«БЮРО 100» ұйымы «100 жаңа есім» жобасына «пиар кеңсе» болады

22 Маусым 2017, 18:57 6809

«Бюро 100» қандай ұйым?

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Бюро 100» қоғамдық белсенділерінің бастамасымен «Азаматтық Альянс» үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығы өкілдерінің кездесуі өтті.

Мақсат – жақында басталған «100 жаңа есім» жобасына кандидатураларды ұсыну бойынша азаматтық сектор қозғалысының ортақ тәсілдері мен стратегиясын талқылау.

Кездесуге азаматтық қоғам өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қалалық маслихатының депутаттары, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс тобы, сондай-ақ «БЮРО 100» бастамшыл тобының мүшелері қатысты.

Еске сала кетсек, «100 жаңа есім» жобасының басты мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту. Яғни, Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихын, жүріп өткен өмір жолын, табысқа жету сырын, жетістігін насихаттау.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырғаны белгілі.

Бүгінгі жиында бас қосқан қоғам белсенділері аталмыш «100 жаңа есім» жобасын қалай жүзеге асыруға болатынын, ақпаратты көпшілік қоғамға қалай жеткізу керектігін, халық арасына кеңінен насихаттау және жобаға шын мәнінде лайықты кейіпкерлерді қалай табуға болатыны жөнінде пікір алмасты.

Қазмедиа орталығы Медиамектебінің директоры, «БЮРО 100» бастамшыл тобының мүшесі Махаббат Есенова

«БЮРО 100» бастамшыл тобы – «100 жаңа есім» жобасын қолдау мақсатында азаматтық инициативамен құрылған жоба. Бұл ешқандай да қоғамдық немесе үкіметтік ұйым, қозғалыс емес, бұл – өз еріктерімен «100 жаңа есім» жобасын қолдауға ниет білдірген жастардың бастамасы. Әуелі мен әлеуметтік желіге бұл жобаны баршамыз іліп әкетіп, қоғам болып қолдау керектігін алға тартып, пікір жаздым. Бәрімізді де ұстаз тәрбиелегендіктен көбінесе көпке үлгі боларлық, талай ғалымдар мен чемпиондарды тәрбиелеген қарапайым педагогтарды насихаттасақ деген ұсыныс айттым. Жазған пікірім көпшілікті бей-жай қалдырмаса керек, көпшіліктің тарапынан қолдау тапты. Түрлі пікірлер жазылды, түрлі ұсыныстар түсті. Нәтижесінде біз ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзамен кездесіп, қоғамдастыққа ұқсас топ құруды ұсындық. Әрине бұл іспен шұғылдануға бізді ешкім мәжбүрлеп немесе ақы төлеп отырған жоқ. Біз өз еркімізбен «100 жаңа есім» жобасын халық арасына кеңінен насихаттап, ұлттық деңгейге көтеру үшін атсалысуға бел будық. Әлеуметтік медиа саласындағы флешмоб толқын деп айтуға негіз бар. 100 күнде 100 кейіпкер туралы жазу, олардың жетістігін насихаттауға тапсырма қойдым. Ол үшін әрине жауапкершілік керек.

Қоғам белсенділері пікір-талас кезінде жобаны көпшілікке кеңінен насихаттау жөнінде түрлі ұсыныстар айтты. Бір адамның тағдыры, оның табысқа жету жолы, үлгі боларлық өмірбаяны талай адамдардың өзгеруіне ықпал етуі мүмкін, сол себепті қарапайым алайда есімдерін халық білмейтін нағыз лайықты тұлғаларды жазу, оларды көпке үлгі ету арқылы атсалысатындықтарын айтты.

Әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы іске асқалы жатқанын білген көршілес қырғыз бауырлар Қырғызстанда «ТОП 100 жаңа есім» жобасын жасағылары келетінін, тіпті қолға алғандықтарын ғаламторға жазған.

«БЮРО 100» бастамшыл тобының мүшелері «100 жаңа есім» жобасын қоғамға насихаттайтын «пиар кеңсе» болайық деген ұсыныс айтты. Пікір алмасқан қоғам белсенділері бұл – жобаны талқылауға бағытталған алғашқы отырыс екенін, алдағы уақытта әлі де жетілдіру жұмыстарын жүргізіп, отырыстар ұйымдастыратынын, әрі ақпарат қоғамға айна-қатесіз жетуі үшін әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы насихаттауды жоспарлады. 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: