«Әуетакси» қызметі туралы білесіз бе?

3 Қаңтар 2017, 18:10 6942

«Astana Вusiness Аviation» компаниясының басшысы Қайсар Шыныбаевпен сұхбат


– Қайсар, сұхбатымызды «Әуетакси» қызметімен танысудан бастасақ.

– 2014 жылы «Әуетаксиден» бұрын «Astana Вusiness Аviation» компаниясын ашқан едік. Негізгі қызметіміз – әлемнің түкпір-түкпіріне тұрақты және іскерлік рейс­тер бойынша жолаушы тасымалдау. Іскер адамдарға жеке ұшақ жеткізіп, чартерлік рейстер де ұйымдастырамыз. Осы компания жұмысын алғаш бастаған сәтте «Қазақстан ішінде тікұшақпен ұшасыздар ма?» деп сұраушылар көбейді. Осындай сұранысты көрген соң, «Әуетакси» қызметін іске қостық. Негізгі орталығымыз – Астанада. Ал, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларында біздің өкілдеріміз қызмет етеді.

– Демек, осы қызметтің негізгі идеясы сізге тиесілі ғой?

– Иә.

– «Әуетаксиге» қай мезгілде сұраныс жоғары?

– Тіқұшаққа жаз мезгілінде, көктем мен күз айларының басында көп тапсырыс түседі. Алайда, оның техникалық мүмкіндіктері қыста ұшуға қауқарсыз. Сондықтан, күн суық кезде сұраныс азаяды.

– Мені жолаушылардың сіздердің қызметтеріңізді пайдалана отырып, шұғыл түрде қайда ұшып баратыны қызықтырып отыр. Мәселен, мен діттеген жеріме жету үшін жай ұшақпен ұшамын, сондай-ақ, сіздердің қызметтеріңізге жүгіне аламын. Екеуінің арасында қандай айырмашылық бар?

– Әрине, сіз уақыттан ұтасыз. Негізі, біздің қызмет жұмысы қауырт, уақыты тығыз адамдарға арналған. Жай ұшақпен ұшам десеңіз, сіз кесте бойынша ұшасыз. Ал, «әуетаксиге» тапсырыс берсеңіз, ұшу уақытын өзіңіз белгілейсіз. Сондай-ақ, бізге адамдар хал үстінде жатқан туыстарын бір қаладан екінші қалаға тез жеткізу қажет болғанда жиі хабарласады.

– Негізінен, қай қалаларға жиі ұшасыздар?

– Көбіне Бурабайдағы қонақүйге, казиноларға кісі тасимыз. Сондай-ақ, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау секілді жақын қалаларға ұшамыз. Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларында да тікұшақтарымыз бар.
– Елорда маңында ұшу құны қанша?

 15 минуттық ұшу үшін бір орынға 20 мың теңге төлейсіз. Қазір Астанада бір үлкен тікұшақ, екі кішігірім ұшағымыз бар. Үлкен тікұшаққа 10 адам, кішісіне 3 адам сыяды. Қазір  6 орындық тікұшақтар алу үшін келісімшарт жүргізіп жатырмыз.

– Естуімше, қала үстімен ұша алмайды екенсіздер.

– Жоқ, Астана мен Алматыда екі двигательді тікұшақтар қала үстімен ұша алады. Бірақ, оған рұқсат алу оңай шаруа емес.

– Сайттарыңызда «балық аулау», «аңшылық» деген бөлімдер бар екен.
– Иә, балық аулаушылар көлікпен жете алмайтын жерлерге «әуетаксимен» ұшып барады. Ал, аңшылық кезінде тікұшақ мүмкіндігі жеткен жерге дейін төмендейді. Оңтайлы сәт туғанда, аңшылар олжасын құр жібермейді.


– «Әуетакси» арқылы қандай қызықты шаралар ұйымдастыруға болады?

– Бір жолы біз «Сәби сыйлағаның үшін рахмет!» деп жазылған баннер ілінген екі двигательді тікұшақпен перзентхана төбесінен ұштық. Тапсырыс берген жігіт те, оның жары да қызметімізге риза болды. Тағы бірде атыраулық бір жігіт біздің көмегімізбен өзінің сүйіктісіне ұсыныс жасады. Ол кезде ұшу қызметіне қоса ұйымдастыру жұмыстарын да мойнымызға алдық.

– «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне үлкен үміт артып отыр екенсіз.
– Иә, өйткені, көрме кезінде Қазақстанға шетелден көп турист келеді. Қазір біз «Астана конвеншн бюросының» аккредитациясынан өттік. Енді арнайы жоба дайындап жатырмыз.

– Бір әлеуметтанушымен сұхбаттасқанымда, ол «бізге қазір идеал болатын жандар саясаткер немесе әнші емес, кәсіпкерлер болуы қажет. Себебі, кәсіпкерлер – қоғамға пайдасы бар, өз ісін нақты білетін, мемлекетке салығын төлеп, пайда әкелетін, өзгелерге жұмыс беруші азаматтар» деген еді.

– Иә, әлемдік тәжірибеде үлкен деңгейге өз күшімен жеткен кәсіпкерлер – қиындықтың түрлі кезеңінен өткен адамдар. Қазір соған менің де көзім жетті. Осыған дейін де бірталай жобамды таныстырғанмын, бірақ, оларға қолдау болмады. Осы аралықта небір қиындықтарды, демеушілердің құрғақ уәделерін де көрдік.

– Жаңа жоба бастаймын дейтін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастардың көпшілігі жеке кәсіптерін бір жылдан соң тастап кететінін жиі байқаймын. Өйткені, олар жетістікке бірден жеткісі келеді. Оңай ақша еш жерде жоқ. Мүмкін, олар басқа кәсіпті бастауы керек пе еді? Мысалы, мен алғашында медициналық құрылғылар сатумен айналыстым. Бірақ, авиация саласына келгелі жұмысым жақсы жүрді. «Ең бастысы – ақша» деп ойлайтындар қателеседі. Олай емес, ең бірінші – тиімді бастама. Екінші – жемісті нәтижеге сенімің болуы керек. Үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлермен және өзіңе қолдау көрсететін кісілермен көп араласқан жөн. Жеке кәсіп бастағанда кездесетін ең үлкен қиындық – инвестор табу. Стартап жобаңды жүзеге асыру үшін, басыңды тауға да, тасқа да ұрасың. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға жүгінуге болады, дегенмен, мәселе оңай шешіле қоюы қиын. Сондықтан, жас кәсіпкерлер тек өз күшіне сенуі тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Роза Әрен
Бөлісу: