«Blade Runner»: премьера алдында бұл фактілерді біліп жүру қажетсіз

2 Қазан 2017, 15:33 1656

Бұл фактілерді білмей кино туралы пікір білдірмеңіз! 

 «Blade Runner» фильмінен кадр © Warner Bros. Pictures

«Blade Runner» - ағылшын режиссері Ридли Скотт түсірген 1982 жылғы фантастикалық көркем фильм. Картина Филип Диктің «Андроидтар электр қойлар туралы армандай ма?» (1968) романына негізделген. Кинофильмнің орысша атауы «Бегущий по лезвию».

Басты рөлдерде Харрисон Форд, Шон Янг, Рутгер Хауэр, Эдвард Джеймс Олмос, Дэрил Ханна, Джоанна Кэссиди, Брайон Джеймс, т.б. актерлер ойнады. Сюжет бойынша Рик Декард есімді детектив – репликант атанған киборгтардың соңына түседі. Оның мақсаты – қашып жүрген репликанттардың көзін құрту.

Қазіргі кезге дейін фильмнің жеті нұсқасы жасалған. Оның 1982 жылғы хэппи-эндпен бітетін түпнұсқасы негізгі нұсқа саналады. Алайда бұл нұсқаны киносыншылар нашар қабылдады, прокатта да күйреді. Ал 1992 жылғы режиссерлік нұсқаны «The Guardian» басылымы тарихтағы ең үздік ғылыми-фантастикалық фильм деп таныды.

Фильмнің негізгі сұрағы «Адам ба, әлде Репликант па?» дегенге келіп саяды. Бұл сұрақты репликанттардың соңына түскен Декард та өзіне қояды. Бұл сұраққа кинофильмді көріп болған көрермен де бас қатырады.

Кейбір киношолушылар визуал эффектілердің кесірінен сюжет желісі көрінбей қалады деп сынады, кейбіріне сюжеттің баяу өрбігені ұнамады, ал тіпті біреулер фильм уақыт сынына шыдас береді деп бағалады.

«Blade Runner» фильмінің трейлері : 

Картина қазіргі кезде культ статусына ие. «Киберпанк» жанрының жарқын үлгісі, неонуар бағытының өкілі деп бағаланып жүр. 1993 жылы АҚШ Конгресі кітапханасының «Фильмдердің ұлттық реестріне» енді.

Ридли Скотт «blade runner» терминін Алан Ноурстың «The Bladerunner» шығармасынан алған. Қазақшаласақ – «Жүзбен жүгіруші» (бұл жерде: жүз – өткір, кескіш бұйымның жүзі) деген мағына береді.

Фильм Ұлыбританияда жақсы қабылданды. Ол Британ киноакадемиясының сегіз номинациясына ұсынылып, үшеуінде – «үздік операторлық жұмыс», «үздік костюм» және «үздік суретші жұмысы» номинацияларында жеңіске жетті. «Оскарға» - «Үздік декорация», «Үздік визуал эффект» секілді екінші дәрежелі номинацияларға ұсынылғанымен, жүлде бұйырмады. 

«Blade Runner 2049» фильмінен кадр © Warner Bros. Pictures

Осы аптада, 5 қазанда фильмнің сиквелі жарық көреді. «Жүзбен жүгіруші 2049» («Blade Runner 2049») деп аталатын жалғасын заманымыздың талантты режиссерлерінің бірі Дени Вильнёв түсірді. Түпнұсқадағы Харрисон Форд өз рөліне қайтып оралды, одан бөлек Райан Гослинг, Дэйв Батиста, Робин Райт, Джаред Лето бар.

Фильмді жалпы прокатқа дейін көріп үлгерген журналистер жақсы пікірлер қалдырып жатыр. Вильнёв өзіне қойылған аса жауапты міндетті сеніммен алып шыққаны айтылады. Сиквел түпнұсқаның әлемін кеңейте түседі, стилистикасы бұзылмаған, визуалдық тұрғыдан ғажап, актерлердің ойыны тамаша деген пікірлер жазылды.

Көрермендер сиквелді көрер алдында біліп алуы қажет тағы бір факт бар – ол хронометраж. Фильмнің ұзақтығы 3 сағатқа жуықтайды (163 минут). Физикалық һәм моральдық тұрғыдан біраз шыдамдылықты қажет етеді.

«Blade Runner 2049» фильмінің трейлері: 

Ернар Бекенов
Бөлісу: