«Емшілік кәсіп емес, өнер»

14 Сәуір 2017, 10:57 11822

Елімізде емшілерді оқытатын арнайы оқу орны бар ма? 

Елімізде емшілерді арнайы мектепте оқытып, медициналық білімін жетілдіріп, білікті маман етіп дайындап шығаратын оқу орны бар ма? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалдың жауабын іздеп біз  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Әлемдік медицинадағы айтулы тұлға» сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасы халық және рухани емшілер» мекемесі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің аккредиттеу орталығының директоры, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Дәстүрлі халық медицинасы академиясының Қазақ бөлімшесінің төрағасы  Шәкен Шынтаевпен сұхбаттасқан едік.

– Шәкен Мұқанұлы, емші деп кімді айтуға болады?

– Емшілік  кәсіп емес, өнер. Ол  адамға ең алдымен Алладан, одан кейін атадан балаға қанмен беріледі. Кейбір жағдайларда оған ерекше қабілетті жандар түрлі білім көздерін өз бетімен ізденіп, оқып-үйренуі арқылы да қол жеткізе алады. Дегенмен олар ілуде бір кездеседі. Сондықтан кез келген адам емші бола алмайды. Өнердің бұл түрі кез-келгеннің маңдайына бұйырмаған. Емшілік өнердің тарихы өте терең. Сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ бойында ерекше қасиеті бар мұндай адамдарды  халық құрмет тұтқан, есімін аңызға айналдырып отырған. Өйткені емші науқас адамның тәніндегі белгілі бір ағзасын ғана емес, оның жанын да емдеп, сауықтыра алатын өзгеде жоқ үлкен бір құдіретті күштің иесі ретінде танылған. Оның құпиясын ғылым мен техника дамыған бүгінгі заманда да ғалымдар әлі толық ашып бере алған жоқ.

– Оларды оқытып, дайындайтын  арнайы оқу орындары бар ма?

– Ешбір оқу орны емшілерді  оқытып, маман ретінде дайындай алмайды. Оның себебі әрбір емші өзінше бір төбе. Дегенмен, бойындағы қабілетін тексеріп, олардың рас не өтірік  емші екенін анықтау үшін және белгілі бір деңгейде медициналық ұғым, түсінігін қалыптастыру үшін кейде арнайы курстар мен мектептерде тексеріс жүргізу тәсілі көптеген елде бар. Біздің елде ол 1992 жылы ашылды. Осы арада оған менің де азды-көпті өз еңбегім сіңгенін айтқа кеткенім жөн шығар. Өйткені 1990 жылы 6 маусымдағы №362 Үкімет қаулысымен Халық емшілігі орталығы құрылған кезде, емшілерді құжаттандыру және оларға адам емдеуге рұқсат беру кезінде белгілі бір қиындықтар болды. Орталыққа келгендердің 99 пайызының медицина негіздеріне қатысты жалпы білімі болмады. Олар аурухана, емхана дәрігерлерінің науқасқа қойған диагнозы мен оларды сауықтыру үшін ұсынған дәрі-дәрмектерінің медициналық жалпы атауын білмеді. Сондықтан олардың сауаттылығын көтеру үшін «Қазақ емшілігінің медициналық негізін» оқытатын мектеп ашылды. Оның басы-қасында сол кезден бастап күні бүгінге дейін өзім жүрмін.

– Сіздер онда халық емшілерін қалай оқыттыңыздар?

– Бағдарлама жасап алдымен екі ай бойы адамның ағзаларын және олардың атқаратын қызметі туралы мағлұмат бердік. Көз, мұрын, тіс сияқты кейбір ағзаларды техникалық арнайы құрал-жабдықтармен қалай тексеруге болатынын көрсеттік. Оны бітірген соң олардың алдына келген науқастың диагнозын қойып, сырқатын емдеу әдісінің дұрыс не бұрыстығына дәрігерлер  сынақ өткізді. Бұл кезде емнің тиімділігін тексеру үшін науқастарды әр 10 күн сайын дәрігерлер тексеріп тұрды. Сараптамадан сүрінбей өткендерін аттестациялап, халық емшісі ретінде адамдарды қабылдап, ем жүргізуіне болады деген куәлік берілді.

Бұл арнайы курста біз 25 жылдың ішінде 40 мыңдай емшіні оқыттық. Алайда олардың 7436-сы ғана, сынақтан да, сараптамадан да, аттестациядан да сүрінбей өтіп, адам емдеуге құқын растайтын құжатын алып,  емшілікпен заңды түрде айналысып мүмкіндік алды.

Қазақстанда қазір емшілердің жаңа легі өсіп келе жатыр. Бұрын емшілер Халық медицинасы орталығының жанынан ашылған арнайы мектептен ғана медициналық сауатын ашып, білімін жетілдіретін. Қазіргі емшілер өз біліктілігін Қазақстан-Ресей ме­ди­цина университетінің Шығыс факультетінде шың­дап жүр. Олардың арасынан қазірдің өзінде менің жетекшілігіммен 12 ғылым докторы шықты. Соның біреуі шөппен емдеу – фитотерапия бойын­ша медицина ғылымының докторы дәрежесін алған тұңғыш қазақстандық маман Нұргүл Өтебаева. Ал Халықаралық аттестациялық комитетте өз біліктілігін дәлелдеп,  халық медцинасы докторы атанған емшілердің үшеуі Қытайдағы өз қандастарымыз.

– Бұл сөзіңізден кейін  сынақ тапсырып,  сараптамадан және аттестациядан  өтпей, сертификатсыз жұмыс істеп жүргендер жалған емшілердің қатарын толықтырып жатқан жоқ па деген ой туып отыр?

– Бұл жерде олардың бәрі бірдей жалған емші деп біржақты кесіп-пішуге болмайды. Тек емшінің бойындағы қандай да бір қабілеті мен әлеуеті туралы   ғана белгілі бір деңгейде пікір айтуға болады. Дегенмен олардың арасында өз қызметін заңдастырмай, лицензиясыз және мемлекетке ешбір салық төлемей тек өз қалтасы үшін жұмыс жасап жүргендері де аз емес екенін жасыруға болмайды.  Бұл мәселемен ең алдымен құқық қорғау органдары айналысуы керек. Өйткені өзін емші деп жариялап, ешқандай жауапкершіліксіз адам емдеушілердің әрекеттері заңға ғана қайшы емес, адамгершілікке де жат.

Халық медицинасы өкілдерін аккредиттеп, оларға емшілікпен айналысуға рұқсат беретін серти­фикат беру тек қана Аккредиттеу орталығы­ның құзырындағы іс. Бірақ, жұрт көбінесе халық емші­лері қауымдастықтарының мүшелік куәлігін біз беретін сертификатпен шатастырады. Жалпы, ешқандай емшілер қауымдастығы мүшесінің қолында Аккредиттеу орталығы берген серти­фикаты болмаса, адам емдеуге хақысы жоқ.

Мәселен бізде тіркелген емшілердің әрқайсысы жылына 1,5 мыңға дейін адамды емдеп жүр. Жыл соңында олардың есебіне қарап, біз емшілікпен айналысуға берілген лицензиясының мерзімін ұзартып отырамыз. Ай сайын әрқайсысы мемлекетке келушілердің санына қарай бірнеше мың теңге салық төлеп отыр. Сондай-ақ ең бастысы халықтың денсаулығын сақтауға және науқастарды ауыруынан сауықтырып, емдеп жазуға зор үлес қосып келе жатыр.

– Емшілер мен дәрігерлер арасындағы өзара түсінбеушіліктердің себебі неде?

– Дәрігерлерді дайындаудың өзіндік стандарты, бағдарламасы және арнайы оқу орындары бар. Ал емшілердің емдеу әдістерін бір стандартқа салып, бір жүйемен, бір бағдарламамен оқыту мүмкін емес. Ресми медициналық мекемелердегі дәрігерлер аурудың түп-тамыры қайда екенін барлық жағдайда түгел анықтап бере алмайды. Көбіне-көп оның салдарымен ғана күрес жүргізеді. Сондықтан олар халық медицинасына қырын қарап, оларға  бәсекелес деп санайды. Егер бірін-бірі толықтырып, өзара үйлесіммен жұмыс жасайтын болса барлық түйткілді мәселелер толық өз шешімін табар еді. Өкінішке орай оған құзырлы органдар да аса қызығушылық танытпауда. Әркім өз мәселесін өз ортасында талқылап, өз бетінше дамуда.

– Халық арасында емшілердің қызметіне жүгінетіндердің үлесі  қандай?

– Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 20-25 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне  қарағанда халық медицинасына жүгінетіндердің ең жоғарғы көрсеткіші Азия елдерінің үлесіне тиеді екен. Онда бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетіп отыр. Егер әлем халқының басым бөлігі Азия құрлығында тұратынын ескерсек, бұл жағдай кез келген адамды бейжай қалдырмауы керек. Қазіргі заманғы медициналық қызметке инемен, шөппен, үзумен, түрлі минералдармен емдеу және тағы басқа да қызмет түрлері жатпайтынын ескерсек бұл саланың әлеуеті өте зор. Тіпті халық медицинасын туризмнің бір саласына айналдырып, оны табыс көзіне айналдырып жатқан елдердің оң тәжірибесі жеткілікті. Халық емшілерінің бұл әлеуеті Қазақстан экономикасына қызмет ете алмай отыр. Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі кезінде де бұл мүмкіндікті көрсетуге  әзірге ешқандай іс-әрекет жасалып жатқан жоқ. Дегенмен болашақтан күтер үмітіміз зор.

– Ендеше үміттеріңіз ақталып, емшілердің еңбектері үкімет тарапынан бағаланатын күн тезірек тусын деген тілекпен бұл сұхбатымызды аяқтайық. Еңбектеріңіз жемісті бола берсін. Сізге де рахмет.  

Бөлісу: