезімі мен түйсігінен жоғары тұрған құбылыстар, яғни Аллаһтың құдіреті, пайғамбарлардың мұғжизалары, әулиелердің кәрәматтары, бізбен бірге қатар өмір сүретін, бірақ қарапайым пенденің қолымен ұстап, көзімен көруге шамасы жетпейтін періштелер мен жындар әлемі және олардың амалдары сияқты құбылыстар адам баласының санасында белгілі бір мөлшерде қайталанып, толықтырылып, уағыздалып отырмаса, ол күңгірттеніп, кейде рухани өзгерістерге ұшырап, бұрыс түсінікке апаруы мүмкін. Соның салдарынан Аллаһтың сөздері бұрмаланып, діни шариғатқа кереғар пікірлер туындап, адамды дінсіздікке, немесе дінді теріс түсінуіне соқтыруы мүмкін. Міне, мұндай жағдай қайталанбас үшін әрбір мұсылман адам өзінің діни білімін жетілдіріп, мешітпен байланысын күшейтіп, өзін жаңа деңгейге ұдайы көтеріп отыруы тиіс.

Адам дінді, Құран аяттарын ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде қол жеткізген жаңалық-жетістіктермен ұштастырып, аяттардың мән-мағынасын тереңірек түсінуге талпынғаны абзал, әрине, егер ол жаңалықтар шынайы діни қағидаларға қайшы келмейтін болса. Пайымдап қарасаңыз, Аллаһ жаратқан заттың бәрі тірі. Олардың бәрі өз тілінде Аллаһпен қарым-қатынаста. Бірақ біз олардың қозғалғанын, сөзге түсініп, оған жасаған амалдарын өзіміздің ақыл-ойымыздың шектеулігі себебінен түсініп біле бермейміз. Сондықтан біздің санамызға Аллаһтың құдіреті толық өз мәнінде қабылдана бермейді.  Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде былай делінген:

«Ақиқатында мен ышығымды (аманатымды) бұйрығыма, тыйымыма және сынағыма капсуладай қылып орап, аспан, жер тау-тас, бүкіл жаратылысқа ұсындым. Бірақ олар үдесінен шыға алмаймыз деген қауіппен бас тартты. Тәкәппарлық немесе қарсылықпен емес. Ұлық Алланың бұл ұсынысын Адам (ғ.с.) және оның ұрпақтары ілімсіздіктің қараңғылығының астында тұрып, білместен ұлық Алланың фазылымен қабылдады. Содан ұлық Алла бұл ұсынысын қабылдағаны үшін адам ұрпағына өте риза болып, бүкіл жаратылыстың сырларын үйретті. Сондай-ақ періштелеріне мақтанды. (Ахзаб сүресі, 72-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Азаншы дауысының естілген жерінің көлеміне қарай күнәсі кешіріледі. Дауысы естілген жердегі барлық нәрсе оған куәлік етеді» дейді. Бұл жерде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барлық адам деп тұрған жоқ, барлық нәрсе деп атап айтып отыр. Жапонияның Иокогам университетінің ғалымы доктор Эмото Масару 1987 жылы алғаш рет судың жұмбақ қасиетінің куәсі болды. Көп жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым берілген сыртқы мәліметке қарай су құрамының өзгеретініне анық көз жеткізген. Екі бірдей ыдысқа бір жерден су құйып, біріне жағымды, ұнамды сөздер, екіншісіне жаман, жағымсыз сөз жазылған қағаз жапсырған. Сол сулардан түзілген кристалдарға қарағанда жағымды сөз жазылған су кристалдарының өте әдемі, яғни сапалылығын, ал керісінше, жағымсыз сөз жазылған су кристалдарының пішіні бүлінгендігі, немесе судың сапасы нашарлағандығы анықталған. Демек, су адамның сөзіне түсініп, соған орай реакция жасайды деген сөз. Құран-Кәрім мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде суды ерекше ұлықтаса да, «судың да сұрауы бар» деген қағиданың негізін түсінбейтін адам баласы судың қасиетін өзі танып-білмейінше, оған көңіл аудармайтын сияқты. Егер су осындай қабілетке ие болса, Аллаһтың жаратқан басқа заттарының да көптеген қасиеттерге ие екені сөзсіз. Өкініштісі, адам оны әлі түсініп-танып, біле қойған жоқ. Дегенмен, келешекте ғылым дамыған сайын, адамзаттың оған да қол жеткізуі мүмкін.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Ғылым дамыған сайын Құран жасара береді» деген сөзінің мағынасына осы құбылыс түсінік бергендей.  Сол сияқты Иса пайғамбардың (с.ғ.с.) өлгендерді тірілтуі, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айды екіге бөлуі, Мұса пайғамбардың (ғ.с.) аса таяғымен суды ұрып, бөліп, жол ашуы – Аллаһтың пайғамбарларға берген мұғжизалары. Әулиелердің қашықтықтан сезуі, кей жағдайларда адамдарға көмектесуі бізге түсініксіз, бірақ оларға берген Аллаһтың артықшылығы немесе оларға Аллаһ берген кәрәмәттар. Біздің міндетіміз – Аллаһтың құдіретін мойындап, оған шексіз сену.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: